Астанада 7 жасар қыздың екі аяғынан айырылуына себепкер автобус жүргізушісі амнистияға ілікті

Астана қаласында орын алған жол апатының басты айыпталушысы – автобус жүргізушісі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Оқиға кезінде Ақмола облысы Егіндікөл ауданынан келген 7 жасар Алуа есімді қыз ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылған болатын. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 15 адам зардап шекті, олардың бірнешеуіне медициналық көмек көрсетілген еді.
Тергеу қорытындысы бойынша, апат жүргізушінің бірнеше жол қозғалысы ережесін бұзуынан болған. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігі бойынша («Жол қозғалысы ережесін бұзу, абайсызда ауыр зиян келтіру») тергелді.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде жүргізуші Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған амнистия туралы Заңға сүйеніп, қылмыстық қудалауды тоқтату жөнінде өтініш берген.
Өтініш қанағаттандырылған.
Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, жәбірленуші отбасының әділдікке қол жеткізе алмауы туралы пікірлер айтылып жатыр.