Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 13 Сәуір 2023

Астана мен Жаңаөзеннің арасы...

None
None

Сәтқалиев "қонақтарын" шығарып салды

Жаңаөзен қаласынан Астанаға келіп, наразылық білдірген азаматтар талабын орындатты. Билік екі күн бойы Энергетика министрлігінің ғимаратының алдында ереуілдеткен жұмысшыларды күштеп ұстап, автозакқа тиеп алып кетті.

«БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмысшылары неге наразылыққа шықты? Сондай-ақ Маңғыстау облысынан мәжіліске өткен депутаттар неге жаңаөзендіктермен жолықпады?

Жаңаөзен азаматтары Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев отыратын «ҚазМұнайГаз» компаниясы ғимаратының алдына сәуірдің 10-ы күні келе бастады.

Жаңаөзендік Жарасбек Шұғаев азаматтар әр түрлі жолмен Астанаға келгенін айтады. Мысалы, бір топ азамат пойызбен келсе, ендігі бір топ ұшақпен бас қалаға жеткен. Аталған азамат наразылыққа түрткі болған ең басты себеп – тендердің әділетсіз ойнатылғаны болғанын ескертті.

«Кезби» және Ai-Bis компаниясы тендерді сағатына 60 500 теңгеден ұтып алды. Ал біз жұмыс істеген «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесі тендерді сағатына 80 мың теңгемен алған болатын. Аталған компания әлдеқайда арзан бағада тендер ұтып алған соң күні ертең басшылық жұмысшылардың жалақысын қияды. Балаларға және өзіміз еңбек демалысын алғанда берілетін әлеуметтік пакет деген бар. Ертең тендерді ұтып алған жаңа компания жұмысшылар мен олардың отбасына бұған дейін көрсетілген көмекті көрсете алмайды. Тендерді сағатына 60 мың теңгемен алып отырған компания қазір «Жалақыны бұрынғыдай төлейміз» деп уәде беріп отыр. Алайда олар көп болса, өзіміз алып жүрген жалақыны екі ай ғана беруі мүмкін. Одан кейін бере алмай қалған кезде біз тағы Астанаға келеміз. Бұл бізге керек емес. Екі айдан кейін келетін болсақ, тағы бүлікші болып шығамыз. Онсыз да үстімізден әлеуметтік желіде «Бұлар тоймайды екен» деген неше түрлі пікір жазылып жатыр», – дейді ол.

Жаңаөзен мұнайшыларының Астанаға келуі – әлеуметтік желілерде де көп талқыланды. 700 мың теңгені көпсінгендер де болды.

«Осы пікірді жазып жатқан азаматтар 700 мың жалақыны біздің қандай маңдай термен алып жатқанымызды әуелі біліп алуы керек. Жігіттер артық сағат алып, сонда өз денсаулығын беріп жатыр. Негізі 700 мың деген Жаңаөзенде мұнайшының ең төмен жалақысы болып саналады. Себебі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесі бұдан артық бізге жалақы бере алмайды. Бұрын сағатына 80 мың теңгемен 700 мың теңге берсе, ал тендерді 60 500 теңге төмен бағада ұтып алған компания енді қомақты қаржы төлей алмайды», – дейді Шұғаев.

Министр Сәтқалиев мұнайшылардың бұл талабын – ажиотаж тудырып, өзіне назар аудару; ал олардың далаға қонуын – жеке қалауы деп атады. Және наразылардың министрлік ұсынған жұмысқа бармайтынын, күн сайын талабын өзгертетінін мәлімдеді.

Наразылармен кездесуге министр Сәтқалиевтан басқа мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов және Мақсат Толықбай барды. Олар да жиналғандарды сабырға шақырғаннан арыға бара алмады. Депутаттар кеткен соң, күштік құрылымдар жиналғандарды күштеп таратуға кірісіп кетті.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысынан кейін осы үш депутаттың ішінде Ермұрат Бапидан кешегі жаппай тұтқындау туралы пікірін сұрадық.

«Жау қуып келе жатқан жоқ еді...»

– Жаңаөзендік азаматтарды арнайы жасақ ұстап алып кетті. Биліктің бұл әрекеті дұрыс болды ма?

Негізі жау қуып келе жатқан жоқ еді. Наразы ереуілшілерді қуудың ешқандай қажеттілігі болмады. Үкімет пен жұмыс беруші және наразылыққа шыққан азаматтар үш жақты келісіммен мәмілеге келетін мүмкіндіктер болды. Сондықтан мен асығыс әрекетке барудың астарынан ешқандай мән-мағынаны көріп тұрған жоқпын. Біз өзіміз барып сөйлестік. Негізі Энергетика министрінің уәжін тыңдағаннан кейін ереуілшілердің ойын өз ауыздарынан естиік деп барған ек. Біз барғаннан кейін жарты сағаттан кейін азаматтарды ұстап әкетіпті.

– Бейбіт митинг өткізіп жатқан адамдарды қойша ұстап әкетуге кім айыпты?

Кім тапсырма бергенін нақты білмеймін. Бірақ азаматтарды ұстаған арнайы жасақ ішкі істер министрлігіне, ал аталған министрлік үкіметке бағынады. Сатылап кете беретін болсақ, үкіметтің орашолақ әрекеті ме деп ойлаймын.

– Үкімет Жаңаөзен мен Ақтау қаласының халқы алаңға шыққан соң амалсыз келісімге келді. Азаматтарды тұтқындамай-ақ неге келісімге келмеді?

Менің ойымша, бұл жүйелік проблема. Ескі Қазақстаннан қалған әлеуметтік қатынастарды реттеудің орашолақ саясатының салдары деп ойлаймын. Еңбек қатынастарын әділетті жолмен реттеудің заңдық және мәмілемен келіссөз жүргізетін тетіктер бар. Бірақ біздегі мұнай саласындағы саясат бұған дейін Назарбаев жүйесінің ықпалында болды. Сондықтан да қалыптасқан жүйені сындыруымыз керек.

– Осындай жағдайдың туындауына айыпты қандайда бір лауазымды тұлға отставкаға кету керек пе?

Негізі кешегі оқиға олигархтар арасында болған қақтығыстан туған дүние. Бір компания тендерді ұтып алып, екіншісі ұтылды. Жекеменшік компания болғаннан кейін олардың ішінде үкіметтің үлесі жоқ. Егер үкіметтің үлесі болатын болса, өз тарапынан оны шешудің әрекетін жасар еді. Бұл жерде жапа шегіп қалған қарапайым жұмысшы мұнайшылар болды. Менде оларды әлдебір сыртқы күштер пайдаланып кетудің әрекеті болды ма деген де күдік бар.

– Билік мұндайда «Сыртқы күш немесе реваншистер» туралы жиі айтады. Реваншистерге келетін болсақ, экс-президент Назарбаев пен оның айналасындағы азаматтар деп білуге болатын шығар. Билік оларды құбыжық етіп неге көрсетеді? Егер олар қандай да бір қылмысқа айыпты болса неге жазаға тартылмайды?

Менің ойымша, бұл 30 жыл қалыптасқан жүйе ғой. Оны бірден быт-шытын шығарып сындырып, өзгертудің мүмкіндіктері шектеулі шығар. Сең қозғалып, ақырындап, әлеуметтік салада әділеттік орнатудың әрекеттері басталады.

 Маңғыстау облысынан мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайланып келген депутат Еділ Жаңбыршинға бірер сұрақ қойдық. Наразылар министрліктің алдында, далада түнеп жатқанда ол кабинетінде жаңаөзендіктердің мәселесін шешу туралы толғанып отырыпты.

«Соғыстың өзі ең соңында үстел басында шешіледі»

Еділ Терекбайұлы кеше Жаңаөзендік жұмысшыларға барып, неге кездеспедіңіз?

– Жаңаөзендік жұмысшылардың мәселесі көптен бері қордаланып, айтылып келе жатқан мәселе. Сондықтан бұл жерде жүйелік кемшіліктер бар. Сол бойынша жұмыстар жасалуы керек. Бұл – бір. Екіншіден, мен «БекӘли» компаниясының басшысымен өткен сенбі күні Ақтауға арнайы барып, кездестім. Ол көрсеткен құжаттарды Астанаға алып келіп, екі күн бойы соны саралап, арнайы Бас прокуратура, «Самұрық Қазына» және Энергетика министрлігіне хат жолдадым.

Ал «Жаңаөзендік жұмысшыларға неге бармадыңыз» деген сұраққа келер болсам, негізі көшеде, далада мәселе шешілмейді. Олар көтерген мәселе құжат бойынша менің қолымда бар. Оны аталған компанияның басшылары мен жұмысшылары жақсы біледі. Олармен Ақтау қаласында кездестім.

Бірақ сіз барған сенбі күннен кейін бұл мәселе шешілмеді ғой...

– Қордаланған мәселе бір күнде шешілмейді. Сондықтан бүгін біз депутаттық сауал жолдадық және құзырлы органдарға арнайы хат жібердік.

Кеше жұмысшыларды ұстап әкеткені қаншалықты дұрыс болды?

– Оған құзырлы органдар арнайы бағасын береді. Мен оған баға бере алмаймын.

Митингті әлдекім арнайы ұйымдастыруы мүмкін бе?

– Митингті әдейі ұйымдастырды деген әңгіме бар. Бірақ оны құзырлы орган өкілдері зерттеп, өздерінің бағасын беруі керек.

– Жаңа сіз «Мәселе алаңда емес, кабинетте шешіледі» деп айттыңыз. Бірақ мәселе жұмысшылар Астанаға келіп, Жаңаөзен мен Ақтау қаласының халқы алаңға шыққаннан кейін шешілді ғой. Сіз алаңға шыққан халықтың миссиясын неге төмендетесіз?

– Мен ешкімнің миссиясын төмендетіп отырған жоқпын. Жалпы қандай мәселе болсын, тіпті соғыстың өзі ең соңында үстел басында шешіледі. Менің айтып отырғаным осы мәселе.

– Бірақ халықтың алаңға шыққаны дұрыс болды ғой...

Егер де азаматтар заң аясында митингке шықса, дұрыс болады. Барлық мәселені заң аясында жасау керек.

– Еділ мырза, сіз Маңғыстау облысынан мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайланып келген азаматсыз. Сіздің жаңаөзендік азаматтарға баруға 100 пайыз моральдық қақыңыз болды.

Бірінші және екінші күні біз осы мәселемен айналыстық. Депутаттық сауал жазу оңай нәрсе деп отырсыздар ма? Ол оңай шаруа емес. Үш беттік депутаттық сауалды жазып көріңіз. Оны алаңдамай отырып жазу үшін уақыт керек. Екіншіден, біз құзырлы органдармен жұмыс істедік.

– Халық алаңға шықса, билік мұны сырттан ұйымдастырып отыр деп айтады. Билік олардың атын неге жарияламайды?

Маған журналистер «Кешегі митингті сырттан әлдекім арандатқан жоқ па» деп сұрады. Менің ойымша, ондайда күдік болуы мүмкін. Оны құқық қорғау органдарының өкілдерінен сұраңыздар. Арнайы зерттеп, қарасын. Олардың негізгі міндеті – сол ғой.

P.S. Полиция жасағы наразы топты күштеп ұстап әкеткен соң, 11 сәуір күні оларға араша түсіп, Маңғыстау облысында өзге мұнайшылар жүздеп жиналып, үндеу жариялай бастады. 12 сәуір күні таңертең жаңаөзендіктердің талаптары орындалатын болып, келіссөз жүргізуге 10 адам қалдырып, пойызбен үйлеріне қайтқаны айтылды. Министр Сәтқалиев айтпақшы, енді министрлікте істейтін қызметкерлер жұмысына емін-еркін кіріп шығып жүре берсе болады...

Тегтер: