Әскерге жарамдылық туралы анықтаманы енді онлайн алуға болады
Қазақстанда әскерге жарамдылық туралы анықтаманы онлайн форматта алу мүмкіндігі іске қосылды.
Бұл жаңашылдық Қорғаныс министрлігінің «Smart әскери» жобасы аясында жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бастамасымен eGov порталында қолжетімді болды.
Жаңа функция азаматтарға өздерінің әскери есептегі мәртебесі, әскери қызметтен өткен кезеңдері, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерге қатысты құқықтары туралы мәліметтерді жылдам алуға мүмкіндік береді. Қызметтердің ішінде ең сұранысқа ие құжат – әскери қызметке жарамдылық дәрежесі туралы анықтама.
Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің түсіндіруінше, анықтама алу үшін eGov порталындағы «Жеке кабинетке» кіріп, «Әскери қызмет» бөлімінде «Жүктеу» батырмасын басу жеткілікті.
Алдағы уақытта бұл мәліметтерді mGov мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы алу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық құжат жинауды едәуір жеңілдетіп, оқуға түсу, әскери қызметке шақырылу, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдарға жұмысқа орналасу кезінде уақытты үнемдеуге сеп болады.