Аспанға ұшқандар неге ажал құша береді?
Өткен сенбіде Алматыда АН-26 ұшағы құлады. Төрт әскери адам қаза болды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, апат туралы ақпарат 13 наурызда сағат 17:25-те түскен. «Нұр-Сұлтан–Алматы» бағытындағы Ан-26 әскери ұшағы радардан жоғалып, Алматы әуежайына апатты жағдайда қонған.
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл ұшақ бастапқы АН-24 моделінің модификациясы. Ұшақ жүк тиеуге және оны түсіруге ыңғайлы құрастырылған. АН-26 екі АИ-24ВТ турбиналы-винтті қозғалтқышпен және негізгі қозғалтқыштың оң гондоласында орнатылған бір қосымша РУ-19А-300 реактивті қозғалтқышпен жабдықталған. Дереккөздердің мәліметінде мұндай типтегі ұшақтар әуе қорғаныс күштері мен ҰҚК шекара қызметінде қолданылады.
«Апат айтып келмейді» десек те, төрт бірдей отбасының қара жамылғанына қабырғамыз қайысты. Билік тарапынан еліміздің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған төрт әскеридің отбасына қайғырып көңіл айтты. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев сол күні оқиға орнынан табылды. ҰҚК ұшақ апатының себеп-салдарын анықтауға кірісіп те кетті. Дегенмен әрбіріміздің көкейімізде «соңғы кездері әуе кемелерінің неге апаттары көбейіп кетті» деген сауал тұрғаны тағы ақиқат. Деректерге жүгінсек, соңғы жылдардағы елімізде болған ұшақ апаттарының хронологиясы тіптен қорқынышты-ақ.
2009 жыл:
Мысалы,2009 жылы 8 қыркүйекте Қазақстанның ҰҚК шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының «Арлан» барлау-іздеу тобының МИ-8 ұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңында апатқа ұшыраған. Тікұшақта 13 адам болған. 10 адам қаза болып, қалған үшеуі ауыр жараланды.
2012 жыл:
2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент қаласының маңында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі АН-72 (Antonov An-72) ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі Сайрам ауданындағы Тассай ауылының маңындағы карьерге құлаған. Бұл апаттың салдарынан 27 адам қаза болды. 27 желтоқсан – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2013 жыл:
2013 жылы 29 қаңтарда сағат 13:00 шамасында Алматы әуежайына шамамен 5 шақырым жетпей, «Көкшетау–Алматы» бағытын орындаған СКАТ әуекомпаниясының Bombardier CRJ 200LR ұшағы апатқа ұшырады. Бұл жолы бес экипаж мүшесі мен 16 жолаушы қаза тапты. 31 қаңтар – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2015 жыл:
2015 жылы 20 қаңтарда АН-2 ұшағы «Шатыркөл» кен орны ауданында апатқа ұшыраған еді. «Олимп Эйр» серіктестігіне тиесілі ұшақ Балқаштан кен орнына ұшып шыққан. Ұшақ бортында жеті адам болды, оның үшеуі – экипаж мүшесі. Бұл апат салдарынан алты адам қаза тапты.
2016 жыл:
2016 жылы үш бірдей әуе апаты болды. 23 қаңтарда Жамбыл облысында апатқа ұшыраған МИ-2 полицияның тікұшағы болып шықты. Апатқа ұшыраған тікұшақтың пилоты қайтыс болды. 27 қаңтарда «Аспан» акционерлік қоғамының меншігіндегі UP-MD 600-N азаматтық тікұшағы Үшарал қаласынан Талдықорғандағы ауруханаға науқас баланы алып шыққан бетте апатқа ұшырап, әуе кемесінің бортындағы бес адам қаза тапты. 26 маусымда Алматы облысындағы Береке ауылының маңында АН-2 ұшағы апаттық жағдайда қонды. Бортта екі адам болған. Екеуі де қаза тапты.
2017 жыл:
2017 жылы ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті Eastwing әуекомпаниясының АН-28 ұшағы Алматыдан 28 шақырым жерде жоғалып кеткенін хабарлаған еді. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ұшақ «Алматы–Шымкент» бағытында санитарлық рейс жасаған. Кейін ұшақ Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған. Бортта болған бес адамның барлығы қаза тапқан. 27 наурызда Қазақстан ҚК ӘҚК әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырады. Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының маңында МИ-8 тікұшағы апаты салдарынан 13 әскери қаза тапқан-ды.
2019 жыл:
2019 жылы 27 желтоқсанда таңғы уақытта Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air ұшағы құлады. Бортта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Бұл апат кезінде әлеуметтік денсаулық сақтау басқармасының мамандары 15 адамның қаза болғанын айтқан. Алайда кейін ішкі істер министрлігі 12 адамның қаза тапқанын хабарлады.
2021 жыл...
Ал биыл жылдың басталғанына екі ай өтер-өтпестен төрт бірдей әскери азаматтан айырылдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек, менің тапсырмаммен апаттың себептерін анықтау басталды», – деді. Бірақ неге бізде жыл сайын мұндай оқиғалар қайталана береді?! Комиссия құрылады, іс қозғалады, шешім шығарылады, бірақ ұшақ апаттары қайта айналып соға береді. Әуеге ұшқанда біз үнемі иманымызды үйіріп, өлім мен өмір арасын елестетіп есеңгіреп кетеміз. Бұл үрейден қашан арыламыз?
Тақырыпқа тұздық
«Шетелге жүгіну технологиялық бодандыққа жетелейді»
Техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтамыс Мендебаевтың айтуынша, біздің ең осал тұсымыз – техника ғылымдарын жетілдіруге мән бермейтініміз. Техника ғылымы мен өндіріс орындарын тығыз байланыстырып, машина жасау, тікұшақ құрастыру, ұшақ құрастыру жағын өндіріске бағыттап, ғылым мен өндіріс арасында өткел салғанымызда мұндай мәселелер азаятын еді. Осы жұмыстарды әлдеқашан меңгергенде отандық тікұшақ шығаруға да болатын еді.
– Бірақ біз мұндай жайттарға аса мән бермедік. Шетелдің технологиясын сатып алу, соны қолдану әлі де болса тыйылар емес. Шетел бізге жақсысын бермейді. Әрі қымбат, әрі өте көнерген, ескірген технологиясын сатып аламыз. Өзімізде жасау қолдан келмейді екен, ендеше заңды қатайту керек. Елімізге тікұшақтар мен ұшақтарды жеткізетін әуе компанияларының қызметіне бақылауды күшейту керек. Мұндай іспен айналысатын жекелеген әуе компанияларын жан-жақты тексеріп, қажет болса олардың санын қысқартып, куәліктерін қайтарып алу қажет. Сырттан келетін технологияның көлеңкелі жақтары барын да ескеруіміз керек. Шетелдік технологияға жүгіну технологиялық бодандыққа жетелейді. Бұл жерде тағы бір ескеретін дүние – бірде-бір өркениетті мемлекет беткеұстар жаңа технологиясын еш уақытта ешкімге сатпайды. Осыны мықтап есте сақтаған жөн. Бізге отандық техника, ұшақ, тікұшақ, машина жасау өндірісін дамытуға назар аударатын кезең әлдеқашан жетті, – дейді профессор Тоқтамыс Мендебаев.