Астана суды үнемдемейді, станция салады!
Географиялық тұрғыдан алғанда Қазақстанда табиғи су қоры өте аз. Сондықтан да жыл өткен сайын су мәселесі күрделеніп келеді. Әсіресе былтыр астаналықтар су тапшылығын айтарлықтай сезінді.
Қаладағы Есіл, Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр ауданы тұрғындары су күндіз сыздықтап ағып, кешке тоқтайтынын айтып, жолды жабуға дейін барған. Тіпті 2 айға жуық «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорны суды кесте бойынша төмен қысыммен беруге мәжбүр болды. Бірақ Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада су тапшылығы жоқ, біз оны 2035 жылға дейін шешіп қойдық деп есеп те берген.
Десе де, қала ішінде судың тоқтап қалуы сияқты мәселелер бір жола шешім тапты деп айту қиын. Мысалы, қала тұрғыны Айдана Ермек Sat city тұрғын үй кешенінде ауыз су мәселесі әлі де бар екенін айтады.
«Әсіресе жазда бір үйдегі бірнеше подъезде дәл сенбі, жексенбі күндері су болмай қалады. Аптасына келетін бір демалыста тұрғындардың бәрі үйлерінде кір жуады, жуынады. Біз тұратын G блоктың 3-4 подъездері былтыр жаздай осы проблемамен әуре болдық. КСК мәселе бізден емес, орталықтан дейді. Әкімдікке де бірнеше рет шағым айттық, бірақ нәтиже аз. Қаланың қақ ортасында тұрып әлі ауыз суға жарымай отырмыз», – дейді.
Осы проблема бойынша қала әкімдігіне хабарласқанымызда, әкімдері аузына түкіріп қойғандай, «Астанада су тапшылығы жоқ, кейбір жерлерде туындаған дефицит тұрғын үйдің жүктемесіне байланысты» деп жауап берді.
Ал осы тұрғын үйге қарайтын коммуналды қызмет бұл «біздің деңгейімізде шешілетін мәселе емес» деп, әкімдіктің өзіне сілтеді. Және судың жетіспеушілігін қалыпты жағдай деп санайды екен.
«Су тапшылығы белгілі бір подъездерде ғана бар. Былтыр жазда G, H, I блоктарына жаңадан тұрғындар келіп орналасқан кезде ауыз су жетпей, тұрғындар күнде хабарласатын. Жалпы мұндай мәселе басқа да тұрғын үйлерде бар, тіпті қаланың сыртындағы саяжайлар мен жер үйлерде де жаз маусымында ауыз су жетпей қалады. Мұны біз өз деңгейімізде шеше алмаймыз, себебі бізге ауыз су қаладағы орталықтандырылған су жабдықтау жүйесінен келеді. Әкімдік су құбырларын көбейтіп, қала бойынша берілетін су көлемінің текше метрін ұлғайтқанда мәселе толығымен шешіледі деп сенеміз. Өйткені сіз айтып отырған подъездердегі ауыз су жетіспеушілігі тек сенбі-жексенбі күндері орын алып тұрады, демалыста тұрғындардың басым көпшілігі үйлерінде жуынады, кір мәшинесін қосады, ауыз суды тұтыну көлемі артады», – деп жауап берді Sat City тұрғын үй кешенінің коммуналды қызмет өкілдері.
