Қаңтар оқиғасы: Ерлан Жағыпаровтың өліміне кінәлі әскери қызметкер жеті жылға сотталды
![Қаңтар](/static/img/image.jpg)
Қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаровтың өліміне кінәлі әскери қызметкер жеті жылға сотталды.
7 ақпанда Алматы гарнизонының Әскери соты Ұлттық ұланның әскери қызметкері Айтжан Әубәкіровті 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекстің 451-бабы – «Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Әубәкіров жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады. Сондай-ақ ол полковник әскери атағынан айырылды.
Сонымен қатар, марқұм археологтың ағасы Нұрлан Жағыпаровтың моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арызы сотпен ішінара қанағаттандырылды: 50 миллион теңгенің орнына сот Әубәкіровтен 20 миллион теңге өндіріп беруге міндеттеді.
Нұрлан Жағыпаров ақшаның барлығы Ерлан Жағыпаров ісін қолдауға жұмсалатынын айтты.
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановқа қатысты сот өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Қылмыстық кодекстің 451-бабы бойынша «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп айыпталған Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Айтжан Әубәкіров айыпталды.
Іс материалдарына сәйкес, әскерилер 2022 жылы 6 қаңтарда Республика алаңында Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановты ұстап, ұрып-соғып, кейін босатқан. Бұдан әрі ұрып-соғудан қорқып, Жағыпаров пен Қапсаланов қашқан, пл сол кезде әскерилер екеуін атып тастаған.