Әскердегі былыққа Қосанов қашан көңіл бөледі?

Қыркүйек айының аяғына қарай бір аптаның ішінде екі сарбаз көз жұмды. Алдымен 2025 жылғы 17 қыркүйекте Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек қайтыс болды.
Ресми органдар әдеттегідей өлім себебін суицид деп жариялады. Араға алты күн салып Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында тағы бір жауынгердің мерт болғаны белгілі болды. Ал бұл жолы жауапты органдар мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қару қолдану кезінде жарақат алып, қайтыс болғанын, оған қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болғанын хабарлады.
Осы оқиғалардың ізін ала Маңғыстаудан жайсыз хабар жетті. Кейінгі кезде өңірдегі №99116 әскери бөлімінде сарбаздардың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі күрт көбейген. Алдымен үш сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені хабарланған еді, кейін мұндай жағдайға жеті сарбаз тап болғаны белгілі болды. Барлық сарбаздар қолының тамырын кесуге тырысқан. Олардың үшеуі дәрігерлердің бақылауында қалып, өзге төртеуін ата-анасы үйіне алып кеткен деген ақпарат тарады.
Ауруханада қалғандардың бірі – Алматыдан әскерге шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров. Оның анасы Лаура Шынтемірова ұлын психикалық науқас деп тануды негізсіз шешім деп санайды. Оның айтуынша, ұлы бес айдағы қызметінің ішінде екі рет өзіне-өзі қол салуға тырысқан, оған әскери бөлімдегі әлімжеттік себеп болған. Әскери бөлім қызметкерлері жағдайды тексерудің орнына жауынгерді психикалық орталыққа жатқызып, істі жылы жабуға тырысқан.
«Маған «жүрегі мен бүйрегі ауырып жатыр, тексеруге апарамыз» деді. Ал шын мәнінде оны психиатриялық ауруханаға жіберіпті», – дейді сарбаздың анасы.
Ол ұлының әскери бөлімде бірнеше мәрте соққыға жығылғанын айтады. Әлдекімдер сарбаздан ақша бопсалап, цемент илеуге, жеке құрылыс жұмыстарына жеккен. Сұлтан Шынтеміровтің анасы әскери прокуратураға шағымданып, бөлімдегі жағдайды жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.
Жақында дәл осы әскери бөлімде қызмет етіп жүрген Нұргелді Байыш есімді сарбаз психикалық орталыққа түскені белгілі болды. Оның анасы Жарқынай Лұқпанованың айтуынша, ұлын әскерге сау күйінде аттандырған, алайда бес айдан кейін психикасы бұзылды деген диагнозбен үйге қайтарған.
«18–19 жасқа дейін дені сау болып келген баламыздың бірнеше айда мұндай дертке ұшырауы ақылға қонбайды. Бұл оның болашағына балта шабумен тең», – дейді Лұқпанова.
Бір әскери бөлімде бірнеше сарбаз бір жолда суицид жасауға ұмтылып, бәрі бір мезгілде психиатриялық ауруханаға түссе де, Қорғаныс министрлігі өз басын арашалаудан танбай отыр. Министрліктің психиатриялық емханаға түскендер жетеу емес, үшеу екенін хабарлады. Бұл мәлімдемеден «небәрі үш сарбаздың мінез-құлқынан ақау шықты, алаңдайтын ештеңе жоқ» деген емеурін байқалады. Біздің ойымызша, үш емес, бір сарбаз суицид жасауға тырысса да, министрлік баса назар аударуы қажет.
«БАҚ-тағы 7 әскери қызметші өзіне-өзі қол жұмсауға тырысқаны жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Медициналық мекемеге әскери борышын өтеп жатқан үш сарбаз жатқызылған, олар өзіне-өзі қол жұмсауға бейім екені байқалған. Олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ, барлық қажетті ем-дом мен медициналық бақылау қамтамасыз етілген. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде олар жалғасты әскери қызмет өтей ме, жоқ па, белгілі болады. Мұндай әрекеттер кейде әскери қызметтен жалтару мақсатында қасақана жасалуы мүмкін. Барлық мән-жайды жауапты мамандар мұқият тексереді», – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов осындай шетін оқиғалар кезінде ешқандай үн қатпай, кабинетінен шықпай отырып алатын әдеті бар. Министрлік тізгінін ұстағанына 4 айға жуықтады, армиядағы әлімжеттік, сарбаз өлімі жайлы бір ауыз пікір айтқанын естіген жоқпыз. Оның өзі ғана емес, қол астындағылар да қайғылы оқиғаларға бейжай қарайтынын көріп жүрміз. Өткен айда болған үш оқиғаны да министрліктің ресми сайты елеусіз қалдырды, ешбір ақпарат таратпады.
Қоғам бір әскери бөлімнен осынша сарбаздың суицид жасауға оқталғанына алаңдаушылық танытып отыр. Бұл жағдай аталған бөлімде тәртіп жоқ екенін білдіруі мүмкін. Бірақ министрлік әскерде әлімжеттік жоқ екенін алға тартып, суицид жасауға тырысқан сарбаздар психикалық науқас дегісі келеді. Азаматтар әскерге аттанбас бұрын медициналық тексерістен өтетіні белгілі, ендеше, науқас адамды армияға кім алып жүр? Демек мұнда да таяқтың бір ұшы Қосановтың өз басына тиеді. Министр мырза осыны ескермей отыр...
Елназым Қуанқызы