Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:23, 16 Маусым 2023

Астана форумында экология туралы ақылды сөздер айтылып жатқанда...

None
None

Семейдегі өрт салдарынан бейбіт күнде 15  адамнан айырылдық. Бірі өзінің көлігімен, бірі тракторымен, енді бірі қолына күрек, қайласын ұстап алып өрт сөндіруге аттанғандар да бар.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, өрт қазір оқшауланды. Бүгінде Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өтірік есептен өрт шығады

    Қырық жыл бойы полигонның зардабын тартқан бұл елде сынақтан 1,5 миллион адам зардап шекті. Сарапшылар кеудесінде осындай шері бар шерменде елді билік қызғыштай қоруы керек деп есептейді. Полигоннан зардап шеккен бұл елдегі әрбір қылтанақты көздің қарашағындай сақтап, аймақтың экологиясын жетілдірудің маңызы зор екені бұған дейін де қанша айтылған. Ал біздің атқарушы билік, керісінше, осы аймақ үшін ғана емес, бүкіл мемлекет үшін маңызды «Семей орманы» резерватының 60 мың гектардан аса жерін өртеп алып, шарасыз күйде отыр. Үкіметі бастап, жергілікті билігі қостап, экология, төтенше жағдайлар министрі барлығы бірлесіп, ұшқыр қимылдап, ұтымды шешімдер қабылдай алғанда орман аумағы бұлай өртенбес те еді.

 Бастапқыда экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы комитеті өрттің аумағына қате болжам жасаған. Шенеуніктер ақиқатты жасырып, өзінің беделін сақтап қалу үшін өтірік есеп беруге көшкен. Министрліктен бастап, жергілікті деңгейдегі басшыларға дейін бұдан бұрынғы Қостанай облысындағы алапат өрттен қорытынды шығармағаны, адам тағдырына немқұрайды қарағаны осы жолы  да анық көрінді.  Президент Тоқаев міндетін дұрыс атқармағаны үшін төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді лауазымынан босатты. Ал той-томалақтан қолы тимей, өрт ошағына кешігіп жеткен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев сөгіс естіп құтылды. Абай облысында өрт болып жатқан күні экология министрі Зүлфия Сүлейменованың Астана халықаралық форумында экологияны дамыту жөнінде сөз қозғап жатты. Артынша, оқиға орнына барғандағы Сүлейменованың көз жасына ерік бергені де біраз талқыға арқау болды. Біреулер министрдің жастығын, тәжірибесіздігін жазса, енді бірі шарасыздығын мысал етті.  

Өрт және заң

Қалай десек те қазір Семейдегі орман өртіне қатысты пікірлер қаулап тұрған тұс. Тіпті орман өртін қасақана қойылған деп те болжайтындар бар. Саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді:

 «Заңсыздыққа жол беріліп, ағаштар заңсыз кесіліп жатады. Құрылыс жүргізуге, тағы басқа қажеттіліктерге ірі кәсіпорындарға ағаш қажет.  Жоғарыға есеп бергенде «барлығы өртеніп кетті» деп осындай заңсыздықтың ізін жасыру үшін өрт қасақана  қойылуы да мүмкін.  Аңшылар да  байқаусызда өртеп алуы мүмкін.  Бұл – бір болжам. Екінші, күннің күрт ысуы мен жоғары ауа температурасы да өрттің тұтануына себеп болған болар».

   Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков орман өрті екі мәрте найзағай түскеннен тұтанған деген болжам айтады. Бүгінде өртке қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің «абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізіледі.

   Заңгер Жандос Әбдікәрімовтың байламынша, үкімет болашақта орман шаруашылығына қатысты заңды қатайтуы қажет. Заңды қатайтпаса, экологияны аямайтын, өз пайдасын ғана ойлайтын озбырлар білгенін істеп жүре береді. Бұл жолғы орман өртінің артында үлкен сыбайластықтың ұшы қылтияды. Мысалы, мамыр айының соңында «Семей орманы» резерваты басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты үкім жарияланды. Мемлекеттік мекеменің үш басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алуға кінәлі деп танылды. Олар ағаш кесуге рұқсат бергені, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қою үшін пара алған. Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды. Сыбайластары үш жылға бас бостандығынан айырылды.

