Астана қауіпсіз қалаға айналып келеді
Бас қаламыз Астана еліміздің жүрегі ғана емес, тұрғындары үшін қауіпсіз, халық тұрмысына ыңғайлы болуының да маңызы зор!
Осы орайда жыл сайын тұрғындар саны артып, қала аумағы кеңейіп бара жатқан қаламызда қоғамдық тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті де тұр.
Қаланың қауіпсіздігіне қатысты статистикаға сенсек, халықтұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысы, алаяқтықпен алдау, арбау, қаржы пирамидаларынан көп зардап шегетінін байқауға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыс саны Астанада 9 пайызға өскен көрінеді. Дегенмен адам өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, зорлау, тонау, қарақшылық, бұзақылық және пәтер ұрлығы айтарлықтай азайған. Және көшедегі қауіпсіздік деңгейі 5,5 пайызға артып, қылмыстың қайталануы 42,1 пайызға төмендеген. Жалпы мамандар «соңғы 5 жылда қылмыс саны 2 есеге азайды, 2017 жылы 32397 қылмыс тіркелсе, 2022 жылы ол 16572-ге кеміді. Өткен жылда 194 жалған жарнама мен заңсыз интернет-ресурсы бұғатталды» деген деректер келітіріп отыр. Әсіресе елімізде есірткі қылмысымен күрес пен нашақорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударыла бастағанын ескерсек, Астана қаласында да бұл бағытта талай тірлік атқарылған. Жыл басынан бері 232 есірткі қылмысы анықталса, оның 171-і – сатумен айналысқандар екен. 257,5 кг әртүрлі есірткі заты тәркіленіп, оның ішінде 34,3 кг синтетикалық зат болған. 4 дәрі-дәрмек зертханасының қызметі тоқтатылған. Қалада есірткі жеткізіп, сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ та жойылған.
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев «Азаматтардың құқын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Елорда полициясының негізгі міндеті. Қала тұрғындарымен қатар, қалаға қыдырып келген әрбір қонақ өзін еркін сезінуі әрі қауіпсіздігіне еш алаңдамауы керек. Міне, осы бағытта қазір қызметкерлер бар күшін салып еңбектенуде. Бұрын құқық қорғаудың негізгі мақсаты қылмыспен күреске бағытталса, енді сервистік модельде оның алдын алуға күш салынады. Бұл жерде ең маңыздысы – қылмыстың алдын алу, көмек көрсетуге дайын болу, сосын халықпен барынша тығыз қарым-қатынас орнату» дейді.
Орын алған жағдайды жедел талдау негізінде қаладағы аса қауіпті және апатты деген жол учаскелерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция полкі жұмылдырылып келеді. Жыл басынан бері бұл құрам 106 қылмыстың бетін ашқан. Оның 5-еуі – кісі тонау, 1-еуі – зорлық, 10-ы – ұрлық, 5-еуі – дене жарақатын салу, 57-сі – есірткі тасымалы. Жыл сайын елордалық полицияның материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Құқық тәртібін қорғау және қылмысқа қарсы күрес үшін қажетті заманауи техника мен қызметтік автокөліктер берілген. Бүгінгі таңда Жедел басқару орталығында 29 мың бейнекамера, оның ішінде «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 13 мың камерасы орнатылған. Сонымен қатар, көппәтерлі үйлердің кіреберісінде осы орталыққа біріктірілген «Бұлтты бейнебақылау» жүйесінің 5500-ден астам камерасы жұмыс істейді. Бұл қаладағы қауіпсіздік деңгейін жақсартары сөзсіз.
2022 жылы бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері 3233 қылмысты (оның ішінде 4 адам өлтіру, 127 тонау, 2500-ден астам жеке мүлікті ұрлау) және 30000 әкімшілік құқық бұзушылықты ашты. Бұл істелген жұмыстың бір легі ғана. Алда әлі қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттырар жұмыстар жетерлік. Сондықтан Елордамыз ең қауіпсіз қалалардың біріне айналарына сенім мол!
Қонысбай Еркенұр