Ассамблея медиация жүйесінің тынысын ашты
Медиация жүйесінің тынысы кеңіп, көбірек қолданысқа енуіне, жан жақты жетілуінде еліміздің Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор.
Еліміздің түкпір түкпіріндегі Ассамблеяның Достық үйлерінен ашылған медиация кабинеттері арқылы ел ішінің береке бірлігін сақтауға қолданып, медиация жүйесін әртүрлі жағдайларда қолдану арқылы медиация институтын қалыптастыра білді. Дегенмен Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл жетістікпен тоқтап қалмай алдағы уақытта бітімгерлік қағидатын тағы дамыта түсуді көздеп отыр.
Атап өтер жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясы дегенде көз алдымызға береке бірлігі жарасқан, жүзден астам ұлттың бір шаңырақ астында тату тәтті, бейбіт өмірі елестейтін болды. Өйткені құрылғалы бері Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтың біртұтастығын, елдің ынтымағы мен бірлігінің сақталуын насихаттап келеді. Сондықтан медиация секілді бітімгершілікке шақырған жүйені де қолдап, насихатын арттырған осы ұйым болып отыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы соңғы 4-5 жылда 150 мыңнан астам адамның шағымдарын сотқа жеткізбей шешімін тауып, мәмілеге келтіруге көмектескен көрінеді. Яғни 150 мыңнан астам іс сотқа жетпей, «қол сынса жең ішінде, бас сынса бөрік ішінде» қағидатымен шешімін тапқан. Бұл шын мәнінде үлкен жетістік. Ал егер осы іс сот арқылы шешілетін болса, сот істерінің санын арттырып, соттардың жүктемесін көбейтіп, қаншама уақыт пен қаржыны шығын етіп, ең бастысы ел іші ала тайдай бүлініп, халықтың ауызбіршілігінің қашуына ықпал етер еді. Сондықтан медиацияның Ассамблеяда қолданыла бастауының оң нәтижесі айтарлықтай сезілді. Ал жалпы Медиация кеңесінің медиаторлары «Жоғарыда аталған 150 мыңнан астам қаралған істердің ішінде ұлттық та,
тұрмыстық та мәселелер бар. Барлығы бауыр қағыстырып, өкпе ренішсіз, түсіністікпен, өзара келісіммен әдемі қалыпта шешілген істер болды. Алдағы уақытта қаралатын істер санын тіпті көбейту, сол арқылы елдің ауызбіршілігін сақтауға тіпті тырысып отырмыз. Қазір біздің алдымызда медиацияға қатысты екі түрлі бағыт бар. Біріншісі – этномедиация институтын дамыту. Екіншісі – құқық қорғау қызметін жетілдіру. Қазіргі таңда осы бағыттар бюойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанда 2000 мыңға жуық медиатор бар. Олардың жұмысын дамыту үшін біраз шешімдер қабылданып жатыр. Жалпы қазақ халқы береке бірлікке жақын, қақтығыспен шаруасы жоқ ел ғой. Сондықтан бітімгершілік бұрыннан қазақ халқының салтында бар дәстүр болып отыр. Бүгінде осы әдемі дәстүрді басқа ұлттарға да түсіндіру арқылы, бітімге келудің маңызы зор екенін бір шаңырақ астындағы барша ұлтқа ұқтырып отырмыз», – дейді. Осы орайда атап өтсек,
медиацияны кеңінен қолданысқа енгізіп қоймай, оны жетілдіру
жұмыстарынан да Ассамблеяның рөлі байқалуда. Медиацияның әсіресе ұлттар арасын жарастырудағы маңызы зор болып отыр. Осы орайда айта кетсек, биыл Шымкент қаласында жыл басынан бері қаладағы түрлі этнос өкілдері арасында туындаған қақтығыстар мен түсініспеушіліктердің 11-і медиация көмегімен реттелген көрінеді. Әрине «ел іші даусыз болмас» дегендей, бірлі жарым шекісіп қалғандар мен түсініспей қалғандардың қақтығысын ұлтаралық мәселе ретінде дабырайтпай, Достық үйлеріндегі медиациялық кабинеттер арқылы шешудің тиімділігін уақыт дәлелдеп отыр. Осындай ұтымды басқарудың арқасында тілі басқа болса да тілегі бір, ұлты басқа болса да ұстанымы ортақ жүзден астам ұлттың тату тәтті тіршілігіне куә болып отырмыз.
О баста қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында құрылған қоғамдық институт өзінің мақсатын толығымен орындап келе жатқанына куә болып отырмыз. Оның барлығы ең алдымен Ассамблеяның ұстанымы мен медиация секілді жүйелермен дұрыс жұмыс істеуінің арқасы болса керек.