«Бұл арада экс-орман басшылығының ірі кәсіпкерлермен сыбайластығы анықталып отыр. Тендердің айналасында қомақты қаражат жүретіні белгілі. Тамыры тереңдеген парақорлыққа, сыбайластыққа жаңадан келетін басшылықтың шамасы да келмеуі мүмкін. Сондықтан үкімет алдағы уақытта орман шаруашылығына қатысты қатаң талап, пәрмені мықты заң қабылдап жұмыс істеуі қажет. Орман шаруашылығын басқаруға білікті мамандар келу керек. Экология министрлігін басқарып отырғандардың да тәжірибесі мол, ұстанымы қатаң болуы тиіс. Сонда ғана бұл саланы меңдеген заңсыздықтардан арылуымыз мүмкін», – дейді заңгер Жандос Әбдікәрімов.

Орман және қаражат

Мамандар орман шаруашылығы экономиканы дамытудың мықты бір тетігі екенін айтады. Мысалы, Шығыста бүкіл Қазақстан пайдаланатын ағаш қорының 75 пайызы шоғырланған.Аймақта жыл сайын 1 млн текше метрге дейін ағаш дайындауға болады. Нақтысында қазір 200 мың текше метрге жуық дайындалады. Мемлекет бойынша ағаш өңдеу өнімінің экспорты 5,5 млн долларды құрайды. Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова орман шаруашылығының мол табыс көзі екенін айтады.      

«Экология министрлігі орман шаруашылығының ауқымды сала екенін сезбейтін сияқты. Бұл салада маман даярлау, білікті мамандар легін жасақтау, саланы өрттен қорғауда қуатты материалдық база қалыптастыру мәселелеріне мүлдем назар аударылмайды. Қазақстанның жалпы аумағында орман көлем небәрі 4,2 пайызды құрайды. Осыны ұқсата алмай, жыл сайын ормандарымыз өртеніп жатыр. Мұның соңы ағаш өңдеу өнеркісібі, құрылыс саласына қатысты экспорт тоқырайды. Шикізат алуда онсыз да шетелге тәуелдіміз. Енді одан әрі тәуелді бола бастаймыз», – дейді  сарапшы.

  Маманның ойынша, осы уақытқа дейін бөлінген қаражаттарда бақылау болмаған.

«Семей орманы» резерватына биылдың өзіне ғана 6 млрд теңге бөлінген. Орманшылардың жалақысы 60 мың теңге. Олар арнайы киімдермен, техникалармен жабдықталмаған. Қаржы министрлігі, экология министрлігі арнайы комиссия құрып, бұл мәселе жөнінде дереу тексеріс жүргізу керек», – дейді Тоғжан Шаяхметова.

Өрттен кейін Абай облысына инвесторлар әкелу де қиындай түспек.

«Бізге өртенген орманды қалпына келтіру үшін шамамен 2 млрд түп ағаш отырғызу керек болады. Бұл қосымша қаражатты талап етеді. Ендігі облыс әкімінің бас қатырар проблемасы орманды қалпына келтіру үшін инвестор іздеу болары даусыз. Өзі жаңадан құрылып, инвесторға зәру болып отырған аймақ үшін бұл оңайға соқпайды», – дейді маман.

Өрт және экология

Қазір Семей халқының үрейі қатты. 15 адам орман өртінен опат болды. Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, өркениетті елдерде мұндай сәтте тек үкіметтен ғана көмек берілмейді. 

    «Өзім білім алған Канаданы алайыншы.  Канадада өрт болса мемлекеттік көмектен бөлек, округтік, федеральдық көмек қоса беріледі. Сонда канадалықтар үш бірдей бюджеттен көмек алады. Оның қасында әлеуметтік қолдау қорларынан тиесілі алатын өтемақылары тағы бар. Семей полигон аймағының залалы аздай, енді, міне, өрттен адам денсаулығына зиян келді.  Бұл аймақтың полигоннан зардап шеккендегі алатын ай сайынғы өтемақысы 4 500  теңге ғана (!). Тоқсаныншы жылдары тағайындалған бұл өтемақы әлі сол күйінше қалып келеді. Билік енді халықтың сеніміне кіргісі келсе, Абай облысының халқына көлемді өтемақы тағайындағаны дұрыс», – дейді Молдабаева.

«Baitaq» жасылдар партиясының қызметкері, табиғат жанашыры Ғани Назарбектің пікірінше, орманды қалпына келтіруге 30-40 жыл уақыт керек.

«Өсіп тұрған орманымызды сақтап қалу мәселесі маңызды болып тұр. Ол үшін бізге «Семей орманы» сияқты үлкен ормандардың арасын бөлу жұмыстарын жүргізу керек. От тұтанса, 5-6 мың гектар жер жанып, келесі бір учаскеге өтпейтіндей араларын ашу керек. Өйткені бір жерде өрт болса, ол тоқтамайды. Бүкіл орманды қазір шарпып бара жатыр. Ол жерде тек орман ағаштары ғана емес, мыңдаған құс бар. Қазір құстардың жұмыртқалайтын, яғни балапан басып шығаратын кезі. Одан кейін омыртқасыздар бар. Олардың бәрі қырылып қалды. Жалпы, экожүйе өте үлкен шығынға ұшырап отыр. Оны есептеу өте қиын», – дейді ол.

   Экологтардың ғана пікірімен шектелгіміз келмей, орман шаруашылығы саласында қызмет еткен осы саланың ардагері Қайырғали Арынғалиевке хабарластық. 

– Қайырғали аға, Семей орманын қалыпқа келтіру үшін бір ғасыр қажет дейді. Қаншалықты шындыққа жанасымды?!

– Бүгінде орманның 60 мың гектары өртеніп кетті. Егер жыл сайын 2 мың гектар жерге ағаш отырғызғанның өзінде оны қалпына келтіруге кем дегенде 50 жыл керек. Үкіметтің қазіргі орман шаруашылығына деген көзқарасымен Семей орманын қалыпқа келтіру үшін бір ғасыр қажет болып қалады-ау…

– «Семей орманы» резерватындағы өрттің өршуін көріп отырсыз. Мамандардың жұмысына қатысты не айтасыз?!

– Саладағы енжарлықты өзге де ардагерлер көріп отыр. Кеңес заманында тәртіп, талап болды. Ал қазір билік айтады тапсырады, бірақ үкіметте, әкімдерде нақты жауапкершілік жоқ.

– Техникалық базамыз жөнінде қандай пікір білдіресіз? Көпшілік «қазіргі өрт сөндіру техникалары Кеңес заманынан қалған» деседі…

– Қазақстанның техникалық базасы өркениетті елдермен салыстыруға келмейді. Өткенде бізде өрт басталғанда Канадада да өрт болды. Қазақстанда өртті цифрландыру жүйесі жетілмеген. Тіпті өрт сөндірушілердің рациялары да жұмыс істемейді дейді. Бұл – сұмдық.  Канадада жыл сайын шамамен 7 500 орман өрті тіркеледі. Олар оны үлкен аумаққа жаймай, бірден ауыздықтайды. Бұл елде ормандар мен фермаларда жасанды интеллектпен жабдықталған сенсорлық базалар бар. Сенсорлар топырақ температурасы, ылғалдылық, жарықтылық, тұздылық бәрін бақылап отырады. Македония осы әдісті қолданады. Эстония сенсорлармен және су шашатын өрт сөндіру роботын жасап шығарды. Әлем осылай дамып жатыр. Орман өртене берсе құрғақшылықтан зардап шегеміз. Бұл мәселеге де жауапкершілікпен қарап отырған үкімет жоқ. Жауапкершілік болмағаннан кейін бейбіт өмірде  жаугершілік заманындағыдай отырысымыз осы.

    Расымен, өзге елдер дамып жатқанда, біз айдың-күннің аманында азаматтарымыздан айырылып, жаз болса өрт қаулап, көктем болса су тасып, қыс болса мұз боп қатып, зар-заман кешеміз. Бұған жауапты шенеуніктер орнынан алынады, лауазымдарынан босайды. Бірақ артынша кінәларын жуып шаймай-ақ келесі бір лауазымға тағайындалып, креслодан креслоға көшіп жүре береді. Айыпты болып, заң алдында жауап беретіндері де некен-саяқ. Шенеунік сүрінсе оларға сот жоқ. Алда-жалда араларында айыпты болып соттала қалса босап шығуы да тез. Бұдан кейін қандай жауапкершілік туралы айтуға болады…

   Біз қаузаған тақырыпқа қатысты экономика ғылымының докторы, профессор Оразәлі Сәбден де былай деп пікір білдірді:  

«Менің қарнымның ашқаны ол осы өрт сөндіру барысында анықталған мәселелер болып отыр. Орманшылардың өте төмен жалақысы, ол 60 000 теңге. Материалды техниканың  кемшілігі, өңір және сала басшыларының жергілікті жағдайымен таныс емес екендігі. Осы сипаттас мәселелер барлық салаларда толып жатыр. Кешегі Арыс, Тараз, Екібастұз. Тыңдайтын билік болғанымен, оны орындайтын үкімет болмай тұр. Семейде өрт басталып жатқанда Астанада халықаралық форум өтіп жатты. 70-тен астам елдерден делегаттар келді. Сондағы қозғалған тақырыптар – келешектің экономикасы, жаңа энергия көздері, ілгерілеп бара жатқан цифрландыру мәселелері, т.б. Өртті былай қойғанда, осы форум өтер қарсаңда Елордада су тоқтап қалды...»  

Тегтер: