Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:20, 11 Сәуір 2023

Әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету жайы

None
None

Қазіргі таңда жастарға патриоттық тәрбие мен отан алдындағы борышын түсіндіру ең маңызды жұмыстардың бірі.

Соған орай елімізде жастарды отан алдындағы міндетін атқаруға, әрі әскери қызметке барлық мүмкіндіктер жасалынғаны жөнінде ақпараттандыру жұмыстары аз жүргізіліп жатқан жоқ.

Десе де жастардың көбі әскери қызметке барудан тайсақтайтыны анық. Ал олардың қорқынышын сейілтіп, патриоттық сезімдерін ояту үшін былтыр үкімет 2023 жылдан бастап оолардың жалақыларын көтеріп, әлеуметтік қамсыздандыру жағынан тиімді өзгерістер енгізілетіндігін айтқан болатын. Бұл орайлы іс мақұлданды да. Әрі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің орташа жалақысын алпыс пайызға арттырған болатын. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов хабарлаған болатын. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметкерлердің айлығын жиырма пайызға арттырды. Әрі әскери медицина қызметкерлерінің ақшалай үлесін азаматтық медицина мекемелері қызметкерлерінің жалақысының деңгейіне дейін жеткізу мен жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын азаматтық жоғары оқу орындарының деңгейіне дейін арттыру, төтенше жағдай салдарын жою, ұлттық ұланмен, ішкі істер министрлігімен ұқсастығы бойынша үш еселенген ақшалай қамтылымдағы мөлшерді арттыру жұмыстары жүргізілді. Бұл биылға атқарылатын жұмыстардың жоспары болса, келесі жылы яғни, 2024 жылы 1 қаңтардан бастап, Қарулы күштердің қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамы лауазымдарының тарифтік санаты мен әскери қызметшілердің әскери атағы бойынша жалақыларын отыз пайызға арттырып, ал әскери қызметте жиырма бес жыл еңбек сіңіргендердің келісімшарт мерзімі біткеннен кейін оларға зейнетақы төлеміне құқық беріледі. Ал 2016 жылғы бірінші қаңтарға дейін әскери қызметтен кеткен азаматтарға мемлекеттік базалық зейнетақы жүргізіледі. Ал 1998 жылғы бірінші қаңтарға дейін шығарылған зейнеткерлерге жыл сайынғы индекстерді ескере отырып, зейнетақысын индекстеу мен жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ горнизондарға, шетелге кететін әскери қызметкерлердің жұбайына жұмыс орнын сақтауға байланысты заңнамалық тұрғыдан реттеу көзделуде екенін Сұлтан Қамалетдинов айтып өткен болатын.

Айта кететін жайт, биыл жастарға Отан алдындағы борыштарын өтеуге қатысты ақпараттық жұмыстар жүргізіліп, еліміздің әр өңірінде әскерге шақыру науқаны басталып кетті. Соған сәйкес, биыл 1 наурыздан бастап, 1996-2004 жылдары туған 18-27 жас аралығындағы азаматтарға әскерге шақыру қағазы таратылуда. Шақыру науқаны осы жылдың бірінші шілдесіне дейін жалғасады. Әскерге шақырылған азаматтар алдымен медициналық тексерістен өтеді. Әскерге шақыру комиссиясы бірінші кезекте техникалық мамандығы бар, дене бітімі, денсаулығы бойынша әскери қызметке жарамды, әрі әскери қызметке ниет білдірген шақырушыларға басымдық береді. Сонымен бірге, алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі азаматтардың мерзімді борышын өтеуге ынтасын арттыру мақсатында әскери қызметкерлер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқуға, әскерге барып келген азаматтарға емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай-ақ оқуға түсуге мүмкіндіктер қарастырылуда.

Тегтер: