Астана жәрмеңкесінде жастар жұмысқа орналасты
Астана қаласында жұмыс іздеп жүрген ЖОО түлектері мен елорда жастары үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуға 20-дан астам ірі жұмыс беруші өтінім беріп, өзіне қажетті мамандарын таңдап алуға мүмкіндік туды. Бұл жұмыс іздеген жастарға да, маман іздеген мекемелерге де үлкен мүмкіндік болды.
Әсіресе жәрмеңкеге келіп кадр іздеген Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Талдау және ақпарат орталығы» ШЖҚ РМК, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы, «Басқарушы компания «Қазмедиа орталығы» ЖШС, «Arena S» (Арена S), Sulpak ЖШС, «DESIDERIO» ЖШС, «Қазпошта» АҚ «Астана почтамт» АФ, «Қазақтелеком» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС секілді мекемелер жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер өз компанияларын жан-жақты таныстырып, бос жұмыс орындарын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастыра алды. Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілер компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, сұхбаттасудан өтіп, өзін қызықтырған сұрақтарын да қоюға мүмкіндік алды. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу болып табылады.
Атап өтер жайт, 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ төрт бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізген болатын, оған елорданың 160-тан астам жұмыс беруші, 2400-ден астам жастар мен студенттер қатысты және 1800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып, оның барысында 250-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Осыдан-ақ шараның үлкен мүмкіндіктер алаңына айнала алып отырғанын байқаймыз.
Осы орайда атап өтер жайт, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастарды қолдау, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Өйткені елімізде жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Олардың адаспай, өз орнын тауып, еліміздің дамуына өз үлесін қосып, еңбек нарығына сәтті еніп кетуінің маңызы зор. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез жетті. Соны меңзеген президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген болатын. Астана қаласында өткізіліп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осы бағыттағы нақты шара болды деп айта аламыз.
Экономист Әлиасқар Үмбет: «Бүгінгі таңда жастарды жұмыспен қамту, оларды жұмысқа дайындау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде түлектерді жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бірі – жастар практикасы. Жастар практикасының мақсаты – түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу. Бұл шараны жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады. Ал жастар практикасының мерзімі 12 айға дейін. Яғни жас маман тәжірибе жинақтаумен бірге бір жылдық еңбек өтіліне ие болады. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараның тағы бір – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс беруші келісімшарт жасайды. Келісім бойынша жұмыс беруші түлекті кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал жұмыспен қамту орталығы бір жылға жалақыны субсидиялайды. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған үшінші шара – «Ұрпақтар келісімі» жобасы. Бұл жоба негізінде зейнет жасындағы қызметкердің орнына жас түлек ауыстырады. Аталмыш жоба бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады. Ал жұмыспен қамту орталығы 6 ай жалақыны субсидиялайды. Жалпы мұндай шараның барлығы жастарды жұмыспен қамтуға ықпал етері анық. Астана қаласында осындай бағдарламаларды қолдауға көптеген шаралар ұйымдастырылып отырады. Астана қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де осының бірі» дейді.