Астанада Бауыржан Байбектің әкесіне қатысты сот жүріп жатыр
Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке қатысты Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі іс қаралып жатыр.
Бірінші іс 26 маусымда өндіріске қабылданған. Істі қарау бір күн бұрын, 11 шілдеде бейнебайланыс арқылы өтуі керек еді.
Құжат бойынша Байбектің әкесіне ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша айып тағылған. Осы бап бойынша жер учаскесіне тиісті құқығы жоқ өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе шаруашылық-тұрмыстық объектілерді заңсыз салғаны үшін жауапқа тартылған.
Сонымен қатар, Қыдырғали Байбекке тағылған тағы бір айып – ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының бірінші бөлігі бойынша қаралады.
Сол бап бойынша, кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысқаны, сол сияқты тiркеу, рұқсатсыз әрекеттер (операциялар) жасағаны, сондай-ақ тiркеу, рұқсат ету, хабарлама жiберу талап етiлетiн жағдайларда хабарламаны жiбермегенi үшiн айыпқа тартылады.
Қыдырғали Байбек – Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Еңбек жолын теміржолшы болып бастаған. Соңғы жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін «Алматы қаласының жолаушылар тасымалы» МКҚК бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Айта кетейік, оның ұлы Бауыржан Байбек мемлекеттік қызметке жоғары музыка мектебін бітіріп, мұғалім мамандығы бойынша бірден келген. 2002 жылы бірінші дәрежелі кеңесші дипломатиялық дәрежесін алды.
4 жыл ішінде президент хаттамасының меңгерушісі дәрежесіне дейін көтерілді. Одан кейін «Нұр Отан» партиясынан депутат болды. 2015 жылдың 9 тамызында Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып, оның алдындағы Ахметжан Есімовтің орнына тағайындалды. Ол бұл қызметті 2019 жылдың 28 маусымына дейін атқарды.