Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 03 Тамыз 2023

«Ашық Қазақстан 500+»: Көш-қон саясатына серпін керек

None
None

Былтырдан бері  үкіметте «Ашық Қазақстан 500+» жобасы ашық талқыға түсіп жүр. Осыған орай Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы да қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың хабарлауынша, бұл тұжырымдама аясында  елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» болады.

Атап айтар болсақ, тұжырымдама аясында білім беру саласы бойынша иммиграция шеңберінде  он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу қарастырылған.  Бұл виза арқылы Қазақстанға шетелден білікті мамандарды тартуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуынша, елімізге ең тапшы 500 мықты маманды әкелу үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі екен. Бірінші бағыт осы – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім иммиграциясы.

«Ғылыми-педагогикалық виза арқылы 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады. Соның негізінде Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат, кейіннен азаматтық алу мүмкіндігі қарастырылады» дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы І. Испанов.

Сондай-ақ аталмыш тұжырымдама аясында бизнес-иммиграция бағыты да бар. Бұл арқылы шетелдік қандас кәсіпкерлерге ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «инвесторлық виза» беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген. Әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да тұжырымдамаға сай қайта қаралды. Елімізде ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық визалар беріледі.

Бұдан бөлек, азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Бұл ретте өзге өңірлерге көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын ала пысықталатын болады.

«Ашық Қазақстан» тұжырымдамасындағы тағы бір өзекті мәселе  ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау. Бұған байланысты  отандастарымызға заңгерлік кеңестер берілетін болады.  Қазақстандықтардың қай елде көбірек еңбекке араласатыны ескеріліп, сол елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Болашақта тұжырымдама бойынша жергілікті әкімдіктерге де міндеттемелер жүктеледі. Жергілікті әкімдіктер алдағы уақытта өңірлерінде қандай мамандықтардың жетіспейтінін, қай салаға білікті мамандар қажеттігін електен өткізіп отыруы тиіс.

Баянөлгей өңірінен келген қандасымыз Меңдеш Меңлібаев былай дейді:

«Аталмыш жоба былай қарағанда берері көп тәрізді. Ендігі мақсат осы жобаны сауатты орындауға ынта керек. Қазір қандастар елге келіп алған соң қаншама мәселелермен бетпе-бет келеді. Азаматтық алудағы құжатбастылық. Орыс тілін білмеу, қазіргі Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жаңа бағдарламаларды түсінбеу бізді әуреге түсіреді. Сондықтан үкімет «Бір терезе» қағидатын одан әрі жетілдірсе дейміз. Тіл жағынан құжаттарды қазақшаласа игі еді. Ал абзалында мұндай тұжырымдамалар көші-қон саясатына серпін береді деп ойлаймын».   

Жалпы, аталмыш тұжырымдамаға қатысты сарапшылар да «Ашық Қазақстан 500+» жобасын сауатты қолдана алсақ көші-қон саясатындағы түйткілдер де шешіле бастауы керек деседі. Енді тиісті ведомстволар бұл жобаны сауатты қолдануға барын салса...

Тегтер: