Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 30 Сәуір 2024

Әскерге соққыға жығылу үшін емес, соғысқа дайын болу үшін бару керек

әскер

Әрбір мемлекет үшін оның қарулы күштері мен әскері аса маңызды. Елдегі тұтастық пен тыныштық үшін, қауіпсіздік мақсатында да әскери базаның мықтылығы мен бекемдігі керек. Алайда соңғы уақыттары әскерге барудан «қашқақтайтындар» көбейіп барады. Қоғамның көзқарасы да санқилы.

Бұл үрдістердің себебі мен салдары, жастарымызды Отан алдындағы борышын өтеуге қалай ынталандыруға болады деген сұрақтар туралы әлеуметтанушы Дана Рахысқалиқызынан сұрадық. Оның айтуынша, мәселенің тамыры тереңде, оны шешудің жолдары да жоқ емес. 

«Әскери қызметкерлер өздерінің кәсіби қызметіне байланысты оларды басқа азаматтардан ерекшелендіретін ерекше өмір салты мен әлеуметтік жағдайларға ие. Себебі олар мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін әскери өмірге, мамандығына толықтай бейімделеді. Өмір сүру салтынан бастап күнделікті тұрмыс-тіршілік, отбасымен және қоғаммен қарым-қатынас жұмысы мен ондағы қағидаларға, жалпақ тілмен айтқанда, қызметтік графикке тәуелді. Олардың алдында тұрған әртүрлі өмірлік сұрақтар қызмет бабына қарай шешіледі.

Өйткені әскери қызмет тұрақтылықты талап етеді. Оның үстіне, мекенжай ауыстыру жиі орын алады, кейде шалғай және қауіпті аймақтарға көшуге тура келуі де мүмкін. Бұл адамның бір жерге бейімделіп, таныс ортада тұрақтауына кедергі болатыны айдан анық. Қысқасы, әскерилердің қайда тұрып, қашан көшіп, қалай өмір сүретіні қызмет орнына байланысты. Демек, өмір сүру салты тұрақты қалыпты азаматтарға қарағанда әскерилер көп өзгеріс жасайды. Осы және өзге де аспектілердің әсерінен әскери қызметкерлер арасында қоғамнан алшақтау жиі кездеседі. Бір жағынан бұл қызметтің талаптары мен міндеттеріне байланысты. Осы факторларды ескере отырып әскерилерді тек кәсіби қызметі аясында жеке әлеуметтік топ ретінде қарастыра аламыз. Алайда бұл контекстен тыс та олар қоғамның бір бөлігі болып қала береді және сол ортаның ықпалы мен нормаларына сай өмір сүреді.

Салыстыру үшін кеңес кезіндегі әскери қызметті қарастырып көруге болады. Себебі бүгінде аға буын өкілдері өздерінің жас кезін айтып, ол кездегі тәртіп пен әскери борышыңды өтеу туралы жақсы естеліктерін жиі айтады. Қоғам өкілдері де өзінің бүгінін кешегі кеңес өкіметімен көп салыстырып жатады. Ол кездері әскерге барып, борышыңды өтеу мемлекет алдындағы міндет ретінде қарастырылып қана қоймай, патриотизм мен азаматтық адалдықтың ең жоғары формасы ретінде қабылданды. Бұл көзқарас сол кездегі қоғамдық көңіл күймен, пікірлермен нығайтылып отырды. Себебі ол кезде үкімет тарапынан мұқияттылық пен әртүрлі байланыс арналары арқылы әрекет ету бар еді. Ал оны халық жақсы қабылдауы үшін өмірдің барлық салаларына насихаттады. Кеңестік саясат әскери қызмет мәдениетін қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, өнерді, әдебиетті және білім беру жүйесін ұтымды пайдалана білді. Нәтижесінде, әскердегі қызмет тек міндет қана емес, сонымен бірге коллективизм мен патриотизмнің символына айналды.

Тағы бір маңызды аспект – кеңес қоғамында жастарды әскерге баруға «мәжбүрлеу» де болған десек қателеспейміз. Өз кезінде қатаң әлеуметтік қысым болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал бәрі жаппай әскерге алынып жатқан кезде қоғам әскер жасына жеткен кез келген бозбаладан соны күтеді. Бұл – автоматты сана. Ал оны орындамай, жалпы фоннан бөлініп қалу әскерге бармаған азаматты белгілі бір деңгейде стигматизацияға және әлеуметтік шеттетуге әкелуі мүмкін еді. Ауру ма екен, әлде қалай екен деген сынды сұрақтар туатын. Бұл орайда әскери қызметті абырой мен мақтаныш ретінде қабылдау идеологиясы жемісін беріп тұрды. Яғни аталған контекст әскерге бару тек міндет қана емес, сонымен бірге қоғамның мұраттарына адалдықты білдіретін артықшылық саналды.

Ал бүгінде жағдай сәл өзгеше. Әскери қызметтің беделі бұрынғыдан төмен, тіпті әскерден қашу деген тіркес танымалдылыққа ие болып кетті. «Беделдің» болмауы және ата-аналардың балаларын әскери қызметке жібергісі келмеуі, сондай-ақ әскерге шақыртудан қашу, одан қорқу әртүрлі факторларға, соның ішінде әскери қызметтің әлеуметтік жағдайының өзгеруіне және қоғамдағы басымдықтардың өзгеруіне байланысты қалыптасты. Бұл тұста әскерилердің әлеуметтік жағдайы – теріс көзқарастың пайда болуына әсер еткен бірінші жайт. Қазіргі таңда байқалып отырған түрлі әлеуметтік-экономикалық жағдаяттарға қоса, әскерде болып жатқан олқылықтар, заңсыздықтар мен қайғылы оқиғалардың әсерінен ата-ана әуелі әскердің қауіпсіз екеніне күмәнмен қарайтын болды. Жастарымыз бір жыл уақытын қиып, жандарын сол жаққа аманаттауға тәуекел ете бермейді. Егер еліміздегі бұндай келеңсіз көріністер азайса, әрі мемлекеттік әскери орган әскери борышын өтеуге келген азаматтарға жоғары жауапкершілікпен қарап, амандығына «өз бастарымен» жауап берер болса, әскерге деген сенімділік қалпына келуі бек мүмкін.

Бір жағынан, әскери қызметтің басқа мамандықтардан бас тартып тұрып келетіндей, соған лайықты артықшылықтары болуы керек. Егер басқа қызмет салалары тартымды болса немесе даму мен мансаптық өсу үшін көбірек мүмкіндіктер ұсынса, кім әскери қызметке барып, ондай өмір салтына көнуге келіседі. Ең әуелі түйткілді ойланған жөн.

Сондықтан қазір жігіттеріміз әскерге барып борышын өтесе де, ары қарай әскери қызмет істеуге аса ықтияр танытпайды. Жастар да бұл мамандыққа келуге асық емес. Бүгінде жастар экономист, заңгер, кәсіпкер, IT маман болғысы келеді. Неге мұндай мамандықтарға сұраныс жоғары? Себебі құқық, экономика және білім саласындағы мамандықтар көбіне жоғары табыс пен тұрақты мансап мүмкіндігін береді. Заңдылық қой, адамдар өздерінің қаржылық тұрақтылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін мамандықтарға ұмтылады. Әлеуметтік беделдің де әсері бар. Аталмыш мамандар көбінесе қоғамда жоғары мәртебе мен құрметке ие, зияткерлік қызметпен және қоғамның дамуына қосқан маңызды үлесімен ерекшеленеді. Олардың қоғамдық процестерге ықпал ету мүмкіндігі жоғары, еңбек нарығында да сұраныс көп. Сондықтан балалар да, ата-аналар да осындай салаларды құп көреді.

Қорытындылай келе айтарым, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге өзіміз себепшіміз. Әскердің жақсы немесе жаман екенін, пайдалы немесе пайдасыздығын сол жерде болып жатқан оқиғаларға байланысты ғана айтып жатырмыз. Ол заңды да. Ал сол жағдайларға әкеліп соғатын сол жердегі адамдар. Сондықтан әскерге барар алдында өтетін бірнеше тексерістерді қатаң қолға алып, әскер кезіндегі дисциплина мен іштегі тәртіптік жүйені ретке келтіру қажет. Соққыға жығылатынын біліп емес, соғыс болса қасқая қарсы тұра аламыз деп баратын жастардың санын сонда ғана көбейте аламыз. Әскерге бару – Отан алдындағы борышты өтеу. Әр ер азаматының өз еркіне жүктелген дүние болса да, жауапкершілікті сезінген жөн. Себебі ел басына күн туған жағдайда мемлекет те, қарулы күштеріміз де сақадай сай тұрғаны бәріміз үшін маңызды. Сондықтан әскери қызметтің қоғамдағы әлеуметтік беделін арттыра отырып, сенімділік пен қауіпсіздікке жауап беретін жағдайларды жасауға тырысқанымыз жөн».

Балауса Ділдәбек

Тегтер: