Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:30

Әскери теңізшілер штурмандық шеберлігін шыңдады

1
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері Каспий теңізінің орталық бөлігінде оқу-жаттығу штурмандық жорығына қатысты.

Жаттығу барысында теңізшілер кеме жүргізу дағдыларын жетілдіріп, навигациялық міндеттерді нақты жағдайда орындау арқылы штурмандық қызметті ұйымдастыру тәжірибесін шыңдады.

Жорықтың негізгі мақсаты – жеке құрамның штурмандық дайындық деңгейін арттырып, кәсіби құзыреттілігін дамыту. Қатысушылар вахталық офицер ретіндегі іс-әрекеттерді пысықтап, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырды.

«Мұндай жорықтар кәсіби шеберлікпен қатар, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл штурмандық қызметтің жауынгерлік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді капитан-лейтенант Қуанышбек Дүйсембаев.

Сабақтар барысында теңіздегі әскери іс-қимылдар театрының ерекшеліктері егжей-тегжейлі зерттеліп, түрлі кеме жүргізу әдістері қолданылды. Жорық қорытындысы бойынша штурмандық жауынгерлік бөлімшенің офицерлері сынақты сәтті тапсырды.

Каспийдегі мұндай оқу-жаттығулар Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кәсіби даярлығын нығайтып, теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуетін арттыра түседі деген сенім бар.

Қазақстан Әскери-теңіз күштері 1993 жылы 2 сәуірде құрылған. Ал Қарулы күштердің дербес түрі болып 2003 жылы 7 мамырда түпкілікті қалыптасты. Әскери-теңіз күштері мемлекеттік шекараны қорғау, Ақтау, Баутино, Құрық порттары сияқты стратегиялық объектілерді, жасанды аралдарды, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы құбырлар мен кен орындарын қорғау жөніндегі міндеттерді орындайды.

Айта кетейік, Әскери-теңіз күштерінің қару-жарақ құрамында елімізде және шетелде өндірілген заманауи кемелер, ең жаңа теңіз жабдықтары, қару-жарақ пен техника бар. Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Кореяның жетекші әскери оқу орындарында оқыған офицерлер кеме экипаждарын басқарады. Ал кіші мамандар Ақтау қаласының Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығында дайындықтан өтеді.

Еламан Өмірхан

Тегтер: