Әскери қызмет бар ынтамен атқарылуы керек
Мемлекеттік қызметшілер күні Қазақстанда жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Президент Жарлығымен бекітілген бұл кәсіби мерекеге биыл 10 жыл толып отыр.
Күнтізбе бойынша бұл даталы күн 2002 жылы Бас Ассамблея сессиясының 57 қарарымен бекітілген Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күнімен сәйкес келеді.
Мемлекетке қызмет ету құрметті әрі жауапты миссия. Оның ішінде әскери қызмет мемлекеттік қызметтің айрықша түрі саналады. Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік шекарасына қол сұғылмауын қарумен қорғауға байланысты әскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған.
«Әскери қызметші», «Отан қорғаушы» ұғымдарында терең адамгершілік мағына жатыр. Бұл шын мәнінде қасиетті. Өйткені жер бетінде бейбіт аспан мен өз жерін, халқын қорғаудан жоғары миссия жоқ.
Әскери қызметшілер кез келген уақытта өздерінің басын қатерге тіге отырып, көмек қолын созуға әзір. Қажет сәтте елімізбен оның азаматтарын қорғау үшін олар күн сайын әскери қызметтің қиындықтарын еңсеріп, жауынгерлік дағдыларын жетілдіріп отырады.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің сөзінше, еліміздің қарулы күштерінде жеке құрамның өмір сүру жағдайына ерекше назар аударылуда.
– Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызмет өткергендер үшін ҰБТ тапсырусыз жоғары білім алуға жақсы мүмкіндік бар. Ал жауынгерлік даярлықта және қызметтік міндеттерін орындауда үздік нәтижелер көрсеткендер жоғары оқу орнының есебінен тегін оқуға түсе алады, – дейді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Қорғаныс министрлігі қырық жоғары оқу орнымен келісім жасасқан болатын. Аталмыш құжат осы санаттағы азаматтарды ҰБТ-сыз ақылы да, тегін де оқуға қабылдауды көздейді.
– Біз бұл бағдарламаны әскери қызметін бар ынтасымен атқарып, Отан қорғаушы атағына лайық болған азаматтарға арнайы әзірледік. Әскердің тәрбиесін көргендер – алға қойған мақсатқа ұмтылатынына сенімдімін, – дейді бас инспектор – Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарымен келісім бойынша оқу орны есебінен білім алуға 3 мыңнан астам орын бөлініп отыр. Жоғары оқу орнына әскери қызмет өткерген, орта мектепті бітіргені туралы аттестаты не техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімін растайтын құжаты бар адамдар түсе алады.
Жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, үлгілі әскери тәртібімен көзге түскен әскери қызметшілер оқу орнының квотасы есебінен жоғары оқу орнына түсу үшін әскери бөлім қолбасшылығының ұсынымын алады.
Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева атап өткендей, мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін жеңілдіктер мұнымен шектелмейді. Несиелері бойынша төлемдерді «тоқтату» және белгіленген қызмет мерзімін өткерген әскери қызметшілерді бес жыл мерзімге табыс салығынан босату шаралар пакеті кіретіні де әзірлену үстінде.