Қалада су тапшылығын тудырып отырған екі мәселе
Біріншіден, халық санының тез өсуі мен қала құрылысының қарқын алуы суға сұраныстың едәуір артуына ықпал етті. Республиканың түкпір-түкпірінен елордаға ағылған халықтың қарасы аз емес. Мысалы, елорданың алғашқы бас жоспары жасалғанда 2023 жылы халық саны 800-900 мың адам болады деп есептелген. Онда жылдар өте келе халық саны бірден күрт өсіп кететіні ескерілмеген. 2010 жылы қала әкімшілігі 20 жылдан кейін, яғни 2030 жылы астаналықтардың саны 1 млн 200 мың адамға жетеді деп болжады. Бірақ бұл көрсеткішке 2020 жылы жетіп қойдық – соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 46 пайызға өсті. Қазір ресми мәлімет бойынша халық саны 1,5 млн адамнан асады (қалада адам саны жыл сайын 50 мыңға артып келеді). Осы ретте, тіркеуде жоқ халықтың үлесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Оның үстіне жыл сайын түкпір-түкпірден келетін туристер саны да едәуір артып жатыр. Алдағы жылдары қала тұрғындарының саны 2-2,5 млн адамға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Халықтың табиғи өсімі мен көші-қонның әсерінен елордада жыл сайынғы суды тұтыну көлемі өте жылдам қарқынмен өсе бермек деген сөз. Мәселен, 2007 жылы су алу көлемі 43,5 млн текше метр болса, 2012 жылы – 60 млн, 2020 жылы – 105 млн, 2021 жылы – 110, 2 млн, 2023 жылы – 122 млн текше метрге ұлғайған.
Бас қаладағы су тапшылығы мәселесіне әсер еткен екінші фактор – Астанадағы тұрғын үйлердің көптеп салынуы. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда Астанада 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Елімізде құрылыс қарқыны бойынша Астана бірінші орында тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 10 млн шаршы метрдің төрттен бір бөлігі, яғни 2,3 млн шаршы метрі Астанаға тиесілі болып отыр. Жыл сайын елордада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй және коммерциялық алаңдар пайдалануға беріледі екен. Салынған үйлерді жылумен, сумен, электр қуатымен жабдықтау қиынға соғатынын түсінген әкімдік осыдан екі жыл бұрын құрылыс көлемін 2 млн шаршы метрге дейін азайтуға мәжбүр болды.
«Астана» халықаралық ғылыми кешені су қауіпсіздігі орталығының директоры Әсет Қалиевтің айтуынша, Астананың қала құрылыс жоспары әу баста бекітілген қағаз жүзіндегі нұсқасынан ауытқып кеткен. Яғни бекітілген жоспарда инженерлік дайындық жан-жақты көрсетілген. Құжатта сумен жабдықтау, кәріз және жылумен жабдықтау желілерінің өткізу қабілеттілігі дұрыс есептелгенімен іс жүзінде жоспарда жоқ жерлерге жаппай құрылыс жүргізіле бастаған. Тығыз орналасқан аумақтарға жаппай жаңадан көпқабатты ғимараттардың көптеп салынуы инженерлік желілерге жүктемені арттырып жіберді. Салдарынан бұрын салынған үйлерге зияны тиді.
Қалаға су тартудың балама жолдары қандай?
Былтыр су тапшылығы айтарлықтай сезілген уақытта қала әкімі «жақын арада №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы іске қосылады, сөйтіп су тапшылығы мәселесін шешеміз» деп уәде берген. Сөйтіп қуаттылығы тәулігіне 105 мың текше метрден астам су алуға мүмкіндік беретін ССС-3 станциясы іске қосылады. Ресми мәлімет бойынша елордалықтар күніне 320 мың текше метр су пайдаланады десек, соның 105 мың текше метрін №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы тазартып отыр. Алынған су ары қарай Алматы, Байқоңыр, Есіл аудандарына жөнелтіледі. Жоба құны – 60 млрд теңге болды.
ССС-3 станциясының іске қосылуы бас қаладағы су мәселесін біржола шешпейтіні түсінікті. Жыл басында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек 2033 жылға қарай елорда халқының саны 2,3 миллион адамды құрайтынын айтқан. Сол уақытта қаладағы тұрғын үй саны екі есеге артып, 68 миллион шаршы метрден асады деп болжанды. Яғни алдағы уақытта елордада инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеме айтарлықтай артады деген сөз. Қазірден бастап халық санының артуын негізге алмаса, болашақта су тапшылығы мәселесіне қайта оралатынымыз анық.
Астанаға тіршілік нәрі Вячеслав су қоймасынан келеді. Ондағы су көлемі қардың түсіміне байланысты. Сондықтан қалаға су тартудың өзге де жолдары қарастырылуға тиіс. Біздің сауалымызға:
«Өткен жылдың караша айында «Нұра» жерасты су көзінен қуаты 48 мың текше метр болатын су құбырын тарту, сондай-ақ «Тельман» сорғы станциясының қуатын күніне 160 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобалау жұмыстары басталды. Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланы 2028 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді шаралар аясында төртінші ауыз су станциясының (ССС-4) және тағы бір су кұбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етеді деген жоспар бар», – делінген Астана қаласы әкімдігінің берген ресми жауабында.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтан болашақта бас қалада су тапшылығы болмас үшін қандай жоспарлар мен өзге де тетіктер қарастырылғанын сұрап көрген едік.
«Астана қаласын ауыз сумен жабдықтаудың негізгі көзі Есіл өзенінің бойында орналасқан Астана су қоймасы (жобалық көлемі – 410,9 млн м3). Оның толуы жыл сайынғы көктемгі су тасқынына тікелей байланысты. Қазіргі уақытта Астана қаласын сумен жабдықтаудың баламалы көзі есебінде Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан тартылған ұзындығы 19,7 км су құбыры пайдаланылады. Бұл объект Есіл өзенінің жоғарғы жағына су аз жылдары Ертіс өзенінің суының бір бөлігін аталған канал арқылы тасып, Астана су қоймасын толтыруға мүмкіндік беріп отыр. Құрылыстың өндірістік қуаттылығы жылына 89 млн м3», – дейді Н. Алдамжаров.
Астана қаласының бас жоспарына сәйкес алдағы 10 жылда елорданың су тұтынуы тәулігіне 700 мың текше метрге жетеді. Оның ішінде тәулігіне 613 мың м3 ауыз су қажеттіліктері үшін кетеді. Су ресурстары және ирригация вице-министрінің айтуынша, бұл уақыттағы ауыз су көлемінің негізгі бөлігі Астана су қоймасы арқылы шешілмек көрінеді. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігімен өнімділігі тәулігіне 210 мың м3 болатын 4-ші тазарту сорғы станциясын салмақ. Мерзімі – 2025 жылдың І тоқсаны. Осы жобалар арқылы Астананың су мәселесін толықтай шеше саламыз дейді.
Республикаға ортақ проблема
Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) мәліметінше, Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда суға көбірек мұқтаж. Өйткені су қорының 40%-дан астамын пайдаланады екенбіз. Яғни бізде су тұтыну қарқыны жоғары саналады. Әсіресе қазақстандық 8 су бассейнінің 5-еуі тоқтаусыз пайдаланылып жатыр. Оның үстінде Шу-Талас және Нұра-Сарысу бассейндерінде барлық өзен ағын суы тұтыну мақсатына жұмсалып отыр.
Тұтынылатын судың жалпы көлемінің 4%-ы шаруашылық пен ауыз су қажеттілігіне, 26%-ы өнеркәсіптік қажеттілікке, 70%-ы ауыл шаруашылығына арналған. Шығынның үлкен бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Яғни 27%-ды құрап отыр. Экономикалық зерттеулер институты аталған саладағы негізгі проблемалардың бірі су арналарында инфрақұрылымның әбден тозуы, қанша жыл өтсе де саланың автоматтандыру жүйесіне көшпеуі және білікті кадрлардың жетіспеушілігі деп атап өтіпті. Егер бұл салаға суды үнемдейтін технологиялар енгізілетін болса, тапшылық мәселесін бір жола шешуге болатын еді. Ал суды үнемдеу, өңдеу арқылы пайдаға асыру туралы «Жас Алаш» бұған дейін бірнеше рет жазған. Әзірге әкімдіктің бар білгені – сорғы, сүзгі станцияларын салу ғана болып тұрған сияқты. Демек, халық көбейген сайын станциялар да көбейе береді.
Айжан Қалиева
Астана қаласы