Асылбек Қараев, заңгер, саяси құқық қорғаушы: Шерзаттың өліміне бәріміз кінәліміз
Алматы облысы Талғар ауданындағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғам арасында резонанс тудырды.
Жасөспірімнің қазасынан соң «Талғар криминалды аудан, сотта әділдік жоқ, полицияны жемқорлық жайлаған» деген сынды ақпараттар желдей есті. Jas Alash YouTube арнасы осы оқиғаға байланысты заңгер әрі саяси құқық қорғаушы Талғардың тұрғыны Асылбек Қараевпен сұхбаттасты.
– 16 жастағы Шерзаттың өлімі Қазақстан бойынша резонанс тудырды. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ата-анасының дер кезінде мәліметтер беруі, екіншіден, қоғамның да бұған бірден қарсы реакция танытуы. Әйтпесе, мұндай оқиғалардың болып жатқанын интернеттен естіп-көріп жатамыз. Тағы бір себебі – құқық қорғау органдарының уақытында тергеуді жүргізбегені қоғамның наразылығын тудырды. Бұл іс жайдан-жай орын алған жоқ. Халық айтып жатқандай, «ОПГ» мен тағы басқалар Талғар ауданында көптен бері жиналып қалған күрделі мәселелер.
– Шерзаттың видеосы тараған соң ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов «Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ» деп мәлімдеді. Бірақ әлеуметтік желідегі хабарларға және Талғар тұрғындарының сөзіне қарағанда, бұл ауданда «ОПГ» бар сияқты. Өзіңіз осы жердің тұрғыны ретінде не айтасыз?
– Бұл сұрағыңызға жауап беруден бұрын ҰҚТ-ның (ұйымдасқан қылмыстық топ) не екенін біліп алуымыз керек. Қарапайым тілмен айтып өтейікші, орысша айтқанда, «ОПГ» Талғарда бар. Бәрімізде сол қалада тұрып жатырмыз. Бала өсірдік. Олардың өмірінде өткен оқиғаларды, көршілерден естіп жатамыз. Бірақ қылмыстық топтың белең алып кеткеніне билік өкілдері кінәлі. Өйткені кез келген мемлекеттің басқару механизмі болады. Бұл жағдай Талғар ауданы басшылары, құқық қорғау органдары мен депутаттарының дұрыс жұмыс істемегенін көрсетеді. Ұйымдасқан қылмыстық топ дегенде біз әділет министрлігінде тіркеліп, қолында қаруы бар, бірнеше көлікпен жүретін топты айтатын болсақ, ресми органдар ондай топты «жоқ» деп айтатын шығар. Бірақ «ауруын жасырған аңдамай өледі» дегендей, олардың айтпай жасырған себебі – саяси тұрақтылықты сақтау үшін, «жоқ» деп халықтың ішіндегі дүрбелеңді басуға мәжбүр де шығар. Алайда халық әділдікті күтіп отырған жерде жасыру дұрыс емес. Жасыру деп не үшін айтып отырмын? Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовті танимын. Ол – жақында ғана Алматы облысы полиция департаментін басқарған адам. Сондай деңгейдегі адамның «жоқ» деп айтуы – лауазымына жараспайтын және құзырына жатпайтын дүние. Өйткені тергеу енді басталды. Бастала салысымен «ОПГ» жоқ» деп айтуға көріпкел болмаса, басқаның шамасы келмейді. Ал Әленов мырзаны танимын, оның көріпкелдік қасиетін көрген жоқпын. Сондай лауазым иесі мұндайды белгілі бір мақсатта айтты деп ойлаймын. Қылмыстық топты халық айтып отыр. Соны әшкерелейтін құқық қорғау органдары қайда?! Біз басынан-ақ көріп отырғанымыз – қылмыстың нәтижесі ғана. Шерзаттың әкесі Қаржаубай мырзаның «әділдік болатыныа сенбеймін, елден кетемін» деп жатқаны да сол себеп. ҰҚТ-ның бірнеше сипаттары болады. Ол топ қаруланған, мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста, топ мүшелері бір жерден қаржыландырылуы керек. Осы белгілердің барлығы Шерзаттың өліміне қатысты айтылды. Ал енді Қаржаубай айтқан «Шиканы» құқық қорғау органдары таба алмай жатырмыз деуінің өзі ақылға сыймайтын дүние. Әшейінде, белсенділерді тырп еткізбей тауып алатындар, телефонның бәрін тыңдайтындар қалайша оны ұстай алмайды, қалайша оны анықтай алмайды, қалайша оны іздестіруде деп айта алмай қалды? Мұның барлығы күмән тудырады. Оның барлығын халық қылмыстық топ деп түсінеді, Талғар қаласының тұрғыны ретінде мен де солай түсінемін. Қылмыстық топ өздігінен жүрмейді, жастардың тілімен айтқанда, оларды еркінсітіп қоятын «крышалары» болады. Сондықтан оны «жоқ» деп мәлімдесек жалған. Нәтижесін көріп отырмыз. Интернет желісіне де осыған дейін болған қылмыстық оқиғалар шығып жатыр.
