Әскерде ұлдары қаза тапқан аналардың жанайқайына билік қалай жауап берді?
Кейінгі уақытта әскерде қаза болған немесе жараланған сарбаздардың ата-аналары балалардың өлімін қайта тергеуді бұрынғыдан да талап ете бастады.
Қараша айында жағдай шиеленісіп, аналар Астанадағы Министрліктер үйіне барып, ашық түрде наразылық білдірді.
Президент Тоқаев араласып, қаза болған немесе мүгедек болып қалған сарбаздардың барлық істерін тексеруді тапсырды. Бас прокурор Асыловқа бұл үшін 12 күн берілген еді. Алайда сол мерзім өткеніне үш аптадан асып кетті.
Бүгін кулуарда журналистер вице-министр Қаныш Әбубәкіровтен тексеру барысы туралы сұрады.
Оның сөзінше, барлық аналармен кездесу өткізіліп, әрқайсысымен сөйлескен. Бірақ ең негізгі сұрақ – қаза тапқан сарбаздардың істері бойынша қосымша немесе қайта тергеулер басталды ма — бұл туралы ол ештеңе айтпады. Оның орнына Әбубәкіров армиядағы әрбір өлімге және әрбір ана тағдырына ведомство «өте қатты алаңдайды» деп мәлімдеген.
Айта кетейік, кейінгі уақытта әскерде зорлық болатыны туралы жиі айтылады, алайда Қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарудан шаршамай келеді.Мысалы,20 қарашада қорғаныс министрі Дәурен Қосанов журналистердің: «Әскерде неге жиі өлім болады?», – деген нақты сұрағына «да вы что!» деп ыржиып, келеке жасағандай болды.
Қыркүйек-қазан айларында ғана борышын өтеп жүрген 4 сарбаз мерт болды. Атап айтар болсақ, 17 қыркүйек күні Алматы облысындағы Мәтібұлақ әскери бөлімінде 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек көз жұмды. Ресми органдар әдеттегідей өлім себебін суицид деп көрсетті. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқаға күмәнмен қарап отыр.
23 қыркүйекте араға алты күн салып, Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында тағы бір жауынгердің қаза тапқаны белгілі болды. Ресми мәлімет бойынша, мерзімді қызметтегі әскер қызметшісі қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, жарақат алған. Дегенмен бұл оқиғаға қатысты туыстарының да күмәні көп.
5 қазан күні Алматы облысында ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы Нұрасыл Әнуардың көз жұмғаны белгілі болды. Ресми нұсқа – менингококцемия. Алайда марқұмның жақындары бұл диагнозға шүбә келтіріп, істің бұрмаланғанын айтады.
6 қазан күні Маңғыстау облыстық Шекара қызметі департаментінде тағы бір әскери қызметші қаза тапты. Ресми ақпаратқа сәйкес, өлім қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған.
Жақында әскерде қаза болған сарбаздардың аналары Астанадағы Үкімет үйінің алдында митингіге шықты. Наразы аналар Қорғаныс министрлігінен әскер жүйесін реформалауды және балаларының өлімі бойынша әділ тергеу жүргізуді талап етті. Кейіннен президент бұл істі қолға алуды тапсырды. Бас прокуратура тексеретін болды.
Ресми статистикаға сенсек, кейінгі 3 жылда әскерде 270-тен аса сарбаз көз жұмған. Әскерден табытпен қайтқан немесе жарақат алып, мүгедек болған сарбаздардың ісі қазір қоғам арасында қызу талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Басынан жарақат алған Ербаян Мұхтар әлі ем алып жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын қаза тапқан сарбаз Алмас Шахимовке қатысты сот аяқталған жоқ. Күні кеше оның анасы «ұлымды түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарып өлтірді» деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, жақында Маңғыстауда 7 сарбаз өзіне-өзі қол жұмсап, психиатриялық ауруханаға түскенін айттық. Соның бірі – Сұлтан Шынтеміров. Кейіннен оның анасы Лаура Шынтемірова ұлына әскерде жыныстық зорлық көрсетпекші болғаны туралы мәлімдеді.
Сарбаздарға жыныстық зорлық жасалатыны туралы бірінші рет айтылып отырған жоқ. 2022 жылы Жамбыл облысындағы «Шөлдала» шекара бекетінде Бекбол Мираш белгісіз жағдайда бақилық болды. Оның өліміне сержант Айбек Нұртаев кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Алайда сотталушының адвокаты бұл үкіммен келіскен жоқ. Ол көз жұмған сарбаздың ауыз қуысынан, киімдерінен бірнеше ер адамның шәуеті табылғаны биологиялық сараптамада дәлелденгенін айтты. Бірақ сот «жыныстық зорлық болғаны және қылмыстың телефонға түсірілгені дәлелденбеді» деп мәлімдеді.