«Астана» хорватиялық командадан ойсырай ұтылды

«Астана» УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Загребтің «Динамосымен» кездесті.
Хорватияда өткен ойында алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті.
«Динамо» мәселені алғашқы 45 минутта-ақ шешіп тастады, бірінші таймда олар үш гол соқты. Ал «Астана» ойыншылары бұл кезде қарсылас қақпасына бірде-бір соққы жасаған жоқ.
Екінші таймда да ештеңе өзгермеді. «Астана» ойыншылары кездесудің ертерек аяқталғанын күткендей сылбыр қимылдап жүрді. Бас бапкер Григорий Бабаян да ойыншы алмастыруға асыққан жоқ. Ол өзі сенім артқан 11 футболшының алаңда түк істей алмай жүргеніне де назар аудармаған сияқты.
Алаң иелері екінші таймда тағы бір гол соғып, есепті 4:0-ге жеткізген соң сәл тізгін тартқандай болды. Ал «Астана» қақпасына 5 гол жібермегенін абырой санап елге қайтатын шығар.
Ең сорақысы «Астана» қарсыласқа мүлде қарсылық таныта алмады. Қақпаға бағытталған соққылар саны — 17:4, ал тура бағытталған соққылар саны 11:0 болды. Бұрыштамалар — 15:3! Осыдан-ақ «Астана» Хорватияда қандай ойын көрсеткенін білуге болады.
Айта кетейік, қарымта ойын бір аптадан кейін, 2 тамызда Астанада өтеді.
«Динамо» (Загреб, Хорватия) – «Астана» (Астана, Қазақстан) – 4:0
Гол соққандар: Петкович 36 (1:0), Иванушец 41 (2:0), Иванушец 43 (3:0), Иванушец 56 (4:0)
Төреші: Хуадра (Испания)
26 шілде. Загреб. «Максимир».