Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:27, 30 Тамыз 2023

Әскерге бала бердім дегенше...

None
None

Отанды қорғау, әскери міндетті өтеу – әр ер адамның міндеті. Әскер қатарында болу мақтаныш.

Әскери өмір – шыңдалу мектебі, ата-ананың қадірін сезесіз, орта көресіз, тәртіпті, ұқыпты, жинақы болуға баулиды.

   Әскери борышын өтеу қазір бір-ақ жыл, алайда барар-бармастан  «Ант қабылдау» рәсіміне шақырту келеді. Әке-шешесі, аға-әпкелері артынып-тартынып, қарыз алып, әскердегі балаларына жетеді. Семейде Талдықорғанға жетудің өзі азап, бірнеше пойызға мінеді. Ол жақта пәтер жалдайды. Күні кеше ауылдан кеткен баланың көңілі бөлінеді. Ата-анасы бара алмаған баланың жайын ойлаудың өзі қорқынышты, қандай психологиялық соққы алатынын елестетудің өзі азап. Намысты алға қоятын қазақ осылайша сергелдеңге түсіп жүр. Баласы армиядан оралса да, сол балаға алған несиені ата-анасы әлі төлеп болмай қиналып жүргенін көріп отырмыз. Бұған біздің «сүйікті депутаттардың» да назарын аударғым келеді. Бірақ біз шағын ауылда тұрамыз, депутаттар ауданнан қайтады, бізге келмейді.

Біз екі жыл әскерде болдық. Әкем Отан соғысының ардагері еді, армияға шығарып салуға да барған жоқ, трактордың ашық тіркемесіне мінгізіп жіберіп қала берді. Үлкен өмір мектебінен өттім, екі жылда екі рет демалысқа келдім.

     Қазір армияға шенеуніктің балалары бармайды, олар әскери комиссариаттың қайда екенін де білмейді. Тіпті ақыл-есінде ақауы бар балаларға арналған арнаулы мектепте оқыған баланың да әскерге барғанын көріп отырмыз. Одан кейін, әскерде балаларға ұялы телефон бермеу керек, әйтпесе, армияда әскери дайындықтан өту үшін барғанын, әлде әшейін уақыт өткізу үшін барғанын айырудың өзі қиындап барады. Рас, соңғы кезде әскер қатарында балаларға оңдырып ештеңе үйретпейді деген мәселе көтеріліп жүр. Мұндай шала-шарпы дайындықпен оралған сарбаздың білікті, айбынды әскер сапын толтыратынына сену қиын.

Біздің қолымызға көп мәлімет жете бермейді. Елден естиміз, ара-тұра ақпарат көздерінен оқып қаламыз. Қысқасы, қазақ армиясының жағдайы мәз емес. Әскери борышын орындауға кеткен баласының мүгедек болып оралғанын, тіпті кейде қайтыс болып кеткені жайлы ақпарат жиі естілген соң, ата-аналар да баласын әскер қатарына жіберуге қорқады. Соңғы кезде мәжбүрлі түрде әскер қатарына алып кету көбейіп тұр ғой, ата-аналар уайымдамау үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бүгінгі қазақ баласын армияға не үшін, қандай пайдасы үшін жібергенін білмейді де. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі қазақ армиясының бүгінгі жай-күйі туралы ақпаратты көбірек берсе, бұл тек ашықтық қана емес, жас өскін ұлдарымызға да үлкен ынталандыру болар еді. Онсыз қазақтың армияға кеткен баласы да, оның соңынан қалмай жүрген әке-шешесінің де сергелдең болғаны болған.

Саламат Шаңғала

зейнеткер, қарт ұстаз

                                                                  Ақтөбе облысы

 Ойыл ауданы

Қаратал ауылы

Тегтер: