Шерзат ісінде тергеушілер мен прокурорлардың логикасы түсініксіз

Біз заңгерлер іспен таныспай ештеңе айта алмаймыз. Бірақ БАҚ-қа шыққан мәліметтерді саралай отырып айтатын болсам, тоғыз қамалып отырған азаматтардан екі күдіктінің, яғни пышақпен ұрған, мылтықпен ұрған азаматтардың ғана айыпталып, қалған қасында жүрген сыбайластарының бұзақылықпен айыпталуы түсініксіз.
Бұл соғыста екі адам ғана мылтық атып, солар ғана кінәлі болып, қалған оқ жеткізіп көмектесіп тұрған сарбаздар кінәлі емес деген әңгімені елестетеді. Заңда күдіктілердің ниетіне қарайды. Егер олар адамды ұрып, өлтіріп жатқанда артқа қайтса, онда басқа мәселе. Шерзат ісінде олардың топпен бірге жүргенін көре аласыз. Демек, олардың ниеттері адам өлтіруге тікелей бағытталды деп айтсақ болады. Біздің «данышпан» тергеушілер олардың екеуін ғана кінәлауы қалай болса да ойға сиымсыз. Бұл жердегі тергеушілердің, тергеуші ісін тексерген прокуратураның логикасын түсінбей тұрмын. Енді осыларды қорыта отырып, қысқаша саралай кетсем:
Біріншіден, бұл істе үйді өртеу қасақана істелгені айтылды. Өрт қасақана қойылса, демек сыртта олардың жақтастары қалып қойды деген сөз. Біз бұған дейін ОПГ, ұйымдасқан қылмыстық топ деп айттық қой. Демек, бұл топ толықтай құрықталмаған. Үйді өртеу олардың адам өлтіру, қорқыту, қысым жасау ісінің тікелей жалғасы. Сондықтан осы іспен бірге үй өртену ісі де сотта қаралуы керек еді.
Екіншіден, Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімін суицид деп жауып тастаған сыңайлы. Бұл іс те «өзін-өзі өлтіруге алып келді» деп осы сотқа тіркелу керек еді. Алайда ешқандай тергеу амалдары айтылмады.
Үшіншіден, осындай олқылықтардан кейін прокуратура қайда қарады деген сұрақ туады. Тым болмаса заңды прокурордан кем білмейтін адвокаттар не бітіріп отыр?! Бірінші командадан істі алған екінші команда осы істерді тіркеп, сотқа жіберуі керек еді.
Енді сот процесінің өзіне келейік. Менің де соттың әділ өтетіне күмәнім бар.
Біріншіден, егер Жаңа Қазақстан деген бар болса, Бишімбаев соты сияқты соттың ашық өтуіне рұқсат беру керек еді. Иә, ашық өтеді деп айтылды, бірақ журналистерге қылмыскерлердің бетін көрсетуге тыйым салды. Соттың бұған тыйым салуына құқығы жоқ деп ойлаймын. Керісінше, қылмыскердің түр-әлпетін көрсетіп тұрып, болашақта қазақ қоғамында мұндай қылмыстың болмауына атсалысу керек еді. Ар-намыс, қыз зорлау бойынша жәбірленушілерді көрсетпеуге болады. Ал бұл істе жәбірленуші тарап ашық шығып жүр, демек, сотталушыларды көрсетуге журналистердің толық құқығы бар. Ал мына сотта олардың құқығы шектеліп отыр деп санаймын.
Екіншіден, қарапайым азамат, заңгер ретінде айтатыным, ұйымдасқан қылмыстық топ деген жазаны ауырлатады. Сондықтан бастапқыда қаруланған топ, сыбайлас топ дегенді тергеуге кіргізсе, (Хасанды қамады, бірақ оның бұл іске қатысы барын айтпады ғой, бәлкім, оның қатысы да жоқ шығар) сол сияқты қылмыстық топ екенін мойындататын болса, бұлардың екеуі ғана кісі өлтірумен, қалғаны бұзақылықпен отыратын дүние болмас еді. Бізде ресми органдар «ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ» деп алдын ала айтып қойғаннан кейін, енді соны бүркемелеу мақсатында ма, айтқан сөздерін ары қарай өрбітпеу үшін бе, ұйымдасқан қылмыстық топқа баға бермеді. Бұл жағдай марқұмның туыстарына өте ауыр. Шерзат ісін қазақ қоғамы да қарап отыр. Егер бұлай жалғаса берсе, күні ертең олар құқық қорғау органдарына сенімсіздікпен қарайтыны анық.
Асылбек Қараев, заңгер