Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Астана күні. Үлкен отшашу және ат бәйгесі

1
Фото: ашық дереккөз

Астанада қала күніне орай 100-ден астам түрлі мәдени, спорттық және отбасылық іс-шара жоспарланды. Қала күнін атап өтуге қатысты мерекелік бағдарламалар 30 маусымнан басталып, 7 шілдеге дейін жалғасты. Көпшілігіне кіру тегін болды.

 

Қала күнін тойлау Перформанстар фестивалінен басталды. Түрлі-түсті сахналық киім киген әртістер көшеде қойылымдар қойып, қаланы аралап, шеру өткізді. Шараға Қазақстан мен Ресейден келген шығармашылық ұжымдар атсалысты.

Ал «Ғашықтар» саябағы аллеясында жас кәсіпкерлерді, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында қалалық жәрмеңке өтіп жатыр. Шараға 30-ға жуық қолөнер шебері өз өнімдерін алып келді. Мұнда авторлық ерекше дизайны бар өнімдер мен бұйымдарды тамашалай аласыз. Жәрмеңке түскі 12-де басталып, түнгі 10-ға дейін 2 күн бойы жалғасады.

Бұл іс-шара туралы кәсіпкер Арман Төлегенов былай дейді:

«Астана күніне орай арнайы Шымкенттен келіп, өзіміздің Қазақстанның өнімін, қазақтың дүниесін дамыту үшін алып келген дүниеміз бар. Тегін түрде, ұйымдастырушылардың қолдауымен жасалып жатқан дүние барлығы да».

Ал Нұра ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Сәбитов:

«Шараны көрушілер азайып жатқан жоқ. Келіп жатыр, қарап жатыр. Бұл іс-шара біздің астаналық қонақтар мен тұрғындарды қуанту үшін, бір жағынан отандық өндірушілерді қолдау үшін өткізілген іс-шара».

Сондай-ақ орталық саябақта «отбасылық мереке» ұйымдастырылды. Отбасы институтын нығайту мақсатында қойылымдар, түрлі спорттық ойындар, қазақ тілінде мультфильмдер көрсетіледі. Кәсіби суретшілер балаларға шеберлік сабақтарын өткізеді. Демалысқа арналған аймақтар да бар.

Сонымен қоса Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама аясында елордада ерекше отшашу өтті. Қала әкімдігінің мәліметінше, отшашу демеушілердің есебінен атылды.

Отшашу 23:00 шамасында Ботаникалық бақ аумағынан атылды. Отшашудың жалпы ұзақтығы – 5 минут, ал атылған фейерверк саны – 1 700-ден асты.

«Астана Арена» стадионы маңындағы үлкен концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Қазыбек Құрайыш, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобы, жастардың сүйікті тобы 6elucci, Жанар Дұғалова, Әли Оқапов, Лимба, Атилла, Аро, Жұбаныш Жексен, Назима, Ильхан және Тұрар бар.

Астана күніне орай елордада 100-ден астам әртүрлі бағыттағы іс-шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, шоу, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, спорттық жарыстар және басқа да ерекше іс-шаралар ұйымдастырылды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ Астана күні мерекесіне орай елорда іргесіндегі Қазанат атшабарында дәстүрлі «Елорда кубогы» – Қазақстан чемпионатының 5-ші іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов пен Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев сөз сөйлеп, барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.

«Астана – тәуелсіздігіміздің символы, халқымыздың асқақ армандарының орындалған жері. Осы шаһарда ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру аса маңызды. Бүгінгі бәйге – соның айқын көрінісі. Шабандоздарға сәттілік, ал көрермендерге керемет көңіл күй тілеймін. Қазанаттың тұяғы дүбірлеткен сайын қазақ рухы биіктей берсін!» – деді Еркебұлан Ілиясов.

Бұл жолғы дүбірлі дода – бәйгенің бес түрлі қашықтығында еліміздің әр облысы мен қаласынан келген 100-ге жуық тұлпар жарысқа түсті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 24 200 000 теңгені құрап, ат иелерін де, шабандоздарды да айрықша ынталандырды. Сондай-ақ чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік шыққан сәйгүліктер мен шабандоздар маусым чемпиондарын анықтайтын ақтық сынға жолдама алды.

Қ.САЙЛАУ

Астана қаласы

Тегтер: