Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:05

Астанада экс-президент Назарбаевтың фотостендтері алынып тасталды

Астана
Фото: Tengrinews.kz

Астананың Сарыарқа ауданындағы саябақтан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосуреттері бейнеленген стендтер алынып тасталды.

Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Бұрын бұл жерде экс-президенттің  суреттері қойылған стендтер тұрған. Басылымның мәліметінше, оқырмандар редакцияға стендтер жоқ екенін көрсететін фотосуреттер жіберген.

Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі стендтердің алынуын саябақтағы Керей мен Жәнібек хандардың құрметіне арналған абаттандыру жұмыстарының басталуымен түсіндірді.

"Жаңарту жұмыстары аясында плакаттары бар құрылымдар демонтаждалуда. Олардың орнына көпжылдық жасыл желектерден тұратын гүлзарлар орнатылады. Бұл экологияны жақсартуға және кеңістіктің жалпы эстетикасын арттыруға үлес қосады", - деп мәлімдеді жергілікті билік өкілдері.

Өткен жылы Астанадағы музейден Нұрсұлтан Назарбаевтың балауыз мүсіні де алынып тасталды. Бұл мүсін 2018 жылы орнатылған болатын. Сол кезде мүсінді алып тастау жұмыстары Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына байланысты көрме залындағы реэкспозициялау шараларымен түсіндірілген еді.

Сондай-ақ, бұған дейін Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан 2020 жылы Назарбаевтың 80 жылдығына орай қойылған ескерткіш те алынып тасталды.

Оған қоса, Алматыдағы метро станциясында экс-президенттің портреті де алынған еді.

Тегтер: