Астанада әлеуметтік нысандар саны арта түспек
Жас қала болса да Астанамыз тез көркейіп, кеңейіп келеді. Қазіргі таңда бас қаламыздың жедел дамып, тіпті әлемдік деңгейдегі шаралар өткізілетін, бар қазақ тұрғысы келетін қалаға айналуы жолында үлкен еңбек жасалып жатыр.
Биылғы жылдың басында сөйлеген сөзінде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та ел дамуындағы Астананың орны ерекше екенін атап өтіп, «Қалаға қойылатын талап та жоғары болады және бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе» деген болатын. Президенттің осы сөзіне құлақ асқан қала әкімдігі қазіргі таңда астаналық тұрғындарға барынша жағдай жасап, мектеп пен балабақшаның, ауруханалардың жеткілікті болуы үшін тырысуда. Өйткені қала тұрғындарына уақыт талабына сай жағдай жасау басты міндет.
Осы орайда жақында Астанада әлеуметтік нысандарды салу үшін 420-дан астам жер учаскесі анықталды. Мектеп салу үшін – 158 учаске, балабақшалар үшін – 185, медициналық орталықтар үшін, атап айтқанда емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтары үшін тағы 78 учаске белгіленіп отыр. Алдағы уақытта аталмыш жер учаскелеріне заманауи, барлық талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетеді деп күтілуде.
Ал жауапты органдар әлеуметтік нысандарды салу үшін жер учаскелерінің саны жыл сайын ұлғаяды деп уәде беріп отыр. Өйткені соңғы жылдары қала тұрғындарының саны жедел өсіп келе жатқаны байқалуда.
Демек қала халқының көбеюіне сай, әлеуметтік нысандардың да көлемі көбейеді. Бұл туралы да президент Тоқаев: «Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет», – деді.
Жыл сайын астаналық болғысы келетін тұрғындардың да саны артқанын байқаған қала басшылары қазіргі таңда мәселенің алдын алуға тырысуда. Соның айғағы – бүгінгі күні Астана қаласының жергілікті басқарушы орындары қала тұрғындарына әлеуметтік нысандарды жеткілікті етуге алдын ала жоспар жасауда. Мәселен, апта басында Елордада тұрғындардың қатысуымен өткен жиында қала әкімдігі 2035 жылға дейінгі Қаланың бас жоспарының жобасын талқылады. «Онда қаланың басты маңызды нысандарымен қатар, болашақ әлеуметтік нысандардың орналасуы, халықты қамту деңгейі, қаланы дамыту, халық саны, көлік инфрақұрылымын перспективалы дамыту, 2035 жылға дейін нысандарды бұзу секілді мәселелер» талқыға түсті.
Жалпы бүгінгі күні аталмыш қаланың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажеттілігі сезіліп отыр. Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін деген болжам бар. Алдағы уақытта осы болжамға сай, халықты жан-жақты қамту жұмыстары бүгіннен басталуда.