Әскерге кім барып, кім қалатынын енді жасанды интеллект анықтайды

Қазақстанда әскерге шақыру цифрлық форматқа көшіп жатыр
Қазақстан Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерді цифрландыру бағытында жаңа бастамаларды таныстырды. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте вице-министр Дархан Ахмедиев әскери қызметтің шарттарын жеңілдетіп, процестерді оңтайландыру жұмыстары жайлы баяндады.
Ең басты жаңалық – жасанды интеллекттің әскерге шақырылушыларды іріктеу процесіне қатысуы.
«Жасанды интеллект бұрынғы әскерге шақырылғандардың дерекқорын және арнайы критерийлерді негізге ала отырып, қызметке жарамды болуы ықтимал азаматтарды іріктеп, тек соларға шақырту жібереді деп күтілуде», - деді Ахмедиев.
Сонымен қатар әскери оқу орындарына құжат тапсыру eGov.kz порталы арқылы онлайн түрде іске асады. Қазір 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді, оның ішінде 16-сы – университетке қайта қабылдануға қатысты. Медициналық тексеру де оңтайландырылды – қашықтан тексеру мүмкіндігі бар.
Әскери білім беру мекемелеріне арналған Askeri Ziyat платформасы құрылды. Бұл – университеттер мен колледждерді біріктіретін, электронды кітапхана мен 20 бағыттағы онлайн-курстарды қамтитын жүйе. Қазірдің өзінде 1000-нан астам әскери қызметкер тіркеліп, 300-і сертификат алған. Сондай-ақ, Sarbaz 2.0 жобасы үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатыр. Биыл 10 мың сарбаз тестіленіп, 2 010-ы жоғары оқу орындарына арналған гранттарға ие болды.
Сонымен қатар ARMIA.KZ сервисі арқылы жасанды интеллект көмегімен 2 мыңнан астам сұраныс өңделген. Чат-бот әскери қызмет туралы қажетті ақпаратты береді. Қорғаныс министрлігі ЖИ-ды әскерге шақыру мен жауынгерлік дайындық үдерістерінде де пайдалануға көшіп жатыр.
Бұған дейін министрдің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов Сенат кулуарында жастардың әскерден неге қорқатынын түсіндіріп:
«Жастар жай ғана ыңғайлы аймағынан шыққысы келмейді», - деп мәлімдеген еді.