Астана әкімдігі белсенді Мұсағали Дауыловқа жаңа Конституцияға қарсы пикет өткізуге рұқсат бермеді
Астана қаласының әкімдігі азаматтық белсенді Мұсағали Дауыловқа жаңа Конституция жобасына қарсы пикет өткізуге рұқсат бермеді. Бұған дейін оған туған қаласы Ақтөбеде де пикет өткізуге рұқсат берілмеген.
Бұл туралы "Власть" басылымы жазды.
Белсендінің айтуынша, ол пикетке шығу арқылы жаңа Конституция жобасына қатысты түсіндіру талап етпек болған.
"Менің сұрағым мынадай: қандай Конституция туралы сөз болып жатыр, нақты не қабылданбақ, оны кім қабылдайды, біздің құқықтарымыз қорғала ма, жоқ па? Осы мәселелер бойынша нақты түсіндірме болған жоқ. Сондықтан пикетке шыққым келді, - деген Дауылов.
Оның айтуынша, пикеттің мақсаты – жаңа Конституция жобасы бойынша жоспарланған референдумға қатысты азаматтық ұстанымын білдіру және бұл мәселені ашық талқылау қажеттігіне назар аударту.
Дауылов 12 наурыз күні Астанадағы Министрліктер үйінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізуді жоспарлаған. Алайда қала әкімдігі бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Әкімдік шешімін мемлекеттік қорғаныс, қауіпсіздік және халықтың өмірлік қызметін қамтамасыз ететін нысандардан 800 метрге дейінгі жерде пикет өткізуге тыйым салынғанымен түсіндірген.
Белсендінің айтуынша, бұған дейін Ақтөбе әкімдігі де оның пикет өткізу туралы өтінішінен бас тартқан. Онда билік бұл шешімді пикет өтетін жерде санитарлық тазалау жұмыстары жоспарланғанымен түсіндірген.
Мұсағали Дауылов Ақтөбедегі шешім бойынша шағым дайындап жатқанын, ал Астанаға қатысты мәселе бойынша сотқа жүгінгенін айтты.