Астанада Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы ашылды

Астанада Cardiff University Kazakhstan ресми түрде ашылды. Бұл – Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы әрі Орталық Азиядағы Russell Group университеттерінің жалғыз өкілі. Бұл оқиға Қазақстан, Ұлыбритания және Уэльс арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, халықаралық білім беру саласында маңызды қадам болып отыр
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти, Cardiff University президенті және вице-канцлері профессор Венди Ларнер, сондай-ақ университеттер мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Cardiff University президенті Венди Ларнер бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екенін атап өтті:
– «Астана қаласында Cardiff University кампусын ашу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің алғашқы халықаралық кампусымыз. Біз қыркүйектен бастап академиялық тұрғыдан студенттердің алғашқы легін қабылдауды асыға күтіп отырмыз. Қазақстанда кампус ашқан алғашқы Russell Group университеті атандық. Бұл – біздің жаһандық мақсаттарымызды жүзеге асырудағы маңызды қадам», – деді ол.
Қазақстан – халықаралық білім беру орталығы
Cardiff University бас операциялық директоры және Cardiff University Kazakhstan директорлар кеңесінің төрайымы доктор Пол Сандерсон Саясат Нұрбектің білім беру саласындағы стратегиясына жоғары баға берді:
– «Мен трансұлттық білім беру саласында зерттеуші ретінде мұндай ауқымды әрі кешенді стратегияны сирек кездестірдім. Бұл стратегия Қазақстанды тек аймақтық қана емес, халықаралық білім хабы ретінде де танытады», – деді ол.
Екі ел арасындағы жаңа бетбұрыс
Ұлыбритания елшісі Салли Аксворти өз сөзінде:
– «Астанада Cardiff University кампусының ашылуына қатысу мен үшін үлкен құрмет. Бұл – Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі. Жаңа кампус қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейдегі академиялық тәжірибеге қол жеткізуге жол ашады», – деп атап өтті.
Университет жайлы
Cardiff University – Ұлыбританиядағы жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін Russell Group мүшесі. QS World University Rankings 2026 бойынша – 181-орында, Complete University Guide 2026 рейтингісінде – 22-орында тұр.
Астанадағы кампус 2025 жылғы қыркүйектен бастап бакалавриат бағдарламалары бойынша студенттер қабылдайды. Бағыттар: компьютерлік ғылымдар, бизнес-менеджмент, азаматтық құрылыс және геология. Сабақтар толықтай ағылшын тілінде өтеді, оқытушылар Cardiff University мен жергілікті кампус мамандарынан құралады.