Ассамблея халықты табыстыруға ықпал етіп келеді
Қарағанды облысы 100-ден астам ұлттың ортақ шаңырағына айналған аймақ. Татулық бесігі тербелген мекенде тұрып жатқан ұлыстардың басын тоғыстырып отырған Қазақстан халықтары Ассамблеясының облыстық бөлімшесі олардың бір- бірімен жақындастырып, табыстыруға ықпал етіп келеді.
Бейбітшілікті ту еткен институт өзге ұлттың баласын өзекке теппей, бірге ұйысуға жол көрсетуде.
— Соңғы кезде қоғамда Ассамблея қажеті жоқ деген сыңаржақ пікір айтыла бастады. Бұл- шовенистік пиғылға бастайтын қадам дер едім. Менің отбасым -Қазақстан азаматтары. Қазақстан-біздің туған жеріміз. Бізге басқа отан керек емес. Ортақ еліміздегі бейбітшілік, ұлттар арасындағы бірлік пен сыйластықтан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Бүгінде қай елде болмасын бейбітшілік құндылыққа айналып отыр. Көрші елдің тыныштығы бұзылса, қасындағы мемлекет соғыссыз-ақ зардап шегетіні аян. Мамыражай тыныштық мемлекеттің даму кілті, ең бастысы- жас ұрпақтың болашағының кепілі. Біз үшін бейбітшілік мекені атанған Ассамлеяға жиналғанда, орыс, корейс, татар, әзірбайжан, шешен, түрік боп бөлінбей, қанша ұлттың өкілі болсақ та, «Біз қазақстандықтармыз!» деген мақтаныш кеудемізді кернейді. Жергілікті ұлттар иланбауы мүмкін, бірақ ол сезімді әркім бастан өткергенде жақсы түсінеді,-дейді Қарағандылық түрік келіншек Зарина Сафарова.
-Мен балаларымның болашағын тек Қазақстанмен байланыстырамын. Перзенттерімнің тағдырына жауапты тұлға болғандықтан, олардың тілін шынашақтайынан қазақша сындырдым. Жұбайым қазақ. Төрт баламның екеуі қазақ мектебінде оқып жүр. Екі кішкентайым балабақшада қазақ тобында тәрбиеленуде. Отбасында қазақтың салт- дәстүрін қалтықсыз ұстанамыз. Күзде-күздік, қыста-соғым сойып, көрші-қолаң, туған-туыстарға сыбаға сыйлаймыз. Ата дәстүрден жаңылған емеспіз. Бабаларымыздың текті тәлімін көріп өсіп келе жатқан ұлдарым есейгенде мирастық аманатын жалғайды деген үміттемін,-деп марқайды Қарағанды қаласының тұрғыны Владимир Сигерт.
Өндірісті өлкеде ұлтымыздың тілін шешендік иіріммен меңгерген, қара сөздің қасиетін түсініп, қазақша мақал-мәтелдетіп сөйлейтін өзге ұлттың өкілдері жүздеп саналады. Олардың әрқайсының өмір жолы, қазақы таным жайлы бірнеше том кітап жазуға болады. Арайлы атамекенім-жәннат бағым дейтін кейіпкерлер қатары болашақта көбейе түсетініне шүбә жоқ. Өйткені тағлымы мол ұлттардың балалары мен немерелері қазақтың тілі мен дәстүрін өлтірмей, өрге сүйреп келеді. Осындайда, кейіпкеріміз Владимирдің «Бірінші керегі-бірлік, содан кейін маңызды қажеттілік-тіл. Әр қазақ мемлекеттік тілде сөйлесе, басқа ұлттар да соларға қарап ой түзейді,-деген еді. Біздің алып-қосарымыз жоқ.