Астанада 1200-ге жуық азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр
Астана қаласының Жастар сарайында күзгі әскерге шақыру науқанында Отан қорғауға келген азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Алғашқы лек Шекара қызметіне аттанды.
Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Қарулы күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов, ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері, жас сарбаздықтар мен әскерге шақырылғандардың ата-аналары қатысты.
Осы жылдың күзінде елордадан 1200-ге жуық азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр.
30 әскерге шақырылушы биыл құрылғанына 100 жыл толатын Шығыс Қазақстан облысының Зайсан шекара басқармасында мерзімді әскери борышын өтейтін болады.
Іс-шара барысында жас сарбаздықтар шекарашылардың қызметіне арналған көрмемен танысып, олардың күнделікті өмірі туралы бейнероликтерді тамашалады. Ал «Батырлар» әскери-патриоттық орталығының тәрбиеленушілері іс-шараға қатысушыларға қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Шығарып салу рәсімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ансамблі дайындаған концертке ұласты.