– Әленов мырзаның мәлімдемесіне келейікші. Ол қылмыстық топ «жоқ» деп мәлімдеді. ҰҚТ болуы үшін олар ұйымдасып, бірнеше қылмыс жасауы керек. Журналистер жазды. Ұсталған күдіктілердің үшеуі бірнеше рет істі болған екен. Бірінде адам өлтірген, үш жігіттің біреуі ғана қамалған. Тағы бірінде адамның аяғынан пышақтаған. Бірінде адамның басынан бөтелкемен ұрған. Осындай олардың ұйымдасып, бірнеше адамды ұрып-соғу фактілері тіркелген. Енді осыны ішкі істер министрлігі білмей қалды деп ойлайсыз ба? Неге бұл жігіттер Талғарда жиі қылмысқа барады, бірақ қамалмайды?
– Оның да бірнеше себебі бар. Әленовтің асығыс мәлімдемесі тергеудің толық жүрмей жатқанын білдіреді. Оларды соттаған судьялардың өздері кейінгі кезде жауапкершілікке тартылып жатыр. Келімсейітов пен Ілиястың өздері тамыз айында жемқорлықпен ұсталды. Сондай судьялардың өзін соттаса қандай әділдік болады бұл жерде. Оның үстіне, министрдің өзі соларды зерттемей, Шерзаттың өлімімен күдіктілердің бұрынғы істерін байланыстырмай, оларға анализ жасамай, қалай «жоқ» деп айтуға болады? Шерзаттың оқиғасына байланысты жіті қарайтын тұстары өте көп. Полицияның дер кезінде келмеуі, ертесіне күдіктілерді толықтай құрықтамауы, т.б. Заңгер ретінде айтайын, бір жерде қылмыс орын алса, бірден жедел топ барады. Жедел топтың әрекетіне қарай кейінгі тергеу де солай жүреді. Жедел із кесу шараларын сол кезде істесе, күдіктілерді сол уақытта ұстап, жеке камераға қамауы керек еді. Біз нені көрдік? Олардың тек әрекетсіздігін ғана көрдік. Шерзаттың оқиғасын бір бөлек, сол жерді тексергендерді бір бөлек тергеу керек. Кейін екеуін байланыстыру қажет. Өйткені шым-шытырық оқиға болып кетті. Тергеу құпиясы бұзылып, не мақсатта көрсеткенін білмеймін, «Қаржаубайдың қолында пышақ бар екен, мына жері жоқ, баланың өзі ұрыпты» деген сөздер айтылып жатыр.
Іздестіру жұмыстарының дұрыс болмағанынан ата-анасы көшеге шықты. Адам жайдан-жай наразылыққа шықпайды. Айқайлап, наразылық білдіргеннен кейін, екі келіншекті қамасын деген талап қойғаннан соң ғана енді-енді санын толтыру үшін бе білмеймін, адамдарды қамап жатыр. Оқырмандарға түсінікті болу үшін тағы да айта кетейін. Ауданның полиция бастығы Күнтүнов мырзаның басында «видеокамерадағы материалдар өшіп кетті, мылтық Қаржаубайдікі екен» деп айтатындай кім ол? Әділетті полициядан іздейтін болсақ, соны айтып тұрған полиция басшысы кім?! Ол «акцентпен бір жігіт келді» деп айтылып жатқанда, соны іздеудің орнына, керісінше, жасыруға тырысқан адам деп ойлаймын.
Оның барлығын тергеушілер тергеп, алдында да қылмыс жасапты, бірақ жеңіл құтылып кетіпті деп тексере келіп, топ дегенді шығаруға болар еді. Әленовтің мінберден тұрып, «ОПГ» жоқ» деуі – заңгерлердің ғана емес, халықтың ақылына сыймай жатыр. Сен алдымен іздестіру жұмысын істе, сол елді мекендегі басқа да оқиғаларды бір-бірімен байланыстыр. Пышақпен келіп, қарумен келіп, әңгіме шешу масқара ғой. Тағы да бір рет емес, бірнеше рет осындай жағдай болып отыр. Ананың құшағында жатқан баланы, бауырын пышақтап жатыр. Бұл адамның миына қонбайтын дүние. Мұндай жағдайда жерге кіріп кететін басшысымақтар не айтып отыр?! Халық қазір ақымақ емес, халықтың көзі ашылған. Осының кесірінен халықтың сенімі жоғалған. Әділетті қоғам, Жаңа Қазақстан орнатамыз деп, өз ауруымызды өзіміз жасырып отырсақ, қандай құқықтық ел боламыз?!
– «Талғар ауданы криминалды, бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай» деген ақпарат тарап жатыр. Талғарда осындай оқиғалардың болуымен бірге, «бәрін бармақ басты, көз қыстымен шешіп кете береді, полицияны жемқорлық жайлап кеткен» деген сөздердің шындығы бар ма?
– Шындығы, әрине, бар. Қазақстан бойынша да небір әділетсіздіктерді көріп жатырмыз. Кешегі пресс-конференцияда талғарлықтарды тыңдадыңыздар. Әкімнің өзі «пәленшені қама» деп айтуға қандай құқығы бар? Әкімнің сөйтіп айтып отырғаны – лауазымын асыра пайдалану, қылмыс. Соны көріп тұрған облыс басшылары, прокурорлар қайда қарап отыр? Мемлекеттік қызметкерлер «арыз түссін, сот шешеді, соттың шешімі шықты, сен де оңбаған екенсің» деген сияқты құтылып кетеді. Жаманды-жақсылы заңдарымыз бар. Интернетке, БАҚ-қа шыққан ақпарат міндетті түрде тексерілуі керек. Бірақ неге тексермейді? Кейде ойлаймын, осы ұйымдасқан қылмыстық топтың өзі жоғарғы жақта, лауазымды қызметтерде отыр ғой. Себебі оларда сұхбаттың басында айтып кеткен сипаттардың барлығы бар. Мемлекеттік қызметкерлер бірін-бірі жақтау керек. Егер мемлекеттік қызметкердің бірі қылмыстық іс жасады десеңіз, полицияңыз, антикорыңыз, прокурорыңыз үнсіз тұрса, сотың ақ екен десе, әкім соттың шешімімен мен «ақпын» деп отырса қалай? Мысалы, кешегі пресс-конференциядағы Бақтығали ағамыздың ісі бойынша, керісінше, менің ар-намысыма тиді деп шағым айтып барған адамның өзін әкім сотқа берген. Қазір ол кісінің өзін емес, жұбайы – жетпістен асып кеткен Нағманова апамызды сотқа беріп жатыр. Әкімге сен проблемамды шешіп бер деп барасың, ол сені сотқа береді. Сонда қандай мемлекет болдық? Сондықтан мен ұйымдасқан қылмыстық топ басшылықта отыр деп есептеймін. Өйткені олардың қаруланған полициясы, прокуроры, соты соған көмектеседі. Ұйымдасқан ба?! Ұйымдасқан!!! Қаржылары жете ме? Жетеді! Облыстағы соттан жеңіліп қалдық. Әрине, меніңше ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы шығу өте қиын, ал мемлекеттік деңгейдегі сондай істеп отырған лауазымды адамдардың ісіне қарсы тұру он есе қиын. Сондықтан мен Қаржаубайдың сонша шырылдап жатқанын жақсы түсінемін.
– Қаржаубай мырза Jas Alash youtube арнасына сұхбат берген кезде «түрмеден Еркош звондады» деді, одан кейін Хасан сұхбатында «менің қылмыстарға еш қатысым жоқ» деді. Бұдан соң журналистер зерттеу жасап, Хасан мен Нұрқиястың Іnstagram желісінде дос екенін анықтады. Ішкі істер министрлігі «Хасанның бұл іске қатысы жоқ» деп жауапқа тартылмайтынын мәлімдеді. Заңгер ретінде айтыңызшы, жалпы осындай жағдай біреудің басынан өтсе, құқық қорғау органдарының тарапынан тексерілуі керек пе?
– Әрине, тексерілуі керек. Марқұм Шерзаттың өлімі болса, жай уақытта осындай қылмыстық топ бар десек, тексерілмейтін де еді. «Не айтып тұрсың?» деп, артынан қылмыстық топтың мүшелері де сөйлесуі мүмкін. Біз аты аталған Хасанның немесе басқаның бұл іске қаншалықты қатысы барын білмейміз. Оны тергеу анықтайды. Талғардың тұрғыны ретінде Хасанды танимын, ағасы Асланды да танимын. Інісін танымаймын. Енді олардың қылмыстық іске қаншалықты қатысы барын білмеймін. Ал бұл іске байланысты иә, тексеріп, тергеу керек. Мүмкін басқа да мәліметтер шығып кететін шығар. Бірақ мына істе «Шерзатты бүйтіңдер» деп ол бұйрық бере алмайтын да шығар, білмейтін де шығар. Оны енді тергеу анықтайды. Бірақ Талғардағы тыныштықты орнату үшін министрі, әкімі, құқық қорғау органы бар – бірігіп жұмыс істеуі қажет. Осы жерде тағы бір айтылатын нәрсе, кешегі басқосуда әкімшіліктен титушкалар келгенін көрдіңіздер. Менің ескертуімнен кейін олардың кейбірі қашып та кетті. Талғарда атышулы Оразхан Қаспақбаев дейтін әкім орынбасары бар. Аудан әкімі Таңат Айдарбеков ешқандай шара қолдана алмайды. Неге? Себебі егемендік алғанымыздан бері тамыр-таныс, сыбайластық, «анау ананың көкесі» деген сөз әлі де бар. Әлі аудан басшысы ретінде орынбасарын орнына қоя алмайды. Өйткені оның таныстары одан жоғары шығар. Тағы бір орынбасары Әнуар Әскербековті де орнына қоя алмайды. Оның да көкелері бар.Содан кейін барлығы сыбайлас болмағанда не болады? Қылмыстық сипаттағы ұйым емей енді не? Сондықтан Шерзат ісінде аты аталғандарды тергеу анықтау керек. Бірақ анықтайтын тергеуіміздің түрі анау. Құқық қорғау басшыларының айтып тұрғаны мынау. Мен күмәнмен қараймын. Шерзаттың өлімі бойынша 5-6 адамды жазалайтын шығар, бірақ «қылмыстық топты құрықтайық, болашақта бұларды орнына қояйық» деген жұмыс, әй, жүрмейді-ау.
– Талғар қаласы әкімі қызметінен кетті. Аудан аппараты басшысы да қызметінен алынды. Бірақ неге бұл жағдайда аудан әкімі мен орынбасары тек сөгіспен ғана құтылады? Аудандағы былыққа негізгі жауапкерлер сол басшылар емес пе?
– Номенклатура деген дүние бар. Ол бойынша қылмыскер сияқты Талғар қаласының әкімі мен орынбасарын теледидардан көрсетіп, қызметінен кетірді. Меніңше, бұл – халықтың ашуын басып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін істеліп жатқан дүние. Олар қаланың ғана әкімі.
– Олар ештеңе шешпейді ғой...
– Өзіңіз де біліп отырсыз, олар ештеңе шешпейді. Ары кетсе, учаскелік полиция қызметкеріне бірдеңе айтатын шығар. Аудан полициясына, прокурорға тапсырма беріп, «былай істеңдер» деп айтатын олардың дәрежесі де, лауазымы да жетпейді. Халықтың ашуын басу үшін оларды жұмыстан алды. «Қызметтен қуылды» деп жатыр ғой, меніңше, олар өз еріктерімен кеткен де болуы мүмкін. Одан басқа кімді жауапкершілікке тарту керек дегенде аудан басшысы сөгіспен құтылуы мүмкін емес. Қоғамның да «оның не қатысы бар?» деп айтатыны бар. Бірақ бұл олардың лауазымдық міндеттері. Қаржаубайдың туыстары жолды жабамыз дегенде аудан басшылары оларға «жүріңіз, облыс әкімінің алдына кіргізейін» дейді. Сонда облыс әкімі Сұлтанғазиев Қаржаубайдың баласын тауып бере ме?! Бұл не сөз?! Егер біз шетелде тұрсақ, мұндай істі тергеуге тапсырып, өз ісімізбен айналысып жүре беретін едік. Ал Қазақстанда неге көбісі басылып қалады? «Оларға әліміз келмейді» деп сенбейді? Неге кішкентай Қаржаубай сияқты намысты жігіттер көшеге шығып кетеді? Бұл мәселені жоғарғы деңгейде саралау керек. Мынау жақсылыққа апармайды деп ойлану керек. Әкімдер мен прокурорлардан «не істеп жатырсыңдар?» деп талап ету қажет. Бізде, керісінше, жоғарыдан тапсырма бергенде «өтіріктен арасында әділ тергеу жүргізіңдер» деп қойып, «мына жақты тыныштандырыңдар» деген тапсырма беретін сияқты. Мен азамат ретінде қылмыскерлерді таппай жатыр дегенге өзім сенбеймін. «Полицияның кезекші бөлімі 8 минутта келді» деді. Өз басым қаншама рет хабарласып, келтіре алмағанмын. Адам саны жетпей ме, келген күннің өзінде де «не істеймін аға» деп тұратын біліктілігі де өте төмен. Бұл жалпы еліміздегі құқық қорғау органдарындағы кемшіліктер. Жоғарыдағы біреулер реформа жасаймыз, Жаңа Қазақстан құрамыз деп тек қана кепканы ғана ауыстырғанмен шектелмей, заңдарға қатаңдататын үлкен өзгерістер енгізу қажет. Неге әкімдерің, полицияң өз ісіне жауап бермей, аузына келгенін айтып жүре береді?! Неге ол үшін жауапқа тартылмайды? Полиция басқармасының басшысы дер кезінде құрықтамағаны үшін жер басып жүруге құқығы жоқ. Құрықтайды деп үміттеніп отырған кезде Қаржаубай сұхбатында «бізден әлі жауап алған жоқ» деді. «Қаржаубайдың өзі пышақпен шықты, мылтық Қаржаубайдікі» деген мәліметтер де пайда болды. Сен Қаржаубайдан толық түсініктеме алмай жатып, қалай бұлай айтуға болады?! Біресе «видео жоқ» деді, біресе монтаждалған видеоны көрсетті. Қалғаны қайда? Неге басында оны «жоқ» деп, кейіннен қайта шығарады? Оның бәрі қылмыс.
– Мұның бәрін тексеру қажет деп есептейсіз бе?
– Тергеуші өзінің бастығын қалай тексереді. Әйтпесе, Әленовті алайық. Ол Алматы облысы полиция департаментін басқарды деп айтып өттік. Мына жақты тексеріп жатқандар оның кадрлары. Әленов келіп, «Күнтүнов сен осылай айтыпсың, не мақсатта айттың» деп тергеп жатыр деп ойламаймын. Қаржаубай білікті қорғаушыларды жалдап, жұмыс істеп жатыр дейді. Бізде соларға үміт артып отырмыз. Бірақ мынаның бәрі масқара. Болашаққа сеніммен қарағымыз келеді, бірақ басшыларымыздың түрі анау болса, бізде болашақ бола ма?!
– Облыс басшысы қыркүйектің соңында келіп, мәселелеріңізбен танысып кеткен екен. Сол кезде тұрғындар «Талғар ауданында қылмыстық топ белең алып бара жатыр, облыс басшысы ретінде осының алдын алыңыз» деп айтқан екен. Бірақ арада бір апта өтпей, Шерзаттың оқиғасы орын алды. Өзіңіз осы ауданның тұрғыны ретінде, заңгер ретінде айтыңызшы, облыс басшысы аудандарыңыздың ішкі мәселесімен қаншалықты етене таныс?
– Етене таныс деп айта алмаймын. Өйткені оларға аудан басшылары есеп береді. Сұлтанғазиев оларға шара қолданбайды. Себебі ол аудан басшысын тыңдайды. Көбісі өтірік статистиканы айтады. Оған Марат Сұлтанғазиев сеніп отырса, облыс басшысының кім болғаны? Баталов әкім болған тұстарда, ол келе жатыр дегенде көшелерді жауып тастайтын. Сонда Баталов неге келе жатыр деген сұрақ туады? Келген күннің өзінде де жағымды жаңалықтарды естігісі келетін сияқты. Ол қайдан қалған үрдіс екенін түсінбеймін. Солтүстік Корея сияқты диктаторлық мемлекеттер бар ғой. Халқы өмір бойы риза, қолдарына ту ұстап, уралап тұратын. Сол сияқты әкімдер бала-шаға бақытты, рахат өмір сүріп жатырмыз деген көріністі көру үшін келе ме?
...Шерзаттың өліміне қайта айналып оралайықшы, бұл жерде тек ұрған балалар ғана емес, бүкіл қоғамның да кінәсі бар. Менің де кінәм бар шығар. Кезінде ашық айтпаған шығармыз, біреуді ашық жауапқа тартпаған шығармыз, осы мәселені жететін жеріне дейін көтермеген шығармыз. Әкімдер анау, естігісі келмейді, прокурорлар жасырғысы келеді. Нені, кімнен жасырып жатқанын бір Құдай біледі. Жалпы біздің қоғам мемлекет боламыз, Жаңа Қазақстан боламыз деп алданушы қоғам. Сондықтан Шерзаттың өліміне бәріміз кінәліміз. Мынадай жағдайда жақында әділеттікке жетеміз деп ойламаймын. Ол үшін күрделі саяси реформалар, әкімдердің сайлауы қажет.
Шерзаттың оқиғасында да пышақты қандай мақсатта алып келді. Мылтықты қалай алып келді деген мәселелер қылмысты ауырлататын жағдайлар. Бала қаза тапты. Ал тірі қалғанда не болатын еді? Ақсақалдарымыз не деген масқара деп шығудың орнына «болар іс болды» деп тұр. Бұл жалпы әкім немесе полиция емес қоғамның дертіне айналған. Бұл егемендік алғалы өте дендеген дерт. Құқықтық мемлекет құрмай, осылай кете беретін болсақ, болашағымыз да өте бұлыңғыр. Ертеңімізді реттей алмай, бір-бірімізбен айтысып жүргенде сырттағы жауға да оңай олжамыз. Бұл Шерзаттың өліміне қатысты бір-екі адамды қамап қойғанға қанағаттанатын жағдай емес. Жоғарыдағы басшылардың неге осылай болып жатыр деп күнделікті айналысатын ісі. Олардың бір шара қолданатын уақытынан да өтіп кеттік. Бірақ мұның арты жақсылыққа алып бармайды. Бір әкімді жұмыстан шығарсақ, нәжіске үймелеген шыбын сияқты келесі әкім келе береді. Ал проблема қалады. Министрді ауыстырғаннан да мәселе шешілмейді. Мұны мемлекеттік деңгейде, қоғамдық деңгейде шешу керек.
P.S. Заңгер Асылбек Қараевпен сұхбатымыз газет бетіне ықшамдалып берілді. Сұхбаттың толық нұсқасын Jas Alash YouTube арнасынан көре аласыздар.