Астанада 2 млрд ұрлады делінген сот сараптама қызметкерлері қамауға алынды

Қаржы мониторингі агенттігі Астанадағы Сот-сараптама орталығынан екі миллиард бюджеттік теңгенің ұрлануына қатысты істі тергеп жатыр.
Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінгені хабарланды.
"Алайда, 2023-2024 жылдары Сот сараптама орталығының лауазымды тұлғалары жеткізушілермен сөз байласу арқылы жалған коммерциялық ұсыныстар беру арқылы бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде жабдықтың құнын үш есеге жоғарылатып жіберген", - делінген хабарламада.
Тәркілеу мақсатында жалпы құны 148 миллион теңгеден асатын мүлік: Алматы қаласындағы 2 жер учаскесі, Астанадағы пәтер және BMW X6 және RAV 4 автокөліктері тәркіленді.
"Сонымен қатар ЖШС-нің банк шотындағы 1,6 млрд теңге, 367 мың доллар және 366 мың еуро көлеміндегі қаражаты бұғатталды. Сот сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы қамауға алынды, сот 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.