Атап өтер жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі ауызбірлікті қашырар кейбір мәселелерде де үнсіз қалмай өз көзқарастарын білдіріп отырады. Мәселен өткен аптада Украина елшісі Петр Врублевскийдің сұхбатында айтылған бір ауыз сөзі үшін елден бұрын бас көтеріп, өз қарсылықтарын білдірген Ассамблея болды. «Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы мәлімделерге жол беруге болмайды деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды. Дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс. Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидалары мызғымайтын ұстаным. Олар бізге Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының ең қиын жылдарында да этносаралық қақтығыстардың алдын алып, еліміз бен халқымыздың тұтастығын сақтауға көмектесті. Өшпенділікті қоздыратын кез-келген пікір, этностық жек көрушілік пен оның қандай болмасын көріністерін насихаттау біз үшін жат ұғым. Барлық қазақстандықтарды дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз» дейді олар өз мәлімдемелерінде. Байқап отырғанымыздай Ассамблеяның қалауы ауызбіршілік пен бейбіт өмір! Үнемі адамзат арасындағы алауыздықты айыптап, бейбітшілік пен татулықты, ұлттар арасындағы береке бірлікті үндейтін Ассамблеядай қоғамдық келісім ұйымының маңыздылығын осындайда сезінеміз. Бұл бірінші рет емес. Үнемі Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты оқиғаларда ғана емес, жалпы ел бірлігін қашыратын мәлімдемелерде қоғамдық келісім ұйымының атына заты сай көзқарастары елімізді қуантпай қоймайды.
Үнемі жиындарында да Қазақстан халқы Ассамблеясы тек ел бірлігін насихаттайды. Мәселен кеше ғана Қостанай облысында этномедиация бойынша арнайы семинар болып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ тапсырысы бойынша ұйымдастырылған «Этномедиация – қызметтің түрлі салаларындағы ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу құралы» тақырыбындағы оқыту семинар-тренингіне қатысушылардың тақырып аясында ынтасы зор болды. Медиаторлар даулар мен жанжалдарды шешу, азаматтарға кеңес беру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізіп, «Ел Президенті біздің жағдайда этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді болып табылатынын және Ассамблея осы бағыттағы негізгі орган болуы тиіс екенін атап өтті», — деп өздеріне артылып отырған жауапкершіліктің маңызы зор екенін жеткізді.
Қоғамдық және кәсіби медиаторлар, этномәдени бірлестіктер мен облыстық ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде ауыл әкімдері, облыс қалалары мен аудандары әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысқан жиында жиналғандар медиацияны дамыту, ел ішінің ауызбіршілігін сақтауда медиацияның қолданылуы, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу, ел ішінің тұтастығы мен бірлігін сақтау мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салды. Мұндай жиындардың маңызы зор екенін көтерген тақырыптарынан байқауға болады. Бүгінде елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 2 мыңға жуық қоғамдық медиатор, 100-ден астам кәсіби медиатор жұмыс істеуде. Өңірлерде 17 медиация кабинеті ашылды және 300-ден астам медиация алаңы жұмыс істейді. Бұл аз уақыттың ішінде зор қуаны. Кәсіби емес медиаторларды оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға да көп көңіл бөлініп, оларды қайта даярлаудан өткізізілуге де көңіл бөлінуде. Сондықтан жыл басынан бері 5 мыңнан астам медиатор мен қызығушылық танытқан этномәдени бірлестіктер өкілдері түрлі курстар мен семинарларда тегін оқытылды.
Даулар мен жанжалдарды шешу, азаматтарға кеңес беру бойынша медиаторлар үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын статистиканың өзі көрсетіп отыр. Мәселен, 2016 жылдан бастап 160 000-ға жуық өтінім келіп түс, олардың 39%-ы кеңес беру барысында шешілсе, 61%-мен медиативтік келісімдер жасалған. Жалпы бұл жұмыспен 310 мыңнан астам адам қамтылып отыр. Бұл шын мәнінде медиацияға зор көңіл бөлініп, қыруар жұмыс атқарылып жатқанының айқын белгісі.
Атап өтер жайт о баста қазақ халқының салтында бар бітімгершілік 2011 жылы құқық қорғау саласында медиация институты ретінде енгізілгенімен. Іле шала Қазақстан халқы Ассамблеясысының бұл бастаманы қолдауы осылайша бүгінгі күні медиацияның екінші тынысын ашып отыр. Бұл Ассамблеяның татулықты ту қылып ұстауының бір көрінісі болса керек!