Аспан астындағы сары бояу (Салихитдин Айтбаевтың шығармашылығы туралы)

«Оның қылқаламының әрбір серпіні қазақ өнерін алға жетеледі, ал оның әйгілі шығармалары – тұтас бір буын үшін өнер әлеміне ашылған терезе еді. Ол өз шығармашылығында Сезанн мен Пикассоның, Моцарт пен Шығыс миниатюраларының рухын біріктіре отырып, біздің әлемімізге жарық түсірді. Ол өткен мен бүгінді жалғаған уақыт жібін шебер тоқып, социалистік реализмге кедергі келтірген жаңа көзқарас әкелді» дейтін еді Айтбаев жайлы оның замандастары.
Шынымен де, Айтбаев шығармашылығының бірегейлігі оның өнер мен әдебиеттің, музыканың және философияның қиылысатын тұстарын терең түсінуінде еді. Ол тек суретші ғана емес, сонымен бірге өнердегі жаңашыл реформатор болды. Туындылары арқылы ұлттық мәдениеттің ауыр жүгін көтеріп, қазақ бейнелеу өнерінің көркемдік әлемін жаңа деңгейге жеткізді.
1938 жылдың 15 ақпанында Қызылорда облысы Қазалының алқоңыр даласында дүние есігін ашқан Салихитдин Айтбаевтың тағдыры да өзгеше өрілді.
Туған жерінің әр бұтасы, топырағы мен тасы болашақ суретшінің жүрегіне мәңгілік мөрін басқандай. Ұшы-қиыры жоқ құм дала мен сарғыш тартып жататын меңіреу шөл жас суретшінің көкірегіне орнаған алғашқы әсерлер еді. Мұның бәрі оның жан дүниесін әлдилетіп, өнердегі басты бояуын айқындап бергендей. Ауыл сыртынан соққан аптап жел құмды аспанға көтеріп, айналаны сарғыш шұғылаға малындырғанда, бала көңілі осы бір құбылысты ұмытылмас сырға балап, сол әлемді жан-тәнімен түйсінсе керек.

Айтбаевтың аспан мен жерді сары түспен бейнелеуінің себебі де сол естеліктер болса керек. Бұл түс оның жүрегінің ең терең түкпірінен шығып, сағынышынан туындаған сырлы әуені еді. Оның әр картинасында аспан жай ғана кеңістік емес, туған жердің мәңгілік тынысын бейнелейтін терең мағынаға ие. Қу дала, жапан түзде жалғыз қалған там үйлер, сағымдай бұлдыраған көкжиек – мұның бәрі суретшінің жанына бала күннен жақын шындық. Сол шындықтың сырын суреттен іздеу, бояумен бедерлеу оны Алматыға жетеледі.
1950 жылдары бала күнінен өнерге ынтық С.Айтбаев арман жетегінде Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің есігін қақты. Бұл оқу орны оның шығармашылық бастауының алғышартына айналды. Қылқаламға деген махаббаты бекіп, өнер атты тұңғиық әлемге терең бойлай бастады. Мұнда ол белгілі қазақ суретшілері Үкі Әжиев пен Молдахмет Кенбаев секілді тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, бейнелеу өнерінің классикалық негіздерін терең меңгерді. Училищедегі жылдар Айтбаевтың шығармашылық көзқарасын қалыптастырды. Осында ол шеберлік шыңына ұмтылып, өз дауысы мен қолтаңбасын іздеуге талпынды.

1960 жылдар Салихитдин Айтбаев үшін ерекше кезең болды. Кеңес дәуіріндегі «жылымық» деп аталатын кезеңі ұлттық мәдениет пен өнерге жаңа леп әкеліп, суретшілердің өз ойларын батыл түрде жеткізуіне мүмкіндік берді. Айтбаев осы мүмкіндікті пайдаланып, еуропалық модернизмнің жаңашыл тәсілдерін зерттей отырып, өзінің ерекше стилін қалыптастырды. Бұл стиль қазақ бейнелеу өнерінде жаңа дәуірдің басталуын көрсетті.
Айтбаевтың шығармашылығы «қатаң стиль» деп аталатын көркемдік бағыттың аясында дамыды. Оның өнерінде қарапайым халық өмірі, тұрмыс, еңбек пен табиғат терең философиялық тұрғыда бейнеленді.
Шеберлігі шар болаттай шыңдалып, шығармашылықтың биік белестерін бағындырған шағында, яғни 1965 жылы Айтбаев Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанды. Оның туындылары сол жылдары өрістей бастаған сурет бағыттарына жаңаша серпін беріп, ұлттық өнердің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.
Суретшіге мәдени ортадағы ең алғашқы танымалдылықты оның 1966 жылы жазған «Бақыт» атты картинасы алып келді. Бұл туынды Мәскеуде өткен КСРО жас суретшілерінің Бүкілодақтық көрмесіне қойылып, жас суретшінің шығармашыл қарымын танытты. Сол шақта-ақ оның жүрегінде алаулап жанған жалын, қылқаламынан төгілген сырлы бояу көптің көңілінен орын тапқан-ды.
«Бақыт» – сырт қарағанда қарапайым ғана қазақ отбасының бейнесі. Бірақ мұнда терең бір сыр бар. Шаңырағы биік, керегесі кең қазақ жұртының арман-мақсаты, тіршілігі осынау бейнеден сезіледі. Картинада бір бағытқа қараған қос тағдыр. Тұрмыстың сан тарау соқпағынан қатар өтіп, бірге отырған жұп. Екеуі де нық, екеуі де сенімді. Күнделікті тіршіліктің бір бейнесі секілді көрінгенімен, мұнда өмірдің өзегіндей терең мағына бар. Бұл – суретшінің жүрек түкпірінен шыққан, туған жердің әр уыс топырағынан нәр алған бояулы шындығы еді.
1969 жылы Айтбаев «Қонақ келді» атты картина жазды. Бұл туынды арқылы суретші қазақ тұрмысының қарапайымдылығын көркем символика деңгейіне көтеруге тырысты. Ізденісін тоқтатпаған Айтбаев, өзінің ерекше стилін қалыптастырып, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында танымал болған суретшіге айналды.
Шығармашылығы шұрайлы өріске шығып жатқанын сезген Айтбаев 1971 жылы линогравюра техникасына қызығушылық танытып, суреттерінде графика тіліне жүгіне бастады. Жаңа тыныс тапқан суретшінің бұл кезеңде жазған жұмыстарының ішінде «Автопортреті» қызық. Портреттегі үш бейне – кейіпкердің ішкі рухы, қоғамдық рөлі және уақыттық өлшемі сияқты үш қырын ашатындай. Жалпы бейнеленген образ және оның қолындағы ыдыс –балбал тастардың эстетикасын еске салады.
1970-1980 жылдары С.Айтбаев өзінің шығармашылық стилін дамытып, жаңа бағыттарды игеруге батыл қадам жасады. Ол картиналарына кубизм элементтерін кіріктіріп, ұлттық бейнелеу өнеріне заманауи формаларды енгізе бастады. Табиғат пен тұрмыстың қарапайым көріністерін туындыларына арқау етсе де, ендігіде кеңістікпен ойнап, декоративтік әдістерді дамытуға көшті.
С.Айтбаевтың «Қойшының отбасы» (1986) картинасына зер сала қарасақ, санамызда еріксіз «Өмір дегеніміз не? Адамға бақыт үшін не қажет? Ақыр соңында бұл бақытты қайдан табамыз?» деген секілді сұрақтар пайда болады. Бәлкім, бақыт отбасында, балаларда, табиғатпен үйлесімде жасырылған шығар деп те ойлайсың.
Бұл сурет қазақ отбасының тұрмыс-тіршілігінің бейнесі ғана емес. Бұл өмір туралы, оның мәні, адамды шынымен бақытты ететін дүниелер туралы философиялық рефлексия. Суретте біз тұмса табиғатпен қоршалған шопанның отбасын көреміз. Әкесінің алдында ұйықтаған бала немесе жақын жерде ойнаған қыз – ұрпақтың жалғасын көрсетіп, өмірдің аяқталмайтынын еске салады. Мұндағы табиғат тек фон ғана емес, бұл осы сабақтастықтың бір бөлшегі. Ол – тұнық, сабырлы, үйлесімді. Тіпті жақын жерде жатқан ит те елеусіз емес.
Айтбаев шындық пен сұлулықты біріктіруге тырысады. Ол шопанның өмірін мінсіздендірмейді, керісінше, барынша шынайы әрі қарапайым көрсетеді, бірақ терең мағынаға толы күйінде ашады. Көрерменді сыртқы қарапайымдылықтың артындағы ішкі үйлесімділікті сезінуге, көруге шақырады.

