Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:00, 20 Сәуір 2022

Ашық хат

None
None

ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан ҚАРИНГЕ!

ҚР Премьер министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВҚА!

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен  АБАЕВҚА!

Аса құрметті мырзалар!  Сіздердің аттарыңызға осынау Ашық хатты жазу себебіміз қазақ киносында  орын алған  бір келеңсіздікке байланысты еді. Қазақ киносын қаржыландыру саласында орын алған келеңсіздікке байланысты еді. Соның салдарынан бүгінде  қазақ киногерлері  өзара қырғиқабақ қырықпышақ,  алтыбақан алауыз.  Себебі. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік Орталығы 2021 жылы  іріктеп алған киножобалар  әртүрлі себептермен  жыл аяғына дейін созылып қаржыланбай қалды. Яғни, 2021 жылы  іріктеген фильмдер  өндіріске кетпеді. Кешікті. Соның салдарынан 2021 жылы іріктелген киножобалар 2022 жылы іріктелетін жобалармен бірге қайта пикчинге түспек. Бірақ, бұл біріктірілген 2 пикчинг  бір жылдық қаржыны  бөліспек.  Екі жылдың іріктеуі біріктірілгеннен кейін олардың қаржысы  да екі есе көбеюі керек еді. Бірақ,  олай болмады.

Келеңсіздік деп отырғанымыз осы. Бұл көптеген киногерлердің  жұмыс жоспарына соққы болды. Олардың жұмыс жоспары адыра қалды. Сондықтан, жан дауыстары шыға бастады.

Осы келеңсіздікті реттеу тіпті қиын  шаруа емес. Тек Үкіметіміз бірер шұғыл шара қолданса  болды. Ол үшін:

  1. Екі жылдық пикчинг биыл  бір жылға біріктірілгендіктен  оның қаржысы да екі есе ұллғаюы керек.
  2. Кинорежиссура  мамандығын жыл сайын  елімізде екі  ЖОО дайындайды. Бұл артық. Екі  ЖОО  жыл сайын емес, 2 жылда бір рет кинорежиссерлер тобын дайындаса да жетеді. Өйткені, кино қымбат өнер, оларды жұмыспен қамту үлкен қаржыны  қажет  етеді.
  3. Кино қымбат өнер. Бірақ, аудиториясы кең, қалыңбұқаралық өте өзекті өнер. Қараңыз,  жарты ғасыр бұрын түсірілген фильмдеріміздің өзі әлікүнге  телеэкраннан түспей ұлт болашағы үшін  күнде күрес салып келеді. Осы жағдайды халық болып күнде  көріп отырып  «кино өзін-өзі ақтамайды» деп айтуға, астапыралла,  қалай ауызымыз барады?!  Ұлттық киносыз ұлт қалай қалыптаспақ?! Ұлттық кино — ұлттық идеология. Ұлттық киносыз қалу —  ұрпағымызды   шетелдік киносының  қанжығасына байлау  емес пе?!  Ендеше, ұлттық кинодан үнемдеу ұлттың өз қаражатын өзінен, өз болашағынан  үнемдеу емес пе?! Ұлттық киноға салынған қаржы  ұлттық рухқа  салынған қаржы емес пе?!
  4. Ендеше, осынау мәдени- идеологиялық алдаспан өнерімізді қаржыдан қысудың өзі келеңсіздік емес пе?! Бұл салаға жыл сайын бөлінетін қаржыны екі есе көбейтсек те көптік етпес еді.
  5. Әрине, «жылтырағанның бәрің алтын емес». Мемлекет қаржысына түсіріліп жатқандардың  бәрі бірдей көрермен көңілінен шыға бермейді. Ондай шалажансар фильмдер легін көбейтуге ешкім де мүдделі емес. Ендеше, бюджет иесі Үкімет өз мүддесін, ұлт мүддесін ойлай отырып жыл сайын, саналы түрде, ең болмағанда, бір киножобаға «мемлекеттік тапсырыс» мәртебесін беруі керек.  Жалпыұлттық маңызы бар  ондай қымбат киножобаларға  «мемлекеттік тапсырыс» мәртебесін беру ол киножоба авторларына  үлкен сенім мен үлкен  жауапкершілік жүктер еді.  Сонда, біздің Үкіметтің де, қазақ киногерлерінің де жүзі  халық алдында  жарқын болар еді.

Демек, қазақ киносының тағдыры жедел түрде бір салмақты, салиқалы талқылауды қажет етеді.

Тегтер: