Астана әкімі "қашып" кетті (видео)

16.02.2019, 01:31

32

Ақпанның 14-күні, бейсенбіде, Астана әкімдігі 15-ақпанға жоспарланған азаматтарды қабылдау күні болмайтынын күтпеген жерден хабарлады. Естеріңізге сала кетсек, күрке паналаған отбасының бес баласы өртеніп кеткені қаладағы әлеуметтік жағдайы нашар көп балалы аналарды 6-ақпанда әкімдікке алып келген еді. Міне, сол кезде келер жолы 15-ақпанда жиналатын болып тарқасқан. Дәл осы күнгі кездесуге қала әкімі Бақыт СҰЛТАНОВТЫҢ өзі шықсын деп те кеткен-ді. Аналардың қала әкіміне сырттай қойып кеткен талаптары: тұрғын үй жағдайларын жақсарту, бала жәрдемақысын көбейту және қосымша жеңілдіктерді қарастыру. Қала әкімдігі әр өтініш пен талапқа толық жауап бермекке уәде берген.    Ақпанның 15-інде «Астана» концерт залында (бұрынғы Конгресс-холл) көпбалалы аналарды құда күткендей құрметпен қарсы алды. Бірыңғай қою қызыл костюм киген сымбатты қыздар табалдырықтан аттаған әркіммен өте сыпайы амандасып, киім ілгішке қарай иіліп жол сілтеп тұрды. Одан кейін әкімдік қызметкерлері көп балалы аналарға арнайы үстелдерге өтулерін өтінді. Ол жерде күндей күлімдеген «Халық банкінің» өкілдерінен бастап, қалалық басқарма және бөлім басшыларына дейінгі қызметкерлер әр ананың мұңы мен өтінішін мұқият тыңдайтындай һәм шын жүректерімен түсінетіндей кеп танытып тұрды. Бұл аз десеңіз, ғимаратта аналар үшін ішерге ауыз су қойылғаны әлсін-әлсін хабарланып жатты. Тіпті, шай мен кофе ішуге шақырып, үй кезегінің ретін біліп бермекке ұсыныстар айтылып жатты. Кеше ғана кабинеттерінде тығылған, есік алдарына арнайы күзет қойылған мамандардың осылайша құшақ жая қалуы көпшіліктің көңілін жайландырып тастағандай еді.    – Ана әйел отыр ғой,  стендттың қасында, маған «инвалид балаңды дом малюткиға өткіз» деп айтқан, – деді екі жасар қызын құшақтаған ана жырлары мен мұңдары бір қасындағы құрбысына. Шенеунік кеңселерін аралаған тозақты күндерін есіне түсірді ме, құрбысы түсіндім дегендей басын изеді.Жұрт басқарма басшыларының үстеліне жақындауға асықпады. «Ашық есіктер апталығы» деген жазуы бар стендтің алдына қойылған жұмсақ орындықтарға жайғасқан көпшілікке әне-міне қала әкімі Бақыт Сұлтанов кеп қалатындай көрінді. Алайда, жарты сағаттан соң олардың көңілі бұзылып, ашуға міне бастады.–Қалай әкім болмайды? Әкім келсін деп айттық қой өткенде!деген айғай шықты топ ішінен.Әкімнің халықпен кездесуі – ол бөлек шара. Ол басқа күні болады, –деп өзін жастар бөлімінің басшысымын деп таныстырған шенеунік беймарал жауап қатты.  –Өткенде сіздер айттыңыздар ғой, әкім болады,– деп салды бала көтерген ер адам.– Олай айтқан жоқпын, сабыр сақтаңыз, – деді шенеунік.Оның көпшілік тізбектеген мәселелерін әкім орынбасарлары мен басқарма басшыларына айтулары керек деген уәжі жұртты одан әрі ширықтыра түсті.– Шенеуніктер керек емес бізге. Бізге әкім шықсын!– деп аналар бір ауыздан хормен айғайға салды. Жұрттың ашуынан сескенген, әлде, қандай да бір уәж айтқандай боп ақталған шенеуніктердің әрекеті көпшіліктің ашуын одан әрі қоздырды.–Әкім! Әкім! Әкім! – деп айғайлады топ. Бұл жолы көпбалалы аналарға жағдайы жоқтар, жалғыз өдері бала бағып отырған ер азаматтар, жалғыз басты аналар, тіпті, даладағы көше сыпырушылар да қосылып кетті.www.youtube.com/watch?v=qEv2AA9kmkcБалабақша балалары Аяз Атаны қалай шақырса, үлкендер Бақыт Сұлтановты де дәл солай шақырды. Бірақ, таңғажайып боп ол келмеді. Сөйтсе, дәл осы сәтте Бақыт Сұлтанов өзіне Нұрлан НҮРКЕНОВТІі орынбасар етіп тағайындап жатыпты. Сұлтановтың  жаңа орынбасары бұған дейін көпбалалы аналардың бар мәселесін шешіп тастауға нән уәде беріп кеткен Ермек Аманшаевтың орнына кеп, ішкі саясат, жастар саясаты және әлеуметтік саланы басқармақ. Осылайша, әкім орынбасары деген қызметтің үзеңгісіне аяғын салып үлгермеген Нүркеновті бастығы ашулы жұртқа жөнелтіп жіберіпті. Көмек болсын деп қасына «Нұр Отан» партиясының бір бөлімшесінің жетекшісін қосақтап жөнелтіпті.     Олардың ел алдында не айтқанын түсіну мүмкін болмады. Өйткені, қала тұрғындарына бұл екеуінің орысша сөйлегендері мүлдем ұнамады.–Қазақша сөйлеңдер! Кетіңдер, әкім қайда? – деп айғайлады әйелдер.