Астанада Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы қызметінен шеттетілді
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан тексеру жүргізілу кезеңінде қызметінен шеттетілді.
Бұл туралы ҚазТАГ жазды.
«Сұрауыңызда көрсетілген тұлға тексеру жүргізу кезеңінде қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Данияр Мейрхан қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметкерге тиісу фактісі бойынша күдікке ілінді деген мәліметтер тараған. Сондай-ақ оған бағынышты 20 қызметкерден ұжымдық шағым түскені айтылған.
ІІМ мәліметінше, «бірқатар қызметкерлердің өтініштері бойынша материал заңнамаға сәйкес тіркелген».
Айта кетейік, Данияр Мейрхан – полиция полковнигі. 2012–2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде бөлім басшысынан басқарма басшысына дейінгі түрлі жетекші қызметтер атқарған.
2023–2024 жылдары ҚР ІІМ Қостанай академиясында бөлім басшысынан академия басшысының орынбасарына дейінгі қызметтерде болған.
2024 жылғы қыркүйектен бастап – ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.
2024 жылғы желтоқсаннан – осы комитет төрағасының міндетін атқарушы.
2025 жылғы қыркүйектен бастап – ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы.