Бүгін, 13:40
Астана әкімдігі балалары әскерде өлген немесе жарақаттанған ата-аналарға митинг өткізуге рұқсат бермеді
Балалары әскерде қаза болған немесе жарақаттанған бір топ ата-ана бұған дейін Астана әкімдігіне өтініш түсіріп, 16 желтоқсанда митинг өткізуге рұқсат сұраған.
Алайда әкімдік рұқсат етпеді деп хабарлады әскерде қаза болған Алмас Шахимовтың анасы Индира Мұратқызы.
“Алмас Шахимовтың соты бітті, сот офицерді кінәлі деп танығанмен оны қамаған жоқ. Біз әділ сот талап етеміз, үкіммен келіспейміз” деді Индира Мұратқызы желіде тараған видеода.
Оның сөзінше, оны "жүздеген ана қолдап отыр". Астана әкімдігіне жіберілген өтініште бірнеше адамның аты-жөні көрсетілген.
Астана қаласы әкімдігі әйелдерге жіберген жауабында “өтініштің толық емес” екенін алға тартып, митингке рұқсат етпеген.
Астана әкімдігі әзірге түсініктеме бермеген.