Астана халықаралық форумы: жаһандық сын-қатерлер
Халықаралық қауымдастық қарқынды белең алған поляризация дәуірі мен геосаяси бөлініске етене жақындауына байланысты Астанада 8-9 маусым аралығында 70 елден мыңнан астам қонақтың қатысуымен «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру, прогресс жолында ынтымақтастық даму» тақырыбында Астана халықаралық форумы өтті.
Астана халықаралық форумы диалог арқылы негізгі жаһандық мәселелерді шешу үшін күш-жігер біріктіруді негізге ала отырып, климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Аталмыш форумға шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың және бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының қатысуымен өтті. Әлемнің әр түкпірінен келген делегаттар диалог арқылы жаһандық сын-қатерлерді ескеріп, еліміздің жаһандық бастамаларын түсіндіруге және ілгерілетуге назар аударды. Бағдарлама аясында қырықтан астам панельдік сессия және бейресми пікірталас жиындары өтті. Атап айтсақ, форумның бірінші күні БҰҰ, қауіпсіздік комитетінің ұлттар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа рөлі туралы талқыланса, екінші күні әлемдегі азық-түлік тапшылығы мен су жетіспеушілігі жайында сөз қозғалды. Сонымен қатар климаттың өзгеруі мен энергетикалық ауысым, экономикалық және қаржы мәселелері талқыланды. Астана халықаралық форумының негізгі мақсаты – әлемдегі жағдайды ашық талқылай отыра, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындап, соған қарсы тұру. Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Мысалы, форум барысында Франция мемлекеті «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім беретін жоғары оқу орындарының көбейетінін атап өтсе, ҚХР Екібастұзда ЖЭС салуға ұсыныс тастады. Ал БАӘ баламалы энергия көздеріне бағытталған құны екі миллиард долларды құрайтын инвестициялық келісімге қол қойды. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастардың рөлі айқын екенін жоққа шығара алмаймыз.
Бірнеше жылға созылған жаһандық эпидемия және қарулы қақтығыстар, нарық дағдарысы көптеген елдің экожүйесіне кері әсерін тигізді. Әсіресе еліміздегі кей салалардағы байқалған төмен нәтиже мен мардымсыз жұмыс сөзіміздің айқын дәлелі. Бірақ бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Еркін сауда, жаһандық инвестиция, инновация және адал бәсекелестік секілді факторлардың жиынтығы соңғы онжылдықтарда негізі қаланған әлемдік бейбітшілік пен дамудың іргетасын біртіндеп қирата бастады. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік толқуға, мемлекеттердің іштей бөлінуіне және олардың араларының шиеленісуіне алып келеді. Теңсіздіктің өршуі, әлеуметтік бөлінушілік, мәдениет пен құндылықтардағы алшақтықтың артуы секілді үрдістердің бәрі экзистенциялық қауіп төндіруде. Сондықтан форумда қаралған басты мәселелердің бірі – 30 жылдан кейін бұрынғы «блоктарға» бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайы мен осы жолдағы ақпараттың соғыстың өршіп кетуі. Себебі жалған ақпараттардың жаппай таралуы қазір қауіп-қатердің ушыға түсуіне түркі болатын негізгі себептердің бірі. Тіпті ақпараттың соғыстың өршіп, қауіпті бола түсуі күллі әлемнің алаңдаушылығын тудырып отырғаны форумда аталып өтті.
Бұдан бөлек, форум аясында қатысушылар әлемдегі экологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты дабыл қағып, сөз сөйледі. Экологтар мен министрлар 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынды. Еліміздегі екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай болжам бойынша 15 пайызға тартылып қалатынын ескертіп, Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ екенін атап өтті. Орталық Азиядағы әлеуетті өзен саналатын Сырдария әр жыл сайын 2 миллиард текше метрге сарқылып жатыр. Аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырды.