Астанада ерлі-зайыпты блогерлер Жанабыловтарға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі бүгін басталады
Істі елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарайды. Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданғанын хабарлаған.
Тергеу дерегіне сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар жұп онлайн-курстар сату арқылы заңсыз табыс тапты деген күдікке ілінген. Мамандардың айтуынша, ұсынылған «курстардың» нақты білім беру құндылығы болмаған, ал жүлде қоры қатысушылар төлеген қаражат есебінен қалыптасқан.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар ұсақ ұтыстардың түсу мүмкіндігін жасанды түрде арттырып, ірі сыйлықтарды алу ықтималдығын шектегені анықталған. Тергеу мәліметі бойынша, жиналған қаражаттың жалпы көлемі шамамен 247,5 млн теңгені құраған. Оның бір бөлігі банктік депозиттерге орналастырылған.
Сот санкциясымен 17 iPhone смартфоны мен 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus және Lexus LX 600 көліктеріне тыйым салынды.