Өнер – бұл өмірдің көрінісі ғана болмаса керек. Бұл күнделікті өмірдің артында не жатқанын көруге мүмкіндік беретін әлемді тану тәсілі. Суретшінің ұлылығы да осында шығар, сірә. Ол дайын жауаптар бермейді, алайда бізге шындықты іздеуге жетелейтін сұрақтар қояды.
1989 жылы Мәскеу төрінде қазақ бейнелеу өнерінің жаңа толқыны атанған үш бірдей өнер иесі – Салихитдин Айтбаев, Исатай Исабаев, Еркін Мергенов топтық көрме өткізді. Бұл көрме суретші биографиясындағы маңызды оқиғалардың бірі болды және ұлттық өнердің жаһандық деңгейде талқылануына ерекше мүмкіндік сыйлады.
Сурет өнерінің бір арнаға тоғысқан осы бір дүбірлі жиынында қазақ бейнелеу өнерінің айшықты өрнегі, өзіндік ерекшелігі мен сырлы тереңдігі аудиторияға кеңінен таныстырылды. Айтбаевтың туған жердің тылсым рухын бейнелеген көркем полотнолары, Исабаевтың сызық пен бояуды жымдастыра отырып, ой мен сезім тереңіне жетелейтін графикалық жұмыстары, Мергеновтің қасаң қағиданы бұзып, жаңашыл бағытқа бет түзеген мүсіндері – бәрі де көрерменін бейжай қалдырмады. Тіпті таңғалдырды.
Әдебиет сыншысы Мұрат Әуезов осы көрме туралы: «Ұлттық мәдениетке қызығушылықтың арта түскен шағында Мәскеуде үш бірдей қазақ суретшісінің көрмесі ашылуда. Бұл жағдай олардың шығармалары мен өнерін шын сүйетін талғампаз көрерменмен сұхбаттасуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Көрмеге ұсынылған өнер түрлерінің сан алуандығы (графика, кескіндеме, мүсін) оның толыққанды болуын қамтамасыз етеді. Алайда бұл көрменің қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің атынан сөз сөйлеу құқығын иеленуі тек осы ерекшелігімен ғана шектелмейді. С.Айтбаев, И.Исабаев, Е.Мергенов өз замандастарының дүниетанымы мен кәсіби абыройын сынаққа салған қиын жағдайлар өктемдігіне қарсы тұра білді» дей келіп, көрмедегі Айтбаевтың туындылары хақында: «С.Айтбаевтың кескіндемелерінде замана лебі үнемі қозғалыста, ол тыныстайды, пішінді бұзып-жарады. Бұл жердің қатпарлы қабаттарының тайталасы іспетті мәңгілік ұғымдардың бірі. С.Айтбаев өз қазақтарын сол бір аңыз-әпсанаға тән сабырлы салмақтылықпен бейнелейді. Күннің шығуы мен батуын күзететін сақшы болса да, дәл сондай қалыппен бейнелер еді» деп түйіндеді.
Бұл айтарлықтай поэтикалық метафора. Егер біреу күннің шығуы мен батуын күзететін сақшы болса, ол әлемнің өзгермес заңдылығына үнсіз куәгер болар еді. Яғни Айтбаевтың қазақтары дәл сондай сабырлы, олар уақыттың өзгерісіне мойынсұнбайды, бірақ соны өз бойынан өткеріп, үнсіз бақылайды.

Күннің шығысы мен батысын үнсіз күзеткен сақшыдай, ол да уақыттың толқынында сыр бермей, өзінің қазақы болмысымен бекем тұрып, ұлтының бейнесін соңғы демі біткенше жоқтады. Тумысынан қазақ болмысына ынтызар, туған даласының ұлына айналған Айтбаев 1994 жылы, небәрі 56 жасында, фәниден бақиға озды.
Ол өнердің биік шыңына жалғыз шыққан жоқ, соңынан ерген буынға жол ашқан ұлы суреткер болды. Заманалар көшсе де, оның қалдырған ізі көмескі тартпас. «Бейнелеу өнерінде тым ұяң болмаңдар, тентек-соқтау болыңдар» деп өзі айтқандай, Айтбаев өнердің еркіндігін, бояу мен сызықтың бүкпесіз сөйлеуін қалады. Оның осы батыл ұстанымы туған жері Қызылорданы талантты суретшілер мекеніне айналдырды. Артынан Өмірбек Жұбаниязов, Әли Бақтыгерей сынды қылқалам шеберлері еріп, оның салып кеткен сара жолын жалғады. Сөйтіп, Айтбаевтың өр рухы, еркін ойы қазақ бейнелеу өнерінде мәңгілікке бедерленді.
Санжар Сырғабаев
Суретші, өнертанушы