Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстандағы есірткіге қарсы басты күрескерге әріптестері шағымданған

Данияр Мейрхан
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде Астанада Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрханға қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпарат тарады.

Бұл ақпаратқа байланысты Қазақстанның Ішкі істер министрлігі пікір білдірді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Данияр Мейрхан қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметкерге тиісу фактісі бойынша күдікке ілінді деген мәліметтер тараған. Сондай-ақ оған бағынышты 20 қызметкерден ұжымдық шағым түскені айтылған.

ІІМ мәліметінше, «бірқатар қызметкерлердің өтініштері бойынша материал заңнамаға сәйкес тіркелген».

Ведомствоның хабарлауынша, әрбір өтініш міндетті түрде тіркеліп, тексеріледі. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтау үшін тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Данияр Мейрхан – полиция полковнигі. 2012–2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде бөлім басшысынан басқарма басшысына дейінгі түрлі жетекші қызметтер атқарған.

2023–2024 жылдары ҚР ІІМ Қостанай академиясында бөлім басшысынан академия басшысының орынбасарына дейінгі қызметтерде болған.

2024 жылғы қыркүйектен бастап – ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.

2024 жылғы желтоқсаннан – осы комитет төрағасының міндетін атқарушы.

2025 жылғы қыркүйектен бастап – ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы.