«Астана — Қарағанды — Алматы» тасжолында болған апатта үш адам қаза тапты

11 тамыз түнгі сағат 00:10 шамасында «Астана — Қарағанды — Алматы» тасжолының 1396-шақырымында, Осакаров ауданына қарасты Батпақты ауылы маңында Toyota Alphard маркалы шағын автобус аударылып қалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылған.
Апат салдарынан үш адам көз жұмды, алты адам әртүрлі жарақат алды. Жараланғандар қатарында кәмелетке толмағандар да бар. Барлық зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Toyota Alphard көліктері Қазақстанда жиі өлімге әкелген жол апаттарына қатысып жүр. Шілде айында екі күн ішінде дәл осы маркадағы көліктер Жамбыл және Алматы облыстарында екі ірі апатқа себеп болып, 10 адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алған еді. Жиі ереже бұзу және апатқа бейімділігі салдарынан бұл көліктер «қауіпті көлік» деген атаққа ие болған.