Көпшілікке сөздерін өткізе алмай, жер болған Нүркенов пен оның көмекшілері сырт айналып кетпек боп еді, адамдар арттарынан ере жөнелді. Концерт залдың есік аузындағы қызметкерлері жиырма шақты адамды өткізген соң, есікті жауып тастады. Сонда барып қана, жиналғандардың негізгі бөлігі фойеде тұрғанын естеріне алған әлгілер жабылған есікті арғы жағын ұрғылай бастады. Бұл шуға айғай қосылып, есікті жапқан қызметкерді шеттетіп тастап, есікті ақыры ашқызды. Сәлден кейін әкімдік қызметкерлері концерт залына кіретін есіктің босағасынан табылып, көпшілікті ішке шақырып, орындықтарға жайғасуларын сұрады.Сахнада жарық жанып, мінбеге микрофон қойылды. Әкім Бақыт Сұлтанов сахна сыртынан асықпай көтеріліп, мінбеге аяңдады. Залда ду қол шапалақ соғылды.Бүгінгі қойып тұрған сұрақтарыңыздың барлығына әр әкімшіліктің осы залдың фойесінде арнайы үстелдер қойып, сіздерден сұрап отырмыз. Сол үшін есіктердің барлығы ашық. Бірақ, былай жиналып, шулап, осылай сұрақтарыңызды беріп отырғандарыңыз, катты айтқандарыңыз ол дұрыс емес енді. Диалог конструктивті түрде қойылған. Сондыктан барлық әр мәселені жерге тастамай әр семьяның жәй-күйін, жағдайы қаралатын болады. Сондықтан осы жағынан мен уәде беріп отырмын, –деді Сұлтанов.Ол тұрғын үй мәселесі бір күнде шешілмейтінін айтып, атқарып жатқан істерін тізбелей жөнелді. Көпшілікке мұнысы тіпті ұнамады.– Отчет керек емес бізге! Отчеттан шаршадық! –деп айғай салған бір әйел  микрофон сұрады. Бақыт Сұлтановтың қарамағындағылар сұрағанын бере қоймады.www.youtube.com/watch?v=PCL8qOfbnUE&feature=youtu.beАлСұлтанов орысша сөйлеуге ауысқанда оны тіпті тыңдауды да қойды. Сосын, ол неге екенін кім білсін, мінбеден түсіп, сахнаның шетіне жақындап, тізе бүге отырып, өзіне бірдеңе айтуға талпынған бір топ әйелдің сөзіне құлақ түргендей болды. Бірақ, әңгіме жүрмеді. Оның әр сөзі ашу мен ыза шақырғандай. Жұрт қол сілтеп, әркім өз сөзін айтып, даурығып жатты.  Міне, осы аласапыранды сәтте әкім Сұлтанов сиқыршыдай жоқ боп кетті.   – Қайда кетті? Шықсын! Әкім шықсын!– деп айғайлады зал.–Тынышталыңыз, сосын шығады,– деп сабырға шақырды әкімдік қызметкерлері.Алайда, көпшілікті тынштандыру мүмкін емес еді. Кейбір әйелдердің көздері  қарауытып, жүректері көтеріліп кетті. Оларды жедел жәрдемнің дәрігерлері бірден қоршап алып жатты. Алайда, кетуге ешкім асықпады. Әкімдіктің қызметкерлері қорғансыз қалған күшіктердей бұрыш жағалап кетті. Дәл осы кезде мінбеге құқыққорғаушы Зәуреш БАТТАЛОВА шықты.Қай тілде сөйлейін, қазақша ма, орысша ма?–Қазақша! Қазақша! – деп қуанып кетті әйелдер.–Ең бірінші,  қойып отырған мәселелеріңіз – әлеуметтік мәселе. Ол үкіметтің құзырында. Екінші мәселе – баспана мәселесі – ол жергілікті әкімшіліктің және үкіметтің құзырында. Үшінші: бүгінде балаларға ыстық тамақ бермейді деген мәселе бар – ол да жергілікті әкімшіліктің және үкіметтің құзырында. Осылай айта кетсек, бүгінгі күнде жалғыз адам түк те  шешпейді. Әкім келді. Әкім не деді? Жұмыс топ құрдық деді. Ол топта кім бар араларыныздан?– Ешкім,– деп жауап қатты бір ауыздан.– Сондықтан, бірінші ұсыныс: қазір шуламай осы жерден сол жұмыс тобына бірнеше беделді адам ұсынайық.  Соларды жұмыс тобына кіргізсін. Әйтпесе, қазіргі шара немен аяқталады? Шулайсыңдар, айғайлайсыңдар. Сонымен мәселе қалады, –деді Батталова.Әйелдер бас изеп, оның сөзіне келіскендей болды. Жұмыс тобына барлығының кіргісі келгендей көрінді. Оншақты қол көтеріліп, тізім жасаушы жас жігітке жеке куәліктер бірінен кейін бірі «ұшып» бара жатты. Зәуреш Батталованың өзі осы топқа мүше болып, мәселе шешуге көмектеспекке уәдесін берді. Осыдан кейін ғана жиналғандардың қызуы басылып, біртіндеп тарқай бастады.Айтпақшы, сосын барып, Сұлтановтың жарнамасын жасаушылар қала әкімінің бір топ әйелдермен сөйлесіп тұрған суретін әлеуметтік желіге жарыса шығарып, бастықтарын мақтай бастады.  Анар АРЫСТАНБЕК.Фотолар мен видеолар автордікі. 
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 12:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 13:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 10:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 20:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 11:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 10:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    09:56
  • "Көлігім жоқ болса да қарыз төледім" - салық органдарына шағымданатындар көп
    21.11.2020, 11:05
  • Билбордтардан не пайда, жемқорлар саны азаймаса?
    21.11.2020, 10:52