Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:55, 09 Желтоқсан 2024

Астанада Болат Мажағұловқа қатысты сот процесі жүріп жатыр

Болат Мажағұлов
Фото: ашық дереккөз

Астанада елордалық мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловқа қатысты сот жүріп жатыр.

Сот кабинетінде жарияланған отырыс материалдарынан белгілі болғандай, Мажағұловқа қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сот процесі жүріп жатыр.Оған қатысты қылмысық іс сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе жымқыру айып тағылған. Бұл бап бойынша он жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкi тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.  

Мажағұловпен бірге бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы – кәсіпкер Мәди Қанапин де бар.

Еске салайық, мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың ұсталғаны туралы ақпарат қыркүйек айының басында шықты. Кейін оны Қаржы мониторингі агенттігі  растады. ҚМА мәліметінше, бұрынғы басқарма басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ұзақ жылдар бойы Астананың мәдениет басқармасын басқарған Болат Мажағұлов 1 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілініп, қамауға алынған. Күдікті ел арасында «Күн» субұрқағы аталып кеткен нысанды салу кезінде аса ірі көлемде бюджет қаржысын қолды қылды деп айыпталып отыр. Себебі, субұрқақтың құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған.