«Әскерге шабытпен кетіп, табытпен қайтты». Сарбаздарды түрмеде ақшаға төбелестіретіні рас па?
2022 жылы тамызда әскерге аттанған Алмас Шахимов небәрі екі айдан соң қаза тапты. Ресми нұсқа бойынша оның өліміне табиғи апат себеп болған. Алайда сарбаздың анасы Индира Туғанбаева Алмастың өліміне табиғи апат себеп болды дегенге сенбейді.
Ол мұны бірнеше рет мәлімдеп, «ұлымды түрмеде ұрып өлтірді» дегенді айтты. Тергеу 3 жылға жуық уақытқа созылды. Шахимовтың қазасына взвод командирі Дәурен Байызбеков кінәлі деп танылды. Желтоқсан айының басында оған сот үкім шығарды. Алайда 2 жыл уақыт өтіп кеткеніне байланысты Байызбеков жазадан босатылған.
Әскерде сарбаздар неге жиі өледі?
Елімізде әскерге аттанған сарбаздардың кейбірі үйіне табытпен оралып жатқаны, өкінішке қарай, шындық. Ресми статистикада кейінгі 3 жылда 270 сарбаз қаза тапты делінген. Алайда бұл мәлімет те ескіріп барады. Себебі одан соң да бірнеше сарбаз көз жұмды. Жақында ұлдары әскерде қаза болған немесе жарақаттанған бір топ ата-ана Астанада митингі өткізді. Наразы аналар Қорғаныс министрлігінен әскер жүйесін реформалауды және балаларының өлімі бойынша әділ тергеу жүргізуді талап етті. Кейіннен аналар 16 желтоқсанда тағы да митинг өткізу үшін Астана әкімдігіне өтініш түсірген. Бірақ әкімдік бұған рұқсат бермей қойды.
Ұлының қазасына байланысты митингіге шығып жүрген ананың бірі – Индира Туғанбаева. Оның ұлы Алмас Шахимов Алматыда Ұлттық ұланда борышын өтеп жүріп көз жұмды. Ресми нұсқа бойынша, Шахимов 2022 жылдың 10 тамызында полигонда өткен далалық оқу-жаттығу кезінде қатты жел салдарынан құлаған шатырдың астында қалып қойған. Алайда, анасының айтуынша, эксгумация қорытындысы мен тәуелсіз сараптамаларға қарағанда, Алмастың денесінде пышақ іздері, 26 дене жарақаты, мойнынан қылқындыру мен арқасын темекімен күйдірген жара болған.
Істегі жалғыз күдікті ретінде Алмастың қызметтегі тікелей командирі Дәурен Байызбеков танылды. Биыл желтоқсан айының басында оған үкім шықты. Тергеу болжамынша, оқу-жаттығу кезіндегі қауіпсіздік шараларын дұрыс қамтамасыз етпегені үшін осы взвод командирі кінәлі деп танылып, дауыл кезінде шатыр құлап, сарбаздың қаза табуына жол бергені үшін айып тағылды. Алайда қылмыстық оқиғаға екі жыл өткендіктен, оны жазадан босату туралы шешім қабылданды.
Туғанбаеваның айтуынша, әскерилер Алмас Шахимовтың өлімін ресми түрде жазатайым оқиға деп құжаттап, бар кінəні оның командирінің салғырттығына аударып отыр. Шахимовтың анасы мұндай тұжырыммен келіспейді. Сондықтан сот процесіне қатысудан бас тартқан. Олар істің дұрыс қаралмай отырғанын айтып, сотқа дейін-ақ жазбаша мәлімдеме тапсырған.
«Бұлар Байызбековті кінәлі етіп тағайындаған. Енді баламның қазасы туралы барлық дәлелдер жойылсын деп жазылыпты. Кеше ғана алып оқыдым. Бұл шешіммен келіспеймін. Өйткені баламды түрмеге апарып ұрып өлтірген. Оны түрмеге кім апарғанын, сол күні полигонда дауыл болмағанын Байызбеков жақсы біледі», – дейді И.Туғанбаева.

«Баламды түрмеде өлтірген»
Алмас Шахимов Ақмола облысы, Көкшетау қаласының тумасы, жасы 19-да. Әскери бөлім басшылығының баяндауынша, оқиға болған күні кешке кенеттен қатты жел тұрып, полигондағы дала шатырлары құлай бастаған. Сол сәтте жауынгерлерді қауіпсіз жерге шығарып жүрген Алмас соңында қалған екен. Дауыл кезінде үлкен шатырдың металл қаңқасы құлап, оның басына тиген. Оқиға орнында ауыр жараланған сарбаздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты. Ресми жауап осындай. Тіпті Ұлттық ұлан басшылығы Алмас Шахимовты қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, оны төтенше жағдайда өзгелерді құтқару кезінде көрсеткен батылдығы үшін деп ерекше атап өтті. Индира Туғанбаева ұлы қаза болған жерді өзі барып көрген. Оның айтуынша, металл шатырдың бағанасы Алмастың басын қатты жарақаттап, төртке бөліп тастайтындай ауыр емес. Оның үстіне сол күні Жетігендегі полигонда ешқандай дауыл да тұрмапты.
«Біздің қолымызда сол күні Жетігенде дауыл болмағаны туралы анықтама бар. Бірнеше дәлеліміз де қолда. 3 минут дауыл тұрды делінді. 3 минут ішінде ұлым бірнеше жарақат алмайды. «Алмас үш сарбазды құтқарды» делінеді. Олардың сөйлеген видеосы бар. Олар: «Алмас бізді құтқармаса құтқармаған шығар, бірақ ол сол жерде қансырап жатты», – дейді. Бірақ менің баламды алдымен түрмеде өлтіріп, кейін сол жерге апарған. Бұл – менің балама жасалған қастандық. 7-8 сағат жанын қинап өлтірген. Оның үстіне 4 сарбаз Қонаев ауруханасына әкепті. Бірақ олардың суреттерін көрдім. Киімдерінде қан жоқ. Бәрі өтірік! Дәрігерлердің айтуынша, баламды ауруханаға әкелгенде «окоченение трупный пятнами», яғни, денесі сіресіп қалған. Демек баламды өлтірген, кейін оның сүйегі күні бойы жатқан. Сосын өтірік шатырларды құлатып, дауыл болды деген. «Балаңызды 20 минуттың ішінде әкелдік» дейді. Мұндай уақытта дене сіресіп қалмайды. Баламның арқасына темекі шоғын басқан. Суретте бәрі көрініп тұр. Қолында өзін қорғау кезінде алған пышақ жарақатының ізі бар. Егер баламның басына металл бағана тисе, басы төртке бөлініп қалмайды. Металл бағана жеңіл, оны өзім көрдім. Ол құлағаннан адамның басы бұлай жарылмайды. Баламның басын езіп жіберген», – дейді қаза тапқан сарбаздың анасы.

Сараптама қорытындысы не дейді?
Алғашқы күндерден-ақ Шахимовтар отбасы ұлының өліміне қатысты ресми нұсқаға сенбеген. Алмастың денесіндегі соққының іздері олардың күдігін үдете түскен. Туғанбаеваның айтуынша, Алмасты шешіндіріп, қолын байлап, әбден қинаған. Аяусыз ұрған. Көзі көгерген, өкпесі қанға толған...
«Сарапшылардың өзі адамның көзі соққыдан бірден көгермейтінін алға тартты. Ресми нұсқада балам екпетінен құлаған кезде көзі көгерген. Бұл да ертегі. Саны да көгеріп қалған. Баламның бір көзі ашық келді, көзінен қан аққан. Қолы байланған. Аяғында пышақ сұққан із бар. Әскерилер шатырдың штикерлері кірді дегенді айтады. Ол да жалған. Себебі шатырдың тіреуіштері үшбұрыш болғанымен жуан. Ол кірсе аяғыңның саусағын сындырып жібереді. Ал Алмастың аяғына пышақ ұрған. Ондай пышақты түрмеде қасықтан істейді екен. Бұдан бөлек, қабағының сүйегі сынған. Бүйрегі, басқа дене мүшелері соққыдан қанталап кеткен. Мойнынан қылқындырған. Иек сүйегі сынған», – дейді Индира Туғанбаева.

Сарбаздың атынан несие алған кім?
Алмастың жеке деректерін пайдаланып, оның атынан несие алған. Сарбаздың анасы мұны кейін білгенін айтады. Әскери бөлімдегі Ерболат Шаназар есімді офицер жас сарбаздың атынан онлайн несие рәсімдеп, ол ақшаны өзі жаратып жіберген. Бұл факт әшкереленген, бірақ ол ауыр жазаға тартылмапты. Шахимовтың анасының айтуынша, ұлы да бұл оқиғаны ушықтырмауды өтінген. Е.Шаназар Алмастың атынан 280 000 теңге несие рәсімдеген. Кейіннен офицердің ойынқұмар болғаны анықталды.
«Ерболат Шаназар баламның атынан несие рәсімдеп, азық-түлікке жұмсаған. Сосын екі телефон алған. Ойынға да ақша салған. Бұл ұлым қаза тапқан соң анықталды. Алмастың атында 19 нөмір тіркеліпті. Бүкіл ротаның ата-аналары баламның атындағы нөмірге 10-20 мың теңгеден аударған. Кейін мойындады. Кінәлі офицер әйелінің аяғы ауыр болғандықтан 2 жыл шартты жаза ғана алды. Несие алынған кезде баламды әскерге Карпенко деген офицер алып кеткен еді. Оған мен қоңырау шалып айтқам. Ол ашуланып: «Мен алды деп тұрсың ба? Балаң қазір оқу-жаттығуда, оны тергеп жатыр, борышын соңына дейін өтей алмайды», – деген ауыр сөздер айтты. Кейін тергеу жүрді. Бір сарбаз Карпенконың кабинетіне кіріп, Алмастың телефонын ұрлап, оның атынан несие алды» дегенге келтірді. Кейін балам көз жұмған соң ғана Ерболат Шаназардың ісі белгілі болды. Карпенко: «Бірдеңе болса, балаң үйіңе табытпен оралады», – деген. Бірақ ол мұны мойындамай қойды», – дейді Туғанбаева.
Түрмедегі төбелес
«Алмас Шахимовтың қазасы табиғи апаттан емес, қатыгездіктің салдары болуы мүмкін» деген күдік күшейді. Индира Туғанбаева «ұлымды түрмеге апарып, қинап өлтірді» дейді. Анасының айтуынша, Алмасты сол түні әскери бөлімге қарама-қарсы орналасқан түрмеге апарып, «ережесіз жекпе-жекке» қатысуға мәжбүрлеген болуы мүмкін. Алмаспен бірге қызмет еткен сарбаздардың бірі: «Ешқандай дауыл болған жоқ. Сіздің балаңызды түрмеге апарып, сол жақта өлтірген», – деген.
Сарбаздарды қорлағанға, ұрып-соққанға шыдамай, әскерилердің кейбірі жұмыстан шығып кеткен екен. «Мұны естігенде бастапқыда сенбедім, төбе шашым тік тұрды», – дейді ол. Алайда сараптама нәтижелері мен баласының азаптаудан болған жарақаттары осы бейресми нұсқаның шындыққа жақын екенін көрсетеді.
«Балам үш ай түсіме кірді. Бір түс үш ай қайталанды. Мен түрмедегі бақылау камералары түсірген бейнелерді сұрадым. Жойылып кетіпті. Тіпті маған ауруханадағы жазбаларды да бермей отыр. Өшіріп тастаса, шетелге апарып, қайта қалпына келтіремін. Иә, ол аз ақшаға істелетін жұмыс емес, бірақ баламның өлімі қасақана болғанын дәлелдеу үшін бәріне барамын», – дейді Алмастың анасы.
35 млн теңге бермекші болған
Алмасқа қатысты шындықтың әлі толық ашылмай отырғаны оның отбасын қынжылтады. Индира Туғанбаева тергеу мен сот барысында көптеген кедергілерге тап болғанын айтады. Мәселен, эксгумация кезінде белгісіз себеппен маман Алмастың сынғаниек сүйегін рұқсатсыз алып, жойып жібергені анықталған. Сол сияқты, Алмас қаза тапқандағы үстіндегі қан болған әскери формасы да кейін жоғалып кетіпті. Осыншама күмәнді жағдайлар әділ тергеудің жүрмегеніне дәлел деп санайды.
Үш жылға жуық уақыт өтсе де, Алмастың жақындары «шындық үшін күресті тоқтатпаймыз» дейді. Индира Туғанбаева Қазақстан қоғамына, жоғары билікке бірнеше мәрте ашық видеоүндеу жасап, президенттен көмек сұраған. Себебі бұл іс президенттің құлағына жетпеген сыңайлы. Оның айтуынша, жергілікті билік мәселені шешудің орнына түрлі көңіл жұбататын ұсыныстар жасаған. Үйіне 35 млн теңге әкеліп бермекші болған, үш бөлмелі пәтер де ұсынған. Алайда Алмастың отбасы бұлардың бәрінен бас тартқан.
«Баламның аруағын сатпаймын. Әділдікке жетпей тоқтамаймын. Қарашаның 10-ы күні әскерге реформа жасауды талап етіп, митингіге шықтық. Ісіміз қайта ашылсын, 99-баппен тергелсін дедік. Шырылдап қаншама аналар жүр. 12 күнде жауап береміз деген, 1 ай болды, әлі жауап келмеді. Олар не тергейтінін білмейді. Себебі қолдарында құжат та, сурет те жоқ. Бәлкім, президентке баламның өлімі бойынша «кінәлі адам жазаланды», «сарбаз табиғи апаттан қаза тапты» деген сияқты есеп беріп жатқан шығар. Бірақ, шын мәнінде, оқиға қалай болғаны президентке жеткен жоқ. Бізден рұқсат сұрамай, сынған иек сүйегін алып кеткен. Осылайша дәлелдерді жойып отыр. Бұлар алдымен баламды суицид деп аспақшы болған», – дейді И.Туғанбаева.

Жұмбақ өлімдер неге жиіледі?
Алмас Шахимовтың өлімі – кейінгі жылдары күштік құрылымдарда жиілеп кеткен жұмбақ өлімдердің бірі ғана. 2022 жылдан бергі уақытта елдегі әскер қатарында жүрген бірнеше жас сарбаз түрлі себеппен қаза тапты немесе ауыр жарақат алды. Көп жағдайда ресми себеп «өзіне-өзі қол жұмсады», «жазатайым жағдай» деп хабарланса, қаза тапқан сарбаздардың отбасы мұндай тұжырымға сенбейтіндерін ашық білдірді. Мысалы, дәл сол әскери бөлімде Алмастан бір жыл кейін Ербаян Мұхтар есімді сарбаз ауыр жарақат алып комаға түсті. Басшылық оған «әжетханада тайып құлап, басын соғып алды»деген түсініктеме берсе, жауынгердің анасы бұл нұсқаға сенбейтінін айтқан.
Ал ресми билік үнемі «әскерде әлімжеттік» жоқ дегенді айтады. Мысалы, 10 желтоқсан күні Парламент кулуарында Қорғаныс вице-министрі Қаныш Әбубәкіров әскердегі бопсалау мен әлімжеттік туралы тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Журналистер кейбір командирлердің сарбаздарды несие рәсімдеуге мәжбүрлейді деген мәліметті алға тартты. Вице-министрдің айтуынша, мұндай дерек жоқ. «Көрмес түйені де көрмес» деген осы шығар.
Қорғаныс министрлігі үнемі сынға қалады. Мысалы, экс-қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтың сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол әскери қызметшілер арасындағы әлімжеттік туралы сұраққа жауап бергенде: «Өмір деген – жизнь. Өмірде бәрі болады», – деп «жаргондататын». Бұл жауапты кейбір сарапшылар сарбаздардың өлімін тәлкекке айналдырды деп сынға алды. Қазіргі министр Д.Қосанов та «Әскерде неге өлім көбейді?» деген сауалға миығынан күліп: «Да вы что!», – деп, сұрақ қойған журналисті мазақ еткендей болды. Бұл да жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды.
Бір сөзбен айтқанда, ресми органдар «әскерде әлімжеттік жоқ» деп ескі патефонша қанша қайталағанымен, сарбаздардың жұмбақ өлімі тоқтар емес.
Тұрсынбек Башар