Ассамблея елдің іргесіне сына қағып отыр ма?
Қазақ қоғамындағы негізгі титулды ұлтқа ұнай бермейтін ұйым кеше сарказммен айтсақ, өзінің ірілігін, тірілігін көрсетті.
Алайда, Қазақстан қазынасынан орасан зор қаржы құйылып жатқан ұйымның ұлтқа берер пайдасы бар ма? Қазақ қоғамы мұны ондаған жылдан бері айтып келе жатса да, ол талапқа құлақ асатын билік жоқ. Қысқасы, біздің жалтақ билікке Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты жасанды ұйым керек.
Назарбаевтың ескі жүйесінде бұл ұйымды «кіші БҰҰ» деп әбден мақтап, әспеттеді. Бұл Қазақстандағы «кіші ұлттардың» Құдай бере салған мінберіне айналды. Оларды халық сайламай, бірден депутат болды.
Сөйткен «кіші БҰҰ» кеше бүйректен сирақ шығарды. Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің сөзінен кілтипан тапты. Орынсыз болмас үшін Ассамблеясының мәлімдемесін сөзбе-сөз келтірелік:
«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы мәлімдемелерге жол беруге болмайды, деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды. Дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс. Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидалары мызғымайтын ұстаным. Олар бізге Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының ең қиын жылдарында да этносаралық қақтығыстардың алдын алып, еліміз бен халқымыздың тұтастығын сақтауға көмектесті. Өшпенділікті қоздыратын кез келген пікір, этностық жек көрушілік пен оның қандай болмасын көріністерін насихаттау – біз үшін жат ұғым. Барлық қазақстандықтарды дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз», – дейді мәлімдемеде.
Ол ол ма, Ассамблея жасаған мәлімдемені Сыртқы істер министрлігі қолдап, жедел үн қатты. Ақпаратты ресми түрде таратсақ, «ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаевтың Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскиймен кездесуі өтті. Кездесу барысында украиндық елшінің қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбатында айтқан мәлімдемелеріне байланысты наразылық білдірді. Қазақстан тарапы мұндай мәлімдемелердің шет мемлекет елшісінің қызметіне сай келмейтіндігі және қолайсыздығы туралы ұстанымын білдірді. Мұндай іс-қимылдар мемлекеттер арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтірмеуге тиіс».
Міне, қазақ қоғамын дүр сілкінткен оқиғаның ұзын-ұрғасы осындай. Әрине, украиндық елшінің алаңдаушылығы мен эмоциялық көңіл күйін түсінуге болар. Алты айдан бері украин жерінде он мыңдаған адам қаза тапты. 4-5 миллион адам бас сауғалап, шетелге кетті. Босқын атанды. Соғыс болған аумақтарда ғимараттар жермен жексен болды. Тіршілік жоқ. Бірақ мәселе мынада: Украиндық елші рас, Қазақстанда, бірақ біз соғысқа сырттан қарап, бейтараптық танытып отырған үшінші елміз ғой. Елші Петр Врублевскийдің өшпенділігін түсінуге болар. Бірақ оны Сыртқы істер министрлігіне шақырып алып, ескерту жасайтындай не күн туды? Саясаттанушы Мұхтар Тайжан айтқандай, «украин халқы бүгінгі таңда өз жерін жаудан қорғап, соғысып жүр. Ал жаудың аты – жау. Жау сені өлтіруге тырысады, сен жауды өлтіруге тырысасың. Соғыста басқаша болмайды». Петр Врублевский басқыншылыққа ұшырап жатқан өз елінің позициясын білдірді. Ал қазір кейбір орыстілділер «украиндық елшіні елден қуу керек» деп петицияға қол жинау басталып кетті. Әлеуметтік желі екіге бөлінді. Қазақ қоғамының басым бөлігі «мұндай мәлімдеме жасайтын Ассамблея жойылсын», деп олар да қол жинауға көшті. Ақиқаты, Назарбаев құрып кеткен Ассамблея қазіргі уақытта елдің іргесіне осылай сына қағып отырған жайы бар. Петр Врублевский «қазақстандық орыстарды емес, Украинаға басып кіріп, халықты қырып-жойып, қалаларды қиратып жатқан орыс фашистерін өлтіру керек», деп айтып отыр ғой. Мұндай жағдайда елші сөзінен бір сөйлемді жұлып алып, мәлімдеме жасап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы әрекеті қаншалықты қисынды? Сөздің мағынасын бұрмалап, мемлекеттік деңгейде шу туғызу кімге қажет? Қазір әлеуметтік желіде «Мен Қазақстан Республикасының азаматы, мемлекет бюджетінен миллиардтар алып, бірақ мемлекеттің не ішкі, не сыртқы саясатына түк пайдасы жоқ «Қазақстан халқы ассамблеясы» ұйымының таратылуын талап етемін?» деген жанайқай пікірлер көбейді. Бірақ бұған назар аударып жатқан билік жоқ. Әрине, ұлтаралық дүрдараздыққа біз де қарсымыз. Бірақ қаңтар оқиғасы, Қордайдағы жанжал кезінде үні шықпаған Ассамблеяның үні неге осы жолы қатқыл шықты? Сол кезде айтары болмаған Ассамблеяның аяқ астынан тірілуінде не сыр бар?