Әскери бөлімдерде заманауи оқу-жаттығулары өтті
Елімізде жауынгерлік ерлік пен әскери қызмет айрықша құрметке ие болғандықтан, Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығын қорғау – үлкен абырой мен сенім саналады.
Сондықтан де елімізде жылда жастарды әскерге шақыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ қазір әскери қызметті таңдаған жастар үшін барынша жағдайлар жасалынып келеді. Мәселен, әскери қызметте жүрген жастардың көбі әскери жоғары оқу орнында оқып жүр. Ал бірталайы сол оқу орнын бітіріп, офицер шенін алып, білім-біліктерін Отан қорғау қызметіне арнауда. Одан бөлек, әскери борышын өтеп жүрген кей жастар келісімшартпен әскер қатарында қалып қызмет етіп те жүр. Мұндай жаңалықтарды естігенде әрине қуанамыз. Әрі жастарымыздың да жақсы жаңалықтан соң әскерге баруға деген құштарлығының артатынына сенімдіміз.
Сонымен қатар қазір еліміздің Қарулы күштері мемлекеттің сенімді қалқаны, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөлігі саналады. Әрі жылдан-жылға қазақстандық армия қазіргі заманғы қару-жарақпен, техникамен қамтамасыз етіліп, жоғары білімді мамандармен толықтырылып, олардың жауынгерлік қабілеттілігі артып келеді. Осыған сәйкес, биыл жуырда ғана Қазақстанның Қарулы күштерінде жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің заманауи тәсілдері сыналды. Яғни Гвардейск гарнизонына қарасты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында «Көкжал – 2023» тәжірибелік-тактикалық зерттеу оқу-жаттығуының сынама кезеңі өткізілді. Іс-қимылға Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысып, оқу-жаттығудың өту барысын қадағалаған болатын. Сондай-ақ оқу-жауынгерлік міндеттердің өтуі барысында роталық-тактикалық топтар ішінен арнайы мобильді топтар құрылып, бір аптадан аса арнайы бөлімшелер жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің тактикалық әдістерін пысықтап, артиллериялық армия авиация бөлімшелерін жауынгерлік жағдайда қолдануға аса мән берді. Яғни оның ішінде бөлімшелердегі оқу-жаттығу барысында әртүрлі топтың зақымдау құралдарының жаңа мүмкіндіктерін зерттеп, олардың оңтайлы құрамында жедел, әрі тиімді жұмыс істеу қабілеттерін анықтау міндеттері қойылған болатын.
Сынама оқу-жаттығуының нәтижесінде, артиллерияны оқу-жаттығуда қолданудың ерекшелігі – атыс құралын барынша шоғырландыра отырып, ескі классикалық әдіспен қарсыласты жеңу әдістерін ұтымды қолдана алатынына көз жеткізді. Әрі бөлімше командирлерінің өз бетінше шешім қабылдап, танкке қарсы артиллерия құралдары арқылы алыстағы қарсыластың нысандарын құртудың жаңа тәсілдері де сыналды. Бұл туралы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің генерал-майоры Мереке Көшекбаев: «Әскери өнердің дамуы мен кейінгі жылдары болып жатқан қарулы қақтығыстарды сараптай келе, танк, артиллерия, механикаландырылған басқа да бөлімшелерді қолданудың жаңа тәсілдерін зерттеп жатырмыз. Онымен қоса, тәжірибелік зерттеу тактикалық оқу-жаттығу барысында классикалық, стандартты оқу-жаттығуларынан алшақтап, жаңа әдіс-тәсілдерді де сынап көрдік», – дейді.
Оқу-жаттығу сынамасының нәтижесінде, әр бөлімшенің жеке құрамы практикалық тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ алдағы уақытта да аталған іс-қимылдар жазғы оқу кезеңіндегі жауынгерлік дайындық барысында пысықталады деп күтілуде.