Асылан ТІЛЕГЕН. Ботаникалық бақты аралау
Жазу қашан да – қиын. Не жазсаңыз да, қай түренге салсаңыз да қалам машақаты дегенде әр қаламгер жеке бас азабын, қиындығын, қалай толғанып, қалай еңбектенгенін ұзақ-ұзақ әңгіме ғып айтып беруге бар.
Оған еш күмәніңіз болмасын. Бірақ осы барлық жазудың ішіндегі ең қиыны, солай бола тұра ең қарапайымы – балаларға арнап жазу.
Баланың болмысындай таза, кіршіксіз әлемге тура сондай саф, адал, таза дүние керек. Бала оқып, оны қабылдап, жаттауы тиіс. Біздің әдебиетімізде балаларға арнап шығармалар жазған үлкендер көп. Жастар сирек. Бірақ тұрақты жазып, машықтанған авторлар бар. Бүгін біздің «Шамшырақ» балалар әдебиетіне арналған айдарымыз арқылы Аслан Тілегеннің өлеңдерін оқи аласыздар.
***
Оң болсын деп талабым,
Барыңды біл, жете аңғар.
Ортасында қаланың,
Ғажайып бір мекен бар.
Бәрін баптап, өсірді,
Гүлдерін де, талын да.
Алуан түрлі өсімдік,
Ботаника бағында.
Келгенінде сары күз,
Бақ құлпырар,
Байқайық.
Ал ендеше,
Бәріміз,
Бақты аралап қайтайық.
Кеңейеді танымың,
Атаныңдар нар ұлдар.
Атын,
Сырын бәрінің,
Еске сақтап алыңдар.
Қаржеміс
Көрсең дерсің:
ол рас па?
Пияз сынды түр-өңі.
Жеміс емес, ағаш та,
Бұтаның бір түрі еді.
Бұта ғажап сәнденген,
Болмас оны ұстауға.
Адамға улы болғанмен,
Қорек болар құстарға.
Жемес мұны барлық аң,
Қоян лайық жегенге.
Біздің елде дәл бұдан,
Басқа жерде жоқ өңге.
Арша
Қазақпен дос тегінде,
Оған айтқан бар әні.
Арша өскен жерінде,
Тазартады ауаны.
Асқан кім бар халықтан,
Аршада мән бар депті.
Бүршігінен, қабықтан,
Дайындайды дәрмекті.
Пайдасы көп нешеме,
Түрлі бұйым қашайды.
Арша баяу өседі,
Алты жүз жыл жасайды.
Өгейбұта
Бастағандай жаңа өмір,
Жатқандай-ақ тұтанып.
Көрдіңдер ме, әнебір,
«Жанып тұрған бұтаны».
Ұсақ жеміс тізді өңшең,
Өспейді әрі ұзарып.
Жапырағы күз келсе,
Шыға келер қызарып.
Вирджиния гамамелис
Өсімдіктің тізімі,
Таусылмайтын жыр дейді.
Гамамелис,
Қызығы,
Күз келгенде гүлдейді.
Сырын оның кім білер,
Әбден зерттеп, арала.
Жапырағын үнділер,
Қолданады жараға.
Құнын оның бекерге,
Білмей тұрып түсірме.
Қолданады шетелде,
Опа-далап үшін де.
Шетен
Өспегенмен түп-түзу,
Қарамассың таңғалмай.
Мойынына қып-қызыл
Моншақ тағып алғандай.
Сары,
Қызыл «моншағы»,
Ол –
Шетеннің жемісі.
Оның-дағы бар сәні,
Мұздатқан жөн жеу үшін.
Саналады ардақты,
Жапса көркем жол үстін –
Көп-көп өлең арнапты,
Ақындары орыстың.
Хризантема
Гүл сырын кім түсінер,
Ерек боп тұр қатардан.
Әсемдігі үшін ол,
«Күз патшайымы» атанған.
Сұлу дедік түс-өңі,
Жанға сыйлар жайлылық.
Қытайлықтар ішеді,
Жапырағын шай қылып.
Жөке
Сурет салып жатыр күз,
Ғажайып-ақ
Расында.
Жүріп келе жатырмыз,
Жөке аллеясында.
Тізіліп тұр бірнеше,
Әскерменен пара-пар.
Жөке ағашы гүлдесе,
Хош иісін таратар.
Жиі келсең бұл баққа,
Ұғарсың-ақ сен сырын.
Жөкеден
Бал қылмаққа,
Ара алады мол шырын.
Тасжапырақты күймесгүл
Түрлері көп тіндердің,
Бірдей емес тал-шыбық.
Кейбір әсем гүлдердің
Зияны да баршылық.
Зияндығы күшті аса,
Алыстан бақ неғұрлым.
Күймесгүлді ұстасаң,
Күйдіреді теріңді.
Каролин холезиясы
(Лалагүл)
Көмкергенде дала үстін,
Лалагүлдер не түрлі.
Бұтаның не ағаштың,
Қоңырау секілді.
Магнолия
Бұл қызықты күт, айнам,
Назарында талайдың.
Сәні бопты Қытайда,
Император сарайдың.
Суретшілер көп келмек,
Ақындар көп ынтығар.
Ағаштар да көктемде,
Гүл секілді құлпырар.
Бақтан шығарда
Іс біткендей бір ұлы,
Әңгіме айттық өрелі.
Мына бақтың ғұмыры –
Ғасыр жасап келеді.
Жібермегін қателік,
Мықты –
Нуы бар елдің.
Отырғызды әкеліп,
Түкпірінен әлемнің.
Көруге тек таласқын,
Достарыңа мақтайсың.
Көпшілігін ағаштың,
Басқа өңірден таппайсың.
Жетем десең өр, шыңға,
Болу керек дарынды.
Күтіп-бапта,
Қорсынба,
Аяла өз бағыңды.
КІТАП ПАТШАЛЫҒЫНДА
Қызық әңгіменің басталуы
Емес ол бір елге жат,
Сазы бөлек ән дермін.
Әлемдегі ең ғажап,
Шаһар көрдім,
Сән көрдім.
Сүлейменнің жүзігі,
Қызық боп па шынында?!
Дүниенің қызығы –
Кітап патшалығында.
Заман да емес көнерген,
Болашақ та демейін.
Назар салсаң, өлеңмен
Баяндап-ақ берейін.
Патшалық ол!
Бағала!
Таңданарсың ес кетіп.
Сарайларды арала,
Кітаптарды еске тұт!
Халық мұрасы сарайы
Сақтап келген ел оны,
Аңыздың бар расы.
Ең алдымен керегі –
Халықтың бай мұрасы.
Міне, осы – бастаулар,
Сусын болған талайға.
Ертегілер, дастандар,
Бәрі сол бір сарайда.
Ғажабы ол ғажаптың,
«Алпамыс» тұр тұғырда.
Батырлығы қазақтың –
«Қобыланды жырында».
Керек кезде жаңылған,
Аяламас оны кім?!
Шығармайтын жадыңнан,
Мақал-мәтел – серігің.
Дәл бұлардай дос тапшы,
Бәрі осында сыйғаны.
Талай сырды ашпақшы,
«Шешендік сөз» жинағы.
Алаш мұрасы сарайы
Түрлі кітап –
Көк,
Сары,
Таңдантса да талайды.
Патшалықтың жоқ сәні,
Жырларынсыз Абайдың.
Серігің ең сенімді,
Алтынсарин тұмары –
Қандырады шөліңді
Бастау – «Таза бұлағы».
Аттама деп ала жіп,
Жырға толған құшағы.
Өміріңе мол азық,
Ахметтің «Мысалы».
Бұл – бастаулар тұмасы,
Шөлін басар көп жанның.
Балаға мол мұрасы,
Әлиханның,
Мағжанның.
Қарығады-ақ жанарың,
Көре білсең, бұл – жақұт.
Көзін ашқан баланың,
Сұлтанмахмұт,
Міржақып...
Қазақ әдебиеті сарайы
Керек «кені ақылдың»
Санаға нақ саңылау.
Жыры Қадыр ақынның –
Ғажап «Күміс қоңырау».
Мынау бақта көп ағаш,
Асықпай кез шалқып бір.
«Жабайы алма» аралас,
«Жусан исі» аңқып тұр.
Балалардың таңдауы,
Керек кітап біз атар –
Бала жыры бағбаны,
Әлімбаев Мұзафар.
Тұмағаң да таң қылған,
Жырын оқы бәрін ап.
Әбдірашев қалдырған –
«Шежірелі шаңырақ».
Сарайлардың шырағы –
Алуан түрлі көп ғажап.
Көкке шапшып тұр әні,
«Тортай мінер ақ боз ат».
Күлдіріп, бір мұңайтып,
Қара бала өзі әлек –
Қызықтарын тұр айтып,
«Менің атым Қожа» деп.
Менмұндалап жатқаны,
Сыр ашуға бекіген.
Қызығына бат, қане,
Бірін ал да шетінен.
Әлем әдебиеті сарайы
Құрыш қалай шынықты?!
Крузо қалай жол тапты?
Дию бастар бүлікті,
Тапқан еркек қорқақты!
Міне, қызық, кім-кімге өш?!
Кім шықпақшы тұғырға?!
Аты неге Дымбілмес,
Түк білмей ме шынында?!
Елеңдеулі құлағы,
Білмегендей бұлай түк.
Хәрри Поттер тұр әні,
Шым-шытырық сыр айтып.
Қызықтасаң әр күні,
Енерсің-ақ еміне.
Шақырмақшы барлығы,
Ғажайыптар еліне.
Патшалықты іздеу
Патшалық – ол,
Нұрлы өлке,
Қызығы да, сыры көп.
Естігенше мың мәрте,
Көрген дұрыс бір рет.
Батыр да көп, бұзық сан,
Орман, тайга, теңіз көп.
Патшалыққа қызықсаң,
Оны өзің де көр іздеп.
Сол шаһарда бар асыл,
Сұрама оны кісіден.
Оңай тауып аласың,
Мектебіңнің ішінен!
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МУЗЕЙІНДЕГІ
АШЫҚ САБАҚ
Ұстаз –
Менің,
Сенің де,
Қарыз бәрі
Досың да.
Алматының төрінде,
Ахаң тұрған осында.
Жоқ демен үй иесі,
Музейді жөн аралау.
Ахаң тұрған үй осы,
Ахаң кезген бақ анау.
1. Сапаралды
Араласаң аз-ақ күн,
Көз жеткізбес заңғарлар.
Даласында қазақтың,
Иір-қиыр жолдар бар.
Тау тұлғаң бар не түрлі,
Жарасады мақтансаң.
«Абай жолы» секілді,
Ұлы жолдар көп қанша!
Боран,
Аптап,
Аңызақ,
Қарт төбе мен бала қыр –
Ахаң жүрген жол ұзақ,
Ахаң жүрген жол ауыр.
Зерек болғын сөз аңсар,
Бағыт анау таңдарға –
Мықтап қара, назар сал,
Ахаң жүрген жолдарға.
2. Алғашқы іздер
Күллі Торғай атырап –
Алаштың бір тамыры.
Ахаң туған топырақ –
Сарытүбек ауылы.
Қолдап оның кесімін,
Басатұғын алға аттап –
Байтұрсынның есімін,
Жүретін жұрт ардақтап.
«Қор қылман, – деп, – басымды».
Оязды ұрды бір өзі.
Сол күн Сібір асырды,
Оның қайтпас мінезі.
Қалды аңырап қанша жан,
«Ұлтшыл» деген атты алды.
Он үшінде ол содан,
Тірі жетім боп қалды.
Заман өзге, заң басқа,
Ұқты Ахмет дерегін –
«Қараңғы» боп қалмасқа,
Білім алу керегін.
3. Ілім жолы
Әкені ұзақ күтулі,
Тәртіпті боп көп-көрім.
Үздік оқып бітірді,
Орынбордың мектебін.
Заман қилы құбылды,
Болу үшін биігірек –
Қызыққан бар ілімді,
Санасына құйды кеп.
Оқу оқып күнбе-күн,
Жазып жүрген жыр шағы.
Ұстаздық қып білгенін,
Балаларға жұмсады.
4. Ағарту жолы
Бастады Ахаң ұлы істі,
Түссе де азап торына.
Жанын сала кірісті,
Елді ағарту жолына.
Ахаң ісі болмаса,
Болмас еді алып күш.
«Қырық мысал»,
Ол – «Маса»,
Ол – «Әдебиеттанытқыш».
Қолға жарық шам алды,
Ұғып жолдың тұйығын.
Ол атасы саналды,
Қазақ әліпбиінің.
Белін буып,
Нық тұрды,
Ұлт үшін деп таласты.
Қаламымен ұқтырды,
Азаттығын Алаштың.
Ел жетсе деп жақсы атқа,
Өтеу үшін қажетін.
Елдің көзін ашпаққа,
Ашты «Қазақ» газетін.
Қақпан құрып өкімет,
Ағартудың жолына.
Соған мүлде бекімек,
Кісен салды қолына...
5. Тар жол, тайғақ кешу
Қазақ анау қаңтарған,
Шырқай алмай өз әнін.
Ахаң ба еді тартар жан,
Абақтының азабын?!
Зұлымдықта жоқ сана.
Ахаңның көп арманы –
Азапталып жатса да,
Жазуынан танбады.
Азғындықтың жолы кең,
Бәрі өшуге айналды.
Әкесінің жолымен,
Өзі бір күн айдалды.
Бар үміті тоналды,
Сенімі өшіп ақырғы.
Қазақ үшін қамалды,
...Алаш үшін атылды.
6. Даңғыл
Ұлы дала,
Тау,
Тасы,
Сүйіндірер ғажапсың!
Ахаңдардың арқасы,
Егеменсің,
Азатсың!
Жол болса да басқа игі,
Көп қинайды сірі жер.
Түзу жолға бастайды,
Ахаң салған ұлы жол.
Ұлт ұстазы жол ашты,
Сол ізбен жүр,
Таңғалдыр!
Адастырмас Алашты,
Ахаң салған жол даңғыл!
ЖҰМБАҚ ҚАЛАЛАР
(Мұғалім жұмбақтарды жасырады. Жауабын тапқан оқушы қол көтеріп, жауап беруі тиіс)
Халық қалап,
Көш ұлы –
Қала болды шешімі.
Мағжан атам жазғандай,
«Екі дүние есігі».
(Түркістан)
***
Бұл қаланың сыйы осы –
Ұнар көпке жүйесі.
Елімдегі алғашқы,
«Үлкен көпір» иесі.
(Семей)
***
Толықтырар шаһарым,
Көне қала қатарын.
Облыс атауы атында,
Әйгілі ақын атаның.
(Тараз)
***
Көшесінен көрікті,
Мұнайшы көп жолықты.
Былтыр ғана бұл қала,
Елу жасқа толыпты.
(Жаңаөзен)
***
Ару қалам – аялы-ақ,
Көп таңғалдым аралап.
«Ханшатырда» ойнадым,
«Бәйтеректі» саялап.
(Нұр-Сұлтан)
***
Көксіз, талсыз айнала,
Қала екен-ау жәй ғана.
Есесіне бәрінен,
«Қара алтынға» бай қала.
(Атырау)
***
Ғимараты не түрлі,
«Көне музей секілді».
Іздер болсаң картадан,
Батысқа бұр бетіңді.
(Орал)
***
Жағалай кеп Ертісті,
Бұл қалаға жол түсті.
Әуе, темір, өзеннің
Жол торабы ең күшті.
(Павлодар)
***
Алюминий, көмірі,
Өндірісі көп ірі.
Ең алғашқы мектептің,
Бой көтерген орыны.
(Арқалық)
***
Жақын мекен алысқа,
Тіпті сонау Марсқа.
Бұл қалада тұрып-ақ,
Кетем ұшып ғарышқа.
(Байқоңыр)
***
Ұлар құстың аты аңыз,
Мекенісің,
Аталы із –
Басын қосқан үш жүздің,
Абылай хан атамыз.
(Ұлытау)
ЖҰМБАҚ ӨЗЕНДЕР
Қос өзеннен бірікті,
Анау қырғыз ойында.
Қазақ хандық құрыпты,
Осы өзеннің бойында.
(Шу)
***
Ағар қанша дала көріп,
Балығы ойнар тап балақтан.
Көлге дейін Қара болып,
Көлден кейін Ақ боп аққан.
(Ертіс)
***
Жай жылжиды ақпай қатты,
Жағасын құм көп байлапты.
Мұғалжардан бастау алып,
Каспийге сәл жетпей қапты.
(Жем)
***
Жағасында құрақ, кіл шөп,
Тасуында – еркелігі.
Ал аңызға құлақ түрсек,
Қарт Алтайдың тентек ұлы.
(Ертіс)
***
Ол туралы ән керемет,
Көрсең, айтып әр бере кет.
Баяу ғана тербеледі,
Елорданы сәнге бөлеп.
(Есіл)
***
Жағасы аппақ көбік кіл,
Сусындап тұр өрік, гүл.
Қарап жатпай бұл өзен,
Қос құрлықты бөліп тұр.
(Жайық)
***
Тасып тұрған күш-ағынмен,
Түстігімнен жолықтырғам.
Сенсің арнам, құшағың кең,
Аралға нәр беріп тұрған.
(Сырдария)
***
Бойында төрт қаламды,
Іске бөлеп табанды.
Суғарып тұр жаз бойы,
Дән жайқалған даламды.
(Тобыл)
***
Көкорайы, гүл өзегі,
Су қоймасы міне жері.
Балқашыма құйып тұрған,
Жетісудің ірі өзені.
(Іле)
***
Бұдан қанша жыл бұрын,
Жайыққа кеп құйыпты.
Облысты үш бірдей,
Жалғыз өзі ұйытты.
(Ойыл)
***
Бұл өзеннің атауы,
Көне тайпа атында.
Шәмші атам ән жазып,
Жыр арнаған ақын да.
(Арыс)
***
Қос облыс өңірін,
Өзіне тартып тұр.
Қорғалжын қорығын,
Суменен қамтып тұр.
(Нұра)
***
Құрағы көп жағасында,
Таққандай-ақ дала сырға.
Қос бұрымдай қатар жатыр,
Еділ, Жайық арасында.
(Қараөзен мен Сарыөзен)
***
Шығысымда кәрі-жасымен,
Еңбек қылып жар басымен –
Егінді де суарады,
Ағаш тасып арнасымен.
(Бұқтырма)
***
Хантәңірі жұрты бұдан,
Суын ішіп, қанып жатыр.
Бір қызығы, төмен жақтан,
Жоғарыға ағып жатыр.
(Текес)
***
Жырау айтқан тамсана,
Ағысын көріп кешегі.
Тау мен тасты жарса да,
Аядай бұлақ деседі.
(Аягөз)
***
Артына із тастап ағып,
Көпке мойнын иіп жатыр.
Қазығұрттан бастау алып,
Шардараға құйып жатыр.
(Келес)
***
Оның үнін даласы да,
Жатады екен тыңдап аспан.
Ілияс ақын жағасында,
Өмір бойы жырға қосқан.
(Ақсу)
***
Жар басында тәп-тәтті өрік теріп,
Жағасында шаһармен жолық келіп.
Аумағы бір-ақ тұтам болса-дағы,
Алматыға жатыр ол көрік беріп.
(Есентай)
АЙТЫС. ИНСТАГРАМ&ТИК-ТОК
(Тәрбие сағаты)
(Айтысқа ұл мен қыз шыққан тиімді. Ұлдың үстінде инстаграмның суреті, ал қыздың үстіне тик-токтың суреті жабыстырылады. Домбыраны бір шертіп қойып, айтыса беруге болады)
Инстаграм:
Әділдікті жебе ғып,
Халық айтар төрелік,
Амандасып алдымен,
Елге сәлем берелік!
Сөзің болып тұрса кем,
Сөгер едім, ұрсар ем.
Тик-токтайын телмірген,
Қарсыласқа бір сәлем!
Тик-Ток:
Сәлеміңді алайын,
Жырдан маржан тағайын.
Инстаграм ағамның,
Шаңын қағып алайын.
Шаба алмассың, желерсің,
Алдыңда бар нелер шың.
Мықты болсаң сөзімнен
Сүріндіріп көрерсің.
Инстаграм:
Жекімеуші ем кішіге,
Алсаң мұны түсіне:
Сөзің дұрыс болғанмен
Сай келе ме ісіңе?!
Жиретесің нелерді,
Үйретесің нелерді?
Балалардың барлығын,
Билетесің сен енді.
Тик-Ток:
Қыдырымпаз сен едің,
Ішіп-жеу де – керегің.
Инста-аға, өзіңді,
Судан таза демегін.
Жегенді де жүктейсің,
Ішкенді де жүктейсің.
Шұғылданып спортпен,
Неге өзіңді күтпейсің?
Инстаграм:
Бұрар маған бүйрегі,
Түздегі мен үйдегі.
Сенің айтқан спортың,
Дарақылау би ме еді?
Аға боп дән мен егіп,
Іні болып сен еріп.
Бет жыртыспай бекерге,
Мәмілеге келелік.
Тик-Ток:
Сөзің болса жеткізер,
Ақиқатты өткізер.
Аға қалай жүрсе егер,
Іні солай бет түзер.
Бізден кімдер безінді,
Кімдер нені сезінді?!
Көп алдында айтарсың,
Мәмілелі сөзіңді.
Инстаграм:
Талайды алтын сандыққа,
Әсемдеп-ақ салдық та.
«Жұлдыз» қылған шығармыз,
Адам қыла алдық па?
Жеңді жөндеп түрелік,
Білімсіз жан – тірі өлік.
Енді ғылым-білімді,
Насихаттап жүрелік!
Тик-Ток:
Қосыламын оныңа,
Түсем және жолыңа.
Түсірмейік баланы,
Алдамшының торына!
Білімді жан тоқ дейді,
Тәртіппен ел көктейді.
«Тек-тек» деген сөз болса,
«Тик-Ток» болып кетпейді.
ЖАҢЫЛТПАШТАР
Таңбалы тас па,
Тамғалы тас па?
Таңба қалдырған,
Таудағы тасқа.
***
Рамазан Рауанға рас айтып тұр,
Рауан рақметін қоса айтып тұр.
***
Аппақ қар – ақпан әні,
Ақпанның ақ парағы.
Қалауынша мақтанады,
Қалаған аққаланы.
***
Саламат самокатын сабаққа ап барды,
Сабаққа дейін сағатын санап-ақ барды.
Саламат сыныпқа кірді,
Сарылып самокат қалды.
***
Оразгелді оңаша отыр,
Ораманы мол асап отыр.
***
Оразбек Оралдан оралды,
Орынбек орманнан оралды.
Оралға Оразбек оқуға барды,
Орманға Орынбек отынға барды.
***
Таңат Тарбағатайдан,
Талап Талдығайтыдан.
Тарбағатайда тау бар,
Талдығайдан тал бар.
Алмарасанға,
Таңда барсам ба,
Алмасын
Арбаласам ба,
Дорбаласам ба?!
***
Алмат алматылық,
Алды алма тіліп.
Алма да алматылық,
Алмат та алматылық.
***
Көктөбе көп төбе ме,
Төңгерген көк тегене.
Тер төгіп шыға алмасаң,
Төбеге өкпелеме.
***
Самғат Саяхатта сайран сап жүр,
Сайранда Сайлау сақ жүр.
***
Демеу Медеуге дереу кетті,
Дереу кеткені
Елді елеңдетті.
***
Көкжайлау – төр жайлау ма?!
Өр жайлауға көктемде бар,
Салып ап «Ой, жайлауға».
***
Тастақтан тас тасығанша,
Таудан тас тасы.
Тастақтың тасы батпақты,
Таудың тасы қатты.
***
Таудан аққан тастай бұлақ,
Келер сайдан аспай құлап.
***
Бұтақтыға барсаң деймін,
Бұлағына қансаң деймін.
Бұтақты бөктерде,
Бұлағы тек төрде.
***
Айнабұлақтың бұлағы қайда,
Жайқалған құрағы қайда?!
Айнабұлақта бұлақ та жоқ,
Құрақ та жоқ.
Жауабы жоқ сұрақ та көп.
***
Боралдай ма,
Бұрұндай ма?!
Атауы бірыңғай ма?!
Реті табылар ма,
Келтірер бір ыңғайға?!