Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:06

Астана әкімдерінің балалары: немен айналысады және қандай активтері бар

Астана
Фото: obk.kz

Shishkin_like Астананың бұрынғы әкімдерінің балаларына тиесілі бизнес пен активтерді саралады. Зерттеу барысында ең ірі активтер қай әулетке тиесілі екені және капиталдың қалай қайта бөлінгені белгілі болды.

Зерттеу нәтижесі бойынша, бизнес тұрғысынан ең табысты әулет –  Темірхан Досмұхамбетовтың балалары екені анықталды. Ол көзі тірісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі саналған.

Әділбек Жақсыбековтің отбасы

Бұрынғы әкім Әділбек Жақсыбековтің ұлы Даурен Жақсыбек бүгінде бір ғана компанияға қатысады — «Капитал Секьюритиз» ЖШС (көтерме сауда). 2015 жылдан бері төленген салық көлемі — 6,2 млн теңге, соңғы екі жылда төлем болмаған.

2025 жылға дейін ол әкесімен бірге «Namar Management» ЖШС-нің құрылтайшысы болды. Бұл компанияға Астанадағы «Табыс» бизнес-орталығы тиесілі болуы мүмкін. 2015 жылдан бері бюджетке 8 млрд теңгеден астам салық төлеген. Кейін Дауреннің үлесі немере ағасы, экс-мәслихат депутаты Саят Батпеновке өтті.

Бұрын Даурен Жақсыбек «Qazprom Minerals» (құрылыс тасы өндірісі) арқылы тау-кен бизнесіне де қатысқан. Бұл кәсіпорынның 2016 жылдан бергі салықтары — 88,4 млн теңге. Бұл үлес те кейін Батпеновке ауысқан.

Айта кетейік, Дәурен Жақсыбек 2018 жылы Forbes.kz нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізімінде 700 млн доллар байлықпен 7-орында тұрған. Кейін бұл рейтингтерде көрінбеді.

Саят Батпенов

Саят Батпенов — 8 компанияның құрылтайшысы. Ірілері:

  • MBX Management — жылжымайтын мүлік жалдау (салық: 180 млн тг);
  • Dermestet Clinic — медициналық қызмет (салық: 167 млн тг).

Жақсыбековтің тағы бір жиені Арман Батпен 2016–2017 жылдары Астанадағы ақылы тұрақтар жобасын (ГЧП) іске асырған компанияға иелік еткен. Бұл жоба бірнеше рет мемлекеттік аудит сынына ұшыраған. 2025 жылы әкімдік келісімшартты бұзған.

Темірхан Досмұхамбетовтың балалары

Экс-әкімнің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетов 24 компанияға иелік етеді. Негізгілері:

  • Байсерке-Агро — ауыл шаруашылығы (салық: 1,4 млрд тг);
  • Maralicha-Gold жобалары — алтын өндіру (салық: 711 млн тг);
  • Леру — жылжымайтын мүлік (салық: 1,2 млрд тг);
  • Taraz Green Power Genco — Жамбыл облысындағы ГЭС жобасы (салық: 290 млн тг).

2024 жылы «Азаттық» мәліметінше, Шыңғыс Досмұхамбетовтың Дубайдағы Palm Jumeirah аралында 450 шаршы метрлік пентхаусы болған (бағасы — 1,9 млн доллар).

Қызы Алия Досмұхамбетова 14 компанияға қатысады. Ірілері:

  • Otrar Travel — авиабилет және туризм (салық: 3,2 млрд тг);
  • Конезавод «Рахат» — жылқы шаруашылығы (салық: 242,5 млн тг);
  • Otraravia, Dos-аренда — жылжымайтын мүлік.

Өмірзақ Шөкеевтің отбасы

Шөкеевтің қызы Нұрбала Шөкеева New Hall Food ЖШС-не иелік еткен (фастфуд). 2025 жылы салық төлемі нөл болған, бизнес тоқтаған болуы мүмкін.

Жиендері Әділ және Айлин Естай Алматыдағы Navoi Towers және оған байланысты компанияларға иелік етеді. Айлин Естай — небәрі 12 жаста, бірақ оның атына жылжымайтын мүлік жалдау компаниясы тіркелген.

Асқар Мәминнің отбасы

Ұлы Данияр Ұзақбай — Швейцариядағы Standard Trade Solutions SA компаниясының басшысы (астық экспорты).
Жиені Ернар Мәмин Астанадағы «Қараөткел» сауда орталығына және Alkor Proxima компаниясына иелік етеді. Бұрын Eurasia СОО-мен байланысы болғаны айтылған.

Басқа әкімдер

  • Асқар Исекешев – балалары бизнес-реестрлерде жоқ; негізгі кәсіпкер — ағасы Ерлан Исекешев.
  • Бақыт Сұлтанов – қызы Әнел Сұлтанова аударма және білім беру орталығын басқарады (салық: 10,5 млн тг).
  • Алтай Көлгінов – балалары кәмелетке толмаған.
  • Жеңіс Қасымбек – қазіргі әкім, балаларының бизнеске қатысы жоқ.