Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:40, 02 Қараша 2021

Ассамблея тағы да баяғы әдетіне басты

None
None

Тағы да ұлтаралық кикілжің. Тағы деуімізге себеп – қазақтар мен өзге ұлт арасындағы жанжал осымен бірінші рет қайталанып отырған жоқ.

27 қазан күні Алматы облысының Панфилов ауданы Пенжім ауылындағы мектеп оқушыларының төбелесінен басталып, қазақ-ұйғыр қақтығысына ұласқан оқиға қоғамда біраз шу туғызып, қызу талқыға түсіп отыр. Төбелестен зардап шеккен 16 жасар жасөспірім ауруханаға түсіп, одан кейінгі тәртіпсіздік кезінде 53 жастағы азамат жарақат алған. Алайда «ұлтаралық келісім мен тұрақтылыққа» жауапты әрі сол үшін мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат алып отырған бірден-бір орган – Қазақстан халқы ассамблеясы (ары қарай – ҚХА) бұл оқиғаны баяғы әдетінше «ешқандай да ұлтаралық астары жоқ», «тұрмыстық жанжал» деп бүркемелеп әлек. Мұнымыз «ауруын жасырған өледінің» кері емес пе?    

         ҚХА төрағасының орынбасары Мая Бекбаеваның оқиғаға қатысты іле-шала айтқан мәлімдемесінен үзінді, міне: «Ауыл тұрғындары арасында этносаралық негізде қандай да бір кикілжің де, қақтығыс та болған жоқ және болмайды да. Жергілікті тұрғындар – қазақтар да, ұйғырлар да көп жылдар бойы бірге тұрып келе жатыр, бір-бірімен дос әрі көрші, олардың барлығы шын жүректен бейбітшілік пен тыныштықты қалайды», – деді.  

         Мая ханым ассамблеяның басшылық қызметіне былтыр ғана тағайындалғанымен, талай жылдан бері осы елде тұрып жатқан Қазақстанның азаматы, тіпті журналист ретінде мемлекетте ұлтаралық кикілжіңдердің әр жылдары қайталанып келе жатқанынан хабарсыз ба? Тіпті сол Пенжім ауылындағы қазақтар мен ұйғырлардың бүгінгі кездегі арақатынасы, достығы туралы асығыс мәлімдеме жасап қойған жоқ па?

         Мәселен, сол өңірдің азаматы Елзат Ескендір әлеуметтік желіде Пенжімдегі оқиға таза ұлтаралық кикілжің әрі ұйғыр ұлтшылдығының көрінісі екенін жазған. «Неге ұйғыр ұлтшылдығының көрінісі? Ұйғыр ұйғырдың ғана таксиіне міну, кафесіне бару, қазақтың дүкені жанында тұрса да, екі көше ары орналасқан ұйғырдың дүкенінен сауда жасау, өздері көп орналасқан жергілікті қызметтерге тек өз ұлтының өкілдерін тартып, қазақтарды дискриминациялау, тіпті мешіттеріне дейін бөлектенуі – бір тиын болса да, өзімізге түссін, өзімізге ғана болсын деген, үй ішінен үй тігуді көздеген  ұйғыр ұлтшылдығының анық айғағы. Ал балалар арасындағы төбелес – сол үй ішінде бықсыған ұлтшылдықтың сыртқа  шыққан кішігірім жалыны ғана. Таңғаларлығы, Шонжыда да осы жағдай. Тікелей эфирден Пенжімдегі жиналысты көріп отырып, екі жақтағы мәселенің бірдей екенін байқадым. Басқа – басқа, сол өлкенің азаматы ретінде біз бұны жақсы білеміз», ‒ дейді ол.

Сол өлкенің тұрғындары арасында ауылдың атауын өзгерту керек деген мәселенің де бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтатындар бар. Алайда оған ешкім құлақ аспаған көрінеді. 

«Пенжім – прецедент емес!» деген саясаткер Әміржан Қосанов болса осы тектес бұрын болған оқиғалардың географиясы әрқилы болғанмен, ол шиеленістердің «биографиясы» бір екенін айтады.

Бір емес, бірнеше рет Қазақстанның әр өңірінде қайталанып келе жатқан ұлтаралық кикілжіңдерге талдау жүргізіп және ол жөнінде тиісті ақпарат беріп, мәселенің алдын алмағанда ассамблея не бітіріп отыр? Мысалы, былтыр ғана Жамбыл облысының Қордай ауданында дүнгендер мен қазақтар арасында болған ұлтаралық жанжалдың кесірінен 11 адам қаза тауып, дүнгендер тұратын төрт ауылда ондаған тұрғын үй мен өзге де ғимараттар бүлініп, өртеніп жатқанда сол кезде Ж.Түймебаев басшылық етіп тұрған ҚХА өкілдері «ол ұлтаралық қақтығыс емес, тұрмыстық жанжал» деп сипаттап, журналистердің аузын тыйған. Ал нәтижесінде не болды?! Бүйте берсе, алдағы уақытта тағы да осындай оқиғалардың куәсі бола бермесімізге кім кепіл?

Бірлік пен ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін құру әрекеті отыз жыл ішінде көңілге қонымды нәтиже көрсете алмай отыр. «Бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді» деген ассамблея қазақтар мен өзге ұлт арасына жік түсірмеудің қамын жасаудың орнына мемлекеттен бөлінетін миллиондарға пайдасы күмәнді іс-шаралар өткізу мен кітаптар шығара беру арқылы көзбояушылықпен айналысып келе жатқан жоқ па деген ойды ғана туғызады.

Мәселен, экономист Меруерт Махмутова Қазақстан халқы ассамблеясына мемлекеттік бюджет есебінен 2018 жылы 2,7 млрд теңге жұмсалатынын жайып салған. Бұл сома ҚХА депутаттарының жалақысын, пәтерін, басқа да қажеттіліктерін қоссақ, одан да асып түсетінін айтқан болатын. Қазақстан халқы ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2019-21 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша 2019 жылы ұлттық (этникалық) театрлардың республикалық фестивалін өткізуге 119 миллион теңге, ассамблеяның жыл сайынғы сессиясын өткізуге 68 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. ҚХА сессиясына арналған концерт үшін 2019 жылы 70 млн теңге бөлініп, 2020 жылы 74 млн теңге қарастырылған. Оның құрылымындағы «Қазақстан кәсіпкерлерінің қауымдастығы» ЗТБ, Журналистер клубы, Ғылыми-сарапшылық кеңесі, ҚХА кафедраларының қауымдастығы, ҚХА жанындағы аналар кеңесі, ҚХА жанындағы медиация кеңесі, этномәдени бірлестіктер, ҚХА жастар ұйымдары, ҚХА волонтерлары қозғалысы орталықтары мен барлық облыс орталығы мен үш қаладағы ҚХА хатшылықтары және ассамблеяның атқарушы органы – қоғамдық келісім мекемелері, жұрт айтатындай, «отау ішінен отау тігу» емес пе?

Ол аз десеңіз, Қордайдағы ұлтаралық қақтығыстан кейін былтыр А.Балаева басқарып отырған ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтің 2020 жылғы 29 сәуірдегі №253 қаулысы негізінде этносаралық қатынастарды дамыту деген комитет ашып алған. Сайтындағы мәліметтерге қарасақ, ол комитетке қазір жеті басқарма қарайды: 1. Отандастармен және диаспоралармен өзара іс-қимыл басқармасы; 2. Әдістемелік қамтамасыз ету басқармасы; 3. Ведомствоаралық үйлестіру басқармасы; 4. Өңірлік жұмыс басқармасы; 5. Жиынтық жұмыс және жоспарлау басқармасы; 6. Талдау және мониторинг басқармасы; 7. Қазақстан халқы ассамблеясымен өзара іс-қимыл басқармасы. Сонда әр басқармада басшысынан бөлек, бірнеше аға сарапшы мен жетекші, бас сарапшылары барын және олардың айлықтары мен сыйақыларына кететін мемлекет қаржысын есептей беріңіз.

Сонымен қатар қазір Талғат Қалиев басқарып отырған Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты да сол жылы ашылды. Мұнда да үш бастықтан бөлек, бес департамент бар: 1. Әкімшілік департамент; 2. Этнодемографиялық дамуды талдау департаменті; 3. Этносаралық қатынастарды талдау департаменті;  4. Әдістемелік жұмыс департаменті; 5. Әлеуметтанулық зерттеулер департаменті. Атауы ұқсас бұл департаменттер мен басқармалардың санын қаптатқаннан не ұттық? Барлығының да илейтіні бір терінің пұшпағы, ал оны бас-басына жеке шығару арқылы босқа ақша шашып жатқанымыз ба?

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев: «Қордайдан кейін этносаралық қатынасты дамыту комитеті құрылды. Оның жанында саяси зерттеулер орталығы бар. Мамандар бар, зерттеулер жасалып жатыр. Бірақ оның нәтижесі, өкінішке қарай, көпшілікке таныстырылмайды. Презентация мен мақалалар шығады, бірақ талдау жасаған үлкен баяндама көрген жоқпын. Жалпы, ұлтаралық қақтығыстарға байланысты сауалнама жүргізіледі, зерттеулер бар, бірақ олар ашық жарияланбайды. Көпшілікке шығарып, талқылауға ынта жоқ. Бұл мәселені қозғауда әлі де қорқыныш бар. Табу (тыйым салу) тақырып санайды. Қазақстан негізгі жетістігі ретінде ұлтаралық қатынасты алға тартады. «Бізде ұлтаралық қақтығыс деген мәселе жоқ» деуге тырысады. Мәселе барын, ұлтаралық қатынаста Қазақстан аса бір жетістікке жетпегенін ашық мойындауға дайын емес», – дейді.

Тегтер: