Астанада ер адам жалға алынған көлікті сатып жіберген
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарға сақ болуды ескертеді.
Астанада жалға алынған автокөліктерді сату арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Соның бір мысалы бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Оқиға барысында 35 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Ravon автокөлігін OLX платформасы арқылы жалға алып, күн сайын 10-15 мың теңге төлеуге уәде берген. Алайда көлікті жалға алған соң, белгісіз бағытта жоғалып, кейін оны 3 миллион теңгеге сатып жіберген.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстап үлгерді. Қазіргі уақытта көлік иесіне қайтарылып, күдіктіге қатысты «кетпеу туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарға сақ болуды ескертеді. Алаяқтардың айла-амалдарына алданбас үшін мұқият болыңыз және кез келген күмәнді жағдай туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласыңыз.