Әскери борышты өтеуден жалтаруға болмайды
37 мың адам. Бұл соңғы ресми деректер бойынша әскерге барудан қашып жүргендер саны. Қазіргі таңда оның 20 мыңы іздестірілуде. Ал ағымдағы жылы 18 мыңнан астам ер азамат әскерге шақырту алып, Отан алдында борышын өтеуге аттанды. Оның ішінде өз еркімен ергендері де, көшеде жүрген жерінен сүйрелгендері де бар. Қош, «армия – үлкен өмір мектебі» дейміз. Отан алдындағы борышты өтеу алдымен мемлекеттің қауіпсіздігіне жауапты болуы, жауапкершілікті сезіну деген сөз. Осы тақырып төңірігенде әскери сарапшы Амангелді Құрметпен сұхбат құрған едік.
– Амангелді аға, әскерге барудан қазір көп жастар қашып жатыр, себебі неде деп ойлайсыз?
– Әр адамның әртүрлі себебі болуы мүмкін. Біреу «денсаулығым» дейді, біреу «оқысам» дейді, тіпті біреулер «ей, ол бір жыл әскерде жүргенше, басқа жұмыстар істегенім жақсы» деген сылтаулар айтады. Әйтсе де, әскерден негізгі қашу себебі – жалпы отбасында, қоғамда әскерге деген көзқарастың өзгеруіне байланысты. Бұл мәселені кешенді әлеуметтанулық зерттеу жасау арқылы анықтау керек. Әр өңірдің жастарының құндылықтарын, көзқарастарын ескере отырып, зерттеу жасаған соң, нақты жауап беруге болады. Біз әскерден қашуды отбасындағы үрейдің әсері деп болжаймыз. Яғни әскердегі негативті ақпараттардың көрініс беруі негізгі себеп болып отыр. Әлімжеттік, суицид тағы басқа. Мен өз басым әскерден бас тартушылардың негізгі себептері ретінде осы жағдайларды қарастырамын.
– Әскерде борышын өтеушілер мен ата-аналарына қандай міндет жүктеледі?
– Адам тағдыры – мемлекеттің құнды байлығы. Оған Конституция негізінде кепілдік берілген, оған ешкімнің қол сұғуға хақы жоқ. Әскерде де солай. Ата-ана баласын мемлекетке аманат қылып бергендіктен, аманатқа қиянат жасамау керек. Қоғам мұны ауыр қабылдайды. Сондықтан осы асқынған дертті түбегейлі жою амалдарын қарастыру керек. Әскери психологтардың біліктілігі жоғары болғаны жөн. Мүмкіндік болса, шет елдерден осы іспен айналысатын дарынды мамандарды оқытып әкелген дұрыс. Бұдан бөлек, балалардың борышы мен міндетін өтеу мәселесін, орта білім беру мекемелерінде, әскери салада ұдайы дұрыс бағытта насихат жүргізіп отыру қажет. Адамның адамнан артық емес екенін ескерту керек. Әлбетте, бұл жерде сол баяғы әлімжеттік, психологиялық төзімсіздік мәселелері тұр. Осы орайда басқарушы аппарат пен командирлерге жауапкершілік артылады. Олардан жауапкершілікті ешкім алып тастай алмайды және олар мұндай қателіктердің алдын алу үшін арнайы шаралар қолдану керек.
– Әскерге қабылдағанда балалардың жағдайына қарау бар ма, мысалы, қалтасы қалың ауқаттылар мен шенділер балаларын міндеттен алып қалып жатады, оларға қарсы қандай шаралар бар?
– Түрлі заңсыз жолдар арқылы алып қалғаны, жалтарғаны анықталатын болса, заңда көрсетілген жазаға тартылуы керек. Жазалайтын тұтас қоғамның талабы жоғары болуы керек. Соттардың да шешімі кейде әділетсіз болады. Сондықтан сот жүйесінің тазалығы өте маңызды. Әйтпесе, нормативтік актілерде белгілі жаза, айыппұл өтету бар. Бірақ соңғы шешім шығаратын – сот. Бәрі бір-бірімен байланысқан домино сияқты жүйе болғандықтан, жалпы қоғамның құқықтық сауаттанып, өз арыз-тілегін жүйелі қойып, соны талап етуі маңызды. Айталық, бір азамат прокуратураға хат жазды делік. Қолмен хат жазса ол базаға тіркелмек тұрмақ, көзге де ілінбейді. Электронды қолтаңбамен хат жазса, мемлекеттік базада тұрады және оның орындалуын мемлекеттік мекемелер бақылап отырады. Нәтиже оң болсын, теріс болсын, шағымға ең бастысы назар аударылады. Сол үшін осындай тетіктерді әділетсіздікті жою үшін жетілдіре берген дұрыс. Сондай-ақ теориялық тұрғыда халықтың құқықтық сауатының артуы біздегі көп мәселелердің шешілуіне ықпал ететіні сөзсіз. Оның ішінде әскери мәселелер де бар.
– Қазақстан әскерінің әлемдік рейтингтегі орны қандай?
– Қай мемлекетті алсақ та, ол елдің әскери әлеуетінің қаншалықты екенін, құдай бетін әрі қылсын, шын мәнінде соғыс уақытында ғана анықтайды. Біз шетелдегі түрлі сайттарды көріп, «әлем бойынша 60-орында, 50-орында» екенбіз деген медиаға негізделген бағалаулар арқылы қарулы күшіміздің әлеуетін өлшеп жүрміз. Әскери салада көптеген құпия болады. Сондықтан оған беталды сену дұрыс емес. Осы уақытқа дейін біз Ресейді әскери әлеуеті бойынша 2-орындағы алпауыт ел деп келдік, алайда Украинадағы соғыстан кейін оның қуаты, шындап келгенде, ядролық қаруында ғана деген көзқарастар қалыптаса бастады. Конвенциялық қару қолданып, стандарттық жағдайда ұрысқа кірген ресейліктердің шын мәнінде жағдайы белгілі болды. Халықаралық көрсеткіштер мен шынайы өмір көрсеткіштері мүлдем сәйкес емес болып тұр.
– Жақсы, рейтингтен түстік, өстік, ол маңызын жоғалтқанмен, шындыққа тура қарасақ, өз азаматтарымызды елін қорғауға құлықсыз етіп болдық, сыртқы күшке қалай төтеп бермекпіз, алдағы уақытта не істегеніміз дұрыс?
– Әскерге барған азаматтарды қорғау үшін, қызмет ететін азаматтардың құқықтық-әлеуметтік қорғалуына әділет принципінде көңіл бөлінуі қажет. Келесі, саладаға инфрақұрылымдарды заманға сай ұдайы жетілдіріп отыру керек. Сосын, қарулы күштерде қызмет ететін жандарға қолдануына қолайлы, бейбіт күнде азаматтық салаға да жұмыс істейтін объектілер көп болуы тиіс. Шекара, казармаларда, т.б орындарда мәдениет пен спорт мүмкіндіктерін арттырып, талапқа сай болуы тиіс. Әскерилерге осындай жағдайлар жасалуы керек. Бізде болашақ дамуда құжаттар қабылданған. Сол құжаттарда көрсетілген межелер орындалуға тиіс. Мәселен, елдің қорғаныс әлеуетін 2030 жылға дейін арттыруға қатысты тұжырымдама бар. Ол 2021 жыл қабылданған. Сол тұжырымдамаға сәйкес жылдық көрсеткіштер пысықталып отыруы шарт. Осы жолы «қорғаныс өнеркәсібін дамыту» деген мәселе көтеріліп отыр. Осыған орай жаңа технологиялар көбірек енгізілгені дұрыс. Сонда қарулы күштердің әлеуеті біршама жақсарады. Әскерде осындай жаңарулар орын алса, жас жауынгерлердің борышын өтеуге деген құлшынысы артады деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рақмет!