Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі өтті
Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХХІ отырысы өтті.
Отырыста Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде дін саласында өзекті болып отырған бірнеше сауалға жауап берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қатысушыларды құттықтады.
Президент құттықтау сөзінде 20 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан съез өзектілігін дәлелдегенін атап өтті. Қазіргі геосаяси шиеленіскен заманда бейбітшілік пен бірлікті сақтауда рухани көшбасшылардың рөлі зор екенін де айтты.
«Съезд дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын ілгерілетуге, маңызды жаһандық мәселелерді шешуге зор үлес қосуда. Форум аясында жер шарының рухани көшбасшылары тұрақты түрде бас қосып, бүкіл әлем халқын толғандыратын өзекті мәселелерді талқылайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бас мүфти хиджаб пен музыка аспаптарына қатысты сұрақтарға жауап берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. Оның ішінде бүгінде өзекті тақырыпқа айналған мектеп оқушысының орамал тағуына қатыс сұрақтар да болды.
Оқушы қыздардың орамал тағуына қатысты дау қоғамда толастамай тұр. Сөйтіп, күні кеше интернетте қыздарды орамал таққандықтан сабаққа жібермейтіні туралы видео тарады. Бұған дейін шенеуніктер білім беру стандарттарын сақтау қажеттігін, оның ішінде мектеп формасына қатысты да бірнеше рет айтқан болатын. Президенттің өзі мұғалімдер съезінде бұл мәселеге арнайы тоқталып Қазақстан зайырлы мемлекет екені, мектеп ең алдымен білім ордасы екенін айтқан еді.
Ормал тағу балиғат жастан басталады
Осы орайда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлынан хиджабтың кесірінен сабаққа бармай жүрген қыздарға қатысты пікір білдірді. Ол ең алдымен елімізде тыныштық пен бірлікті сақтау маңызды екенін атап өтті.
"Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Бұл мәселеге қатысты ҚМДБ өз ұстанымын білдірді. Бірақ, әрине, қазір ең алдымен тыныштық пен бірлікті сақтау маңызды. Сонымен бірге біз бұл мәселені талқылап жатырмыз. Жалпы, шариғат талабы бойынша қыздар балиғат жасынан бастап орамал тағуы керек», - деді бас мүфти.
Қыздар діни білім саласына қызығушылық танытса, медресе колледждерінде білім алуға мүмкіндік бар деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
"Мұсылмандар діни басқармасында тоғыз медресе колледжі бар, біз 9-сыныптан бастап қыздарды қабылдаймыз. Яғни, орамал таққан қыздарға осындай мүмкіндік бар. Медресе колледжі Білім министрлігінің стандарты бойынша білім береді. Онда әрі исламдық, әрі зайырлы білім бар», - деді ҚМДБ басшысы.
Бұған дейін Білім министрі Ғани Бейсембаев Атырау облысында хиджаб киюге тыйым салынғандықтан 150 қыз мектепке бармай жатқан жағдайға қатысты пікір білдірген болатын. Министрдің айтуынша, Атырау облысында хиджаб киюге тыйым салынғандықтан мектепке бармаған 150-ден астам қыз бар, бірақ ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
"Мектеп балалардың сапалы білім мен тәрбие алуы үшін құрылғанын бәріңіз жақсы түсінесіздер. Сондықтан ата-аналардың көпшілігі түсініп, қабылдай бастады. Қазіргі уақытта басқа өңірлерде хиджаб киген оқушылардың нақты саны туралы мәлімет менде жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша ондай оқушы жоқ", - деп жауап берген еді Ғани Бейсембаев.
Домбыра харам ба?
ҚМДБ басшысы домбыра мен басқа да ұлттық музыкалық аспаптардың исламда харам емес екеніне тоқталды. Ол бұл сұрақтарға әлдеқашан жауап берілгенін де айтты.
«Біз осы жердегі Бейбітшілік және келісім сарайында пайғамбарымыздың құрметіне домбыра және басқа да ұлттық музыкалық аспаптар ойналатын шаралар өткіздік. ҚМДБ 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бізде арнайы дін және дәстүр бөлімі бар. Халқымыз арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап келеді», - деді ол.
Қоғамдық орындарда хиджаб кию шектеле ме?
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысында Қазақстанда дін туралы заң қаталданып жатыр ма, деген сұраққа мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да жауап берді.
"Депутаттар тарапынан ресми өтініштер болды. Дін саясаты саласындағы органды үйлестіретін мемлекеттік орган ретінде біз оларды қарауға міндеттіміз. Әрине, осыған байланысты біз барлық діни бірлестіктерге қатысты барлық заңнамалық нормаларды зерделеп жатырмыз. Бұл жерде қоғаммен қарым-қатынас маңызды және біз қоғамды поляризацияламауымыз үшін және қоғамдағы түйткілді мәселелерді қарастырдық», - деп жауап берді Аида Балаева.
Сонымен бірге Балаева алдағы уақытта жұмыстар атқарылатынан атап өтті.
«Алдымен сарапшылармен қала берді депутаттармен талқылау болады, яғни қоғамның келісімінсіз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Депутаттар тарапынан нақты өтініштер бар», - деді министр.
Бұған дейін минист Аида Балаева алдағы уақытта қоғамдық орындарда хиджаб киюге шектеу қойылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Бұған дейін депутаттар хиджабқа қарсы шыққан еді. Сенатор Нұртөре Жүсіп Қазақстанды тез арада исламдандыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, елде жақсы ұстаздар мен имамдар жетіспейді.
«Бірақ осыны теріс пайдалану арқылы қоғамды жік-жікке бөлуге, діни көзқарасты өзгелерге таңып, жанжал тудыруға жол бермеу керек. Домбыра, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен сәлемдесулеріміз күнә (харам), әркім хиджаб пен никаб киюі керек деген үкімдер Ата Заңымызға қайшы келеді», - деді